«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫН ДЕСЕ, АЛТЫН

Алтын Қазбекова Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында қызмет етеді. Ол онда материалдық үстел бухгалтері міндетін атқарады. Өз қызметі өзіне ұнайды, онда бәрі қатаң тәртіпте орындалады, материалдық мүліктердің есебін жүргізеді және сақталуын қадағалайды.

Алтын өзінің әскери мамандықты жастайынан жақсы көргенін айтады. Десе де, оның оған шын көңілмен бетбұрыс жасауына кіші інісі Дәулеттің себепкер болғанын жасырмайды. Інісі 5- сыныптан бастап Астана қаласындағы “Жас ұлан” әскери училищесіне қабылданып, орта білімді содан алып шықты. Одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы әскери академияға түсіп, оны өткен 2014 жылы тамамдады. Қазір Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери құрамасында қызмет етуде. Көз алдында әскери киімде өсіп, ержеткен інісіне қарап, өзінің де осы қызметке бүйрегі бұра бастады.

Бүгінгі әскери қызметші Алтын Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында туған. Орта мектепті Мамлют ауданында бітірді. Сосын Қазақстан-Ресей университетінің қаржы факультетінде оқып, оны 2009 жылы сәтті аяқтады. Алғашқы еңбек жолын қаладағы №32 мектепте сатып алу жөніндегі менеджерліктен бастады. Онда өткен бірер жылда есеп жүргізу, қолдағы бар материалдық құндылықтарға бақылау жасау тәжірибесін алғаны рас. Сөйте жүріп талпынып, ұмтылудың арқасында ақыры әскери қызметке де қолы жетті. Азаматтық қызметтегі іс-тәжірибелері қазір кәдеге жарап отыр. Бухгалтерлік жұмