“Қазақ” пен “ауыл” сөзі бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдар іспеттес. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ауылдың шаңына аунап өсіп, дүйім елдің мақтанышына айналған тұлғалар аз болмаған. “Ауыл – алтын бесік, құт-берекенің ордасы” деп қадірлейтініміз де сондықтан. Біздің өңіріміз әу баста Алла тағала еншісіне кие мен құтты қатар дарытқан қасиетті топырақтардан кенде емес. Әсіресе, облысымыздың Ғабит Мүсірепов атындағы ауданына қарасты Шұқыркөл ауылы – тарихта өшпес іздері қалған сайдың тасындай небір сайыпқырандардың мекені.
Табиғаты таңғажайып, ақ қайыңдары әсем арудай сылаңдаған Шұқыркөл біртуар тарландарды әлдиледі. Мемлекет және қоғам қайраткерлері – Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков, ұлттық әдебиеттану ғылымында үлкен із қалдырған көрнекті ғалым, сыншы, аудармашы Айқын Нұрқатов сынды перзенттерді туған топырақ шын мәнінде киелі, қастерлі. Қазақтың аспанында шоқжұлдыздай жарқыраған дараларды өмірге әкелген алтын бесік – Шұқыркөл ауылына табан тіреу, ондағы жұртшылықпен жүздесу көптен бері көкейімізде жүрген ой еді. Жақында түтіні түзу ұшқан, шаттыққа толы шаңырақтары басым елді мекенге сапарлап қайттық.
Жасыратыны жоқ, егемендікті еліміз енді еншілеген тоқсаныншы жылдары көп ауылдардың тұрмыс жағдайы қиын болды. Тұралаған кәсіпорындар, істен шыққан зауыттар, талан-таражға түскен шаруашылық кешендері “шықпа, жаным шықпаның” күйін кешіп отырған көп ауылдарды күйзелтіп жіберді. Осы сияқты қиындықтар шұқыркөлдіктерді де сырт айналып өтпеді. Сонау кеңес заманы кезінде екі жүзден астам үй түтін түтетіп, берекесін тасытқан ауылдың іргесі нарық келіп, есік қаққанда сөгілуге жақын қалды. Алдымен ауылдың сәні – Мәдениет үйі, іле-шала ұлы Абайдың атын еншілеген екіқабатты мектеп-интернат, тұрғын үйлер сияқты өзге де нысандар мен ғимараттар “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кетті. “Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан” елең-алаң жылдардың өтпелі қиындығын бас пайдаларына жаратуды ойлаған кейбір пысықайлар ұрымтал сәттерді ұтымды пайдаланып, ұпайларын түгендеп алды емес пе? Ауылдағы зәулім мектептің осындай пиғылды бір азаматтың меншігіне айналғаны жергілікті тұрғындардың көңілдерін әлі күнге дейін құлазытып жүр.
Кешегі күнінен бүгінін артық санайтын шұқыркөлдіктер қазіргі таңда бірқабатты ескі мектепті жандарына медет тұтып отыр. Айқын Нұрқатов атындағы орта мектепте жүзге жуық бала білім алуда. Мектеп директоры Салтанат Разақовамен әңгімелесу барысында білім ордасының бүгінгі ахуалы, ұрпақтар сабақтастығы жайында сұрадық:
– Оқушыларымыз айтулы жетістіктерімен қуантып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары ұпай жинап, республикалық додаларда топ жарып жүрген балалар баршылық. Өлең жазуға құмар, әдебиетке әуес өрендердің шағын жинақтары да баспа бетін көріп, өз оқырмандарымен табысып жатыр. “Шырайлы аты елімнің, қасиетінде жерімнің” атты облыстық байқауда бас жүлдені еншілеген Жанерке Жеңісова есімді оқушымыздың жеке кітапшасы жарық көрді. Ұлт руханияты мектептен бастау алады емес пе? Осындай игі істердің жүзеге асырылуына мектеп мұғалімдерінің қосып отырған еңбектері орасан, – дейді Салтанат Разақова.
Шұқыркөл ауылдық округіне қарасты үш елді мекенде (Шұқыркөл, 15 жылдық Қазақстан, Қарағаш) 173 үй бар. Оларда 498 адам тұрып жатыр. Қиын кезеңдердің өзінде іргесі сөгілмеген ауыл бүгінде жаңа заманның көшіне ілесті. Ғасырлар тоғысынан бастап еліміздің экономикасының құлдырауы тоқтап, еңсе көтере бастады ғой. Мұны шұқыркөлдіктер де сезінді. Несібелерін жерден тауып отырған тұрғындардың біразы ең алдымен техникаларын жаңалап алған екен. Әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуінде де серпін бар. 1995-2000 жылдары қаңырап қалған клуб, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттарының бірнешеуі жағдай біршама түзелген кезде қайтадан жанданып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді бастапты. Фельдшерлік-акушерлік пунктте жедел медициналық жәрдем көлігі бар. “Бұл, әсіресе, науқас қарт кісілердің, балалар мен жүкті әйелдердің өз денсаулықтарын дер кезінде қорғауға, қадағалауға таптырмас мүмкіндік болып отыр”, – дейді жергілікті тұрғындар.
