«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алтын бесік

Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында төрт балабақша жұмыс істейді. Солардың бірі “Балдырған” балалар бөбекжайының ұрпақ тәрбиесіндегі үлгі тұтар тұстары көп. “Балдырған” 2005 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылғанда жұрт қуанды. Содан бері балабақшамыз қаншама бүлдіршінді мектеп қабырғасына аттандырды. Өткенге көз салсақ, сондағы алғашқы түлектеріміз бүгінде 9-сыныпта оқиды екен. Ал қазір мұнда 125 сәби тәрбиеленуде.

Балабақшадағы оқу-тәрбие жұмысы мемлекетіміздің жалпыға бірдей стандарттары бойынша жүзеге асырылады. Тәлімгерлер “Алғашқы қадам”, “Зерек бала”, “Біз мектепке барамыз” бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Бүгінгі ұрпағымыз мықты, дені сау болып өсуі керек. Сондықтан мықты, саламатты ұрпақтың іргетасы балабақшада қаланады”, – деген болатын. Осы мақсаттың негізінде балалардың денсаулығын нығайту және шынықтыру жұмыстары өткізіледі, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, “Толағай”, “Көңілді эстафета”, “Әкем, анам және мен – спортты отбасы”, “Мен кішкентай спортшымын” шараларын өткізу дәстүрге айналған.

Мағжан Жұмабаевтың “Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек” деген сөзін де жадымызда ұстаймыз. Тәрбиешілер мен мұғалімдер өз қызметтерінде педагогикалық жаңа әдіс-тәсілдер мен заманауи технологияларды қолданады. Осы жобаларға ата-аналар көрермен ретінде ғана қатысып қоймай, балалармен бірге жұмыс жасайды. Оқу іс-әрекетті өткізу барысында әр тәрбиеші балаларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды енгізуге тырысады. Триз, Монтессори, Воскобович әдістерімен қатар компьютерлер мен заманауи технологиялардың бірі – интерактивтік оқыту технологиясын қолдану балалардың қызығушылығын арттыра түседі. Интерактивтік оқыту технологиясына тіл дамытатын ойын түрлері көп кіреді. Олар жаңа ақпараттардың көмегімен балалардың тілі мен ойын дамытады. Біздің педагогикалық ұжым оқыту түрлерін, әдістері мен құралдарын одан әрі жетілдіріп, тиімді тәсілдерді нәтижелі қолданудың жолдарын іздестіруден жалықпайды. Біздің тәрбиеленушілер және тәрбиешілер аудандық, облыстық және республикалық іс-шараларға жиі қатысады. Ондағы бағындырған шыңдарымыз да аз емес. Республикалық сайыстарда Білім күніне және жаңажылдық іс-шараларға арналған сценарийлер байқауларында екі рет ІІІ орын, “Үркер” марафонында жүлделі орын және “Зияткерлік балабақша” атағына ие болды, “Мәңгі елімізде” байқауында ІІ орынға қол жеткізді. Тәрбиеленушілер бірнеше рет халықаралық “Пони” сайысының жеңімпазы атанды, ал облыстық деңгейде жаңа технологиялар фестивалінде – ІІ орынды, “Ханталапай” байқауында ІІ орынды жеңіп алды.

Қазақ халқының “Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жас­тан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жас­тан кейін досыңдай сыр­лас” де­ген та­ма­ша сөзі бар. Бұл – мағынасы терең философиялық өмір шындығы. Шы­нын­да да, тәрбие сәби дүниеге шыр етіп кел­ген алғашқы сәттен бас­та­луы ке­рек. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады. Баланың тәрбиесі от­ба­сы­нан бас­та­ла­ды десек те, ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуы үшін балабақшаның қосар үлесі зор.

Айжан ХАСЕНОВА,

“Балдырған” балалар бөбекжайының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp