
Осыдан екі жыл бұрын Петропавлда “Алтын бесік” деген атауы көңілден шығатын балабақша ашылғанын естіп, бөбектер отауларының тапшылығынан тығырыққа тірелген кезде жұртшылыққа игілігі тиетін осындай мекенге қуанғанбыз.
Айтса айтқандай, балабақша өзінің атауына сай екенін оның босағасын аттағаннан-ақ аңғардым. Екіқабатты корпусқа келіп кіргенімде тәрбиеші бастап келе жатқан бір топ бүлдіршін мені тап бір күні бұрын тосып тұрғандай, бір кісідей “Сәлеметсіз бе?!” – деп шу етіп қарсы алды. Олармен жылы шырайлы амандасып, мұнтаздай тап-таза, әдемі гүлшоқтары қойылған, кілемше төселген, қабырғаларында мешіттің, “Абылай хан резиденциясының”, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының үлкен суреттері ілінген баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп, балабақша әдіскері Гәкку Нұрмұқанованы әңгімеге тарттым.
Оның айтуынша, бұл ерекше бала-бақшада үштен алты жасқа дейінгі үш жүз жиырма бүлдіршін білім мен тәрбие алады екен. Барлығы он төрт топ болса, соның үшеуі қазақ емес ұлттардың балдырғандарына арналыпты. Демек, сол үш топқа өзге ұлттардың жетпіс бес сәбиі алынып, қазақ тілінде тәрбиеленеді.
Балдырғандарға тәлім-тәрбие беретін ұстаздардың бәрі дерлік осы істе ысылған, білікті мамандар екенін әдіскер талдап айтып берді. Мысалы, балабақша директоры Мәдина Дарбаеваның мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі еңбек өтілі жиырма жылдан асса, Гәкку Байқуанышқызы он алты жыл бойы ұстаздық қызметпен айналысқан екен. СҚМУ-ді 1996 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған ол соңғы төрт жылдан бері мектепке дейінгі мекемеде еңбек етеді.
– Бізде барлығы жиырма бес тәлімгер-тәрбиеші еңбек етсе, олардың көбінің жалпы жұмыс өтілі жиырма жылдан асады. Балабақшаларда бес-алты жылдан бері еңбек еткендер. Олар – университеттің, Мағжан Жұмабаев атындағы колледждің түлектері, бала тәрбиесіне сай мамандық иелері, – деді әдіскер.
Музыка жетекшісі Гүлнар Құсайынова да балабақшалардағы жұмысқа жиырма жылын арнапты.
Осындай ұстаздардан жас тәрбиешілер өз істерінде өнеге алып, балаларды отаншылдыққа, бауырмалдыққа, көпшілдікке тәрбиелеуге бір кісідей жұмылған ұмтылыспен үлес қосуда.
Менің осы балабақшаға ат басын тіреуімнің мақсаты өзге ұлттардың сәбилерінің оқу-тәрбие жайы екенін аңғарған Гәкку Нұрмұқанова бұған анық та нақты түсініктеме бере бастады. Ол алдымен аталған үш топтағы жетпіс бес балаға тәлім-тәрбие берудің жауапты іс екеніне назарымды аударды. Оларда оқыту іс-әрекеті мемлекеттік тілде жүргізілетінін айтты. Бұл балаларды қабылдау алдында олардың ата-аналарымен әңгіменің басын ашып сөйлесіп, сәбилерін қазақ балабақшасына берудегі мақсаттарын анықтағанын, бұл мемлекеттік тілге шынайы ықыластан туған таңдау ма, әлде балабақшаларда орын тапшылығынан амалсыз қадам ба – осыны айырып алған екен. Сәбилердің ата-аналары мәселенің бірінші жағын, яғни заман талабына сай, өздері қалағанын айтқан. Осы орайда қазақ топтарына барып жүрген бір-екі балдырғанды ана үш топқа қосқанда олардың ата-аналары: “Бұларыңыз жөн емес. Біз баламызды қазақшаны жақсы меңгерсін деген ниетпен қазақ тобына берген едік. Қайтадан өз тобына қоссаңыздар екен”, – деп өтініш білдіріпті.