Ауылдың табиғаты да, қайнаған тыныс-тіршілігі де шаруашылықпен тығыз байланысты. Тұрғындардың негізгі кәсібі де, асыраушысы да – мал мен егін шаруашылықтары. Ауылдық округтің әкімі Әрсен Базаров мұны шұқыркөлдіктердің жыл өткен сайын түсініп келе жатқанын, соған сәйкес еңбек етуге деген құлшыныстың артқанын қуанышпен айтады. Ауылдың еңбекке жарамды кез келген тұрғыны қол қусырып қарап отыруды ұят санайды. Тұрғындардың біразы “Атамекен-Агро-Шұқыркөл”, “Бірлік Қазақстан” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен сегіз шаруа қожалығының төңірегіне топтасып, нәпақаларын тауып жүр. Одан өзге “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіп ашуға ниетті жандардың саны артып келеді. “Қиын-қыстау жылдары туған жерін тастап, қалаға қарай ағылған жұрттың біразы жағдайы жақсарып, тіршілігі оңалған ауылдарына қайта көшіп келуге ниетті. Ауылдың халқын көбейту – негізгі міндет. Алайда, бос үйлердің болмауы қолбайлау болып отыр, – деген Әрсен Исатайұлы алдағы жылдары жаңа үйлер салудың күн тәртібінде тұрғанын тілге тиек етті.
“Атамакен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС-і жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбеккерлердің дені – жастар. Кәсіпорын басшылығы осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің демеуқаржысы арқылы мұхиттың арғы жағынан 150 бас Абердин-ангус тұқымдас торпақ сатып алыпты. Мал асылданбай, төл көбеймейді. Бүгінде олардың саны мыңнан асып жығылған. Әрқайсысының салмағы 700-800 килограмм тартады екен. Серіктестіктің мал дәрігері Қанат Әбілмәжінов ірі қараның бұл түрінің суыққа да, ыстыққа да бірдей төзімді екенін айтады. Сондықтан олар қыс мезгілінде ашық шаруашылық кешенінде, ал жазда жайылымда бағылады.
Серіктестік екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүрген жастарға барынша жәрдемдесіп келеді. Бұған ауыл ақсақалдары да дән риза. “Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” демекші, бұрындары ішкілікке салынып, көше кезіп жүрген жастар жиі кездесуші еді. Бүгінде ондайлардың қатары сиреді. Бәрінің жұмыстары бар. Ай сайын еңбекақы алып, отбасыларын жайлы өмірмен қамтамасыз етіп отырса, ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсарғаны осы емес пе? – дейді ардагер-ұстаз Екпін Сейтенов.
Жастар демекші, ауылдық әкімдік ғимараты жанындағы “Жастар бастамалары орталығына” көзіміз түсті. Аудан әкімінің қолдауымен биыл ашылған орталық ауыл жастарын толғандырған мәселелерді жүйелі шешумен айналысады. Өрендердің бос уақыттарының дұрыс өткізілуі де ұтымды ойластырылған. Аптасына бір рет, сенбі сайын өткізілетін би кештері, көңілді тапқырлар клубының ойындары ауыл жастарының рухани өмірлерінің жақсаруына жол ашуда.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында елді мекенге келіп, еңбек етуге ынталы жас мамандардың шоғыры көп болмағанымен, бағдарламаның мақсат-міндеттеріне терең бойлап, қызығушылықпен қарайтын үміткерлер баршылық. Былтыр бір түлек “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша бірреттік көтерме жәрдемақы алып, жұмысқа орналасса, биыл Шұқыркөлдегі орта мектеп екі жас мұғаліммен толықпақ.
Ауыл тұрғындары қашаннан еңбегімен ерекшеленген. Өйткені, елді мекендердің тұрмыс-тіршілігінің өзі еңбекті, маңдай терді талап етеді, тынымсыз тірлікке мәжбүрлейді. “Шұқыркөлде жұмыссыз жүрген адам аз. Олар қыстың қамын жазда ойлауды үрдіске айналдырған. Жас келіндер жағы малдың сүт, ет, жүн сияқты өнімдерін ұқсатып, шаңырақтарының шаттығын асырып отыр”, – деген Екпін ақсақалдың бұл сөзі бізді де мерейлендірді. Дегенмен де, көп елді мекеннің жүректерін ауыртып тұрған таза ауыз-судың болмауы мен ойқы-шойқы жол жағдайы шұқыркөлдіктерді де қатты алаңдатады. Әсіресе, тұрғындар қыстың қаһарлы аязында аудан орталығына қатынайтын жолдың қар астында айлап жататынына наразы. Бір ақсақалдың “Бұл жол дегеніңіз ауылдардың жұты болып тұр ғой”, – дегені еліміздегі елді мекендердің біразының түйіні шешілмеген мәселелері бар екенін аңғартса керек. Шаруашылығы бір жолға қойылған шұқыркөлдіктер жолдың да жөнделетінінен күдер үзбек емес.
Елде болса, ерінге тиеді демей ме? Бұл табиғаты әсем, ауасы жұпар Шұқыркөл ауылдық округіне жолсапармен барып қайтқандағы түйген ойымыз.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.