Осы үш топта Жанар Шәріпова, Дина Сақтағанова, Мадина Кеңес, Динара Ғабдуллина, Әсем Артынбаева сынды ұстаздар өзге ұлттың балдырғандарына мемлекеттік тілде тәрбие беру жүгін көтеріп жүр.
Жалпы, “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2012 жылы ашылған балабақша түгелдей жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Мұнда сәбилердің мемлекеттік тілде оқып, тәрбиеленуіне барлық жағдайлар жасалған десе болады. Балалар бес мезгіл тамақтандырылады. Ойнап, тынығады.
“Алтын бесікте” компьютер кабинетінің, екі интерактивті тақтаның балдырғандардың ой-өрісін, таным-біліктіліктерін жетілдіріп, дамытуға тигізер септігі мол.
Сондай-ақ, қазақ балабақшасының әлемдік педагогиканың озық үлгілерін басшылыққа алудағы ұмтылысы назар аудартпай қоймайды. Атап айтқанда, мұнда аса көрнекті итальяндық гуманист-ұстаз Мария Монтессоридің сәбилер мен жеткіншектерге еркін тәрбие беру идеясы басшылыққа алынған екен. Осы жүйе бойынша балалар Монтессори кабинетінде өз ойларын еркін білдіруге, ғаламтануға, біліктілік арттыруға жастай машықтанады. Ал олармен жұмыс істейтін ұстаз-тәрбиешілер Алматыдағы Монтессори педагогикасы аталатын орталықтың мамандары оқытатын арнайы курстан өткен.
– Оқу-тәрбие жұмысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен “Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының” “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ережелерін” пайдаланамыз, – деді Гәкку Байқуанышқызы.
Биыл балабақшадан тұңғыш екі топтың елу бүлдіршіні мектепке аяқ басыпты. Олар Петропавлдың 19-шы шағынауданындағы қалалық қазақ гимназиясына және қалалық классикалық гимназияға оқуға барған екен.
Мен “Алтын бесікте” болған кезде балалар дем алып жатқандықтан, топтарды аралауға мүмкіндік болмады. Алайда, көктен тілегенім жерден табылғандай жағдай болды. Дәлізде қалдырып кеткен аяқкиімімді киюге оқталғанмын (мұндағы қалыптасқан тәртіп бойынша балабақшада сырттан киіп келген аяқкиіміңізді шешіп кетесіз). Сол жерде ұзын бойлы жас орыс азаматының бір қыз баланы киіндіріп жатқанын байқап, әңгімелестім.
– Андрей Дмитриев деген жеке кәсіпкермін. Қызымды осы балабақшаға жақында ғана орналастырдым. Бар болғаны – бесінші күн. Есімі – Мирослава. Үш жарым жаста. Достарымнан осында орыс балаларын да мемлекеттік тілде оқытатынын білдім де, орналастырдым. Ризамын. Балабақша өте ұнады. Баламның болашағын ойлап, оның жастайынан қазақша оқып, тәрбиеленгенін құп көрдік, – деді ол.
– Неге ерте әкетіп барасыз? – деген сауалыма:
– Алғашқы екі күнде жылап қалып жүрді. Үйренісу оңай емес қой. Ал қазір жыламайды. Келесі аптада бейімделіп кетеді. Бірақ тәрбиешісімен осылай, алғашқы күндері сәл ерте алып кетуге келіскенбіз, – деді Андрей Дмитриев.
Өзге ұлттардың жетпіс бес бүлдіршінін мемлекеттік тілде тәрбиелеп отырған балабақшаның айқын айғағы аяқ астынан осылайша алдымнан шықты.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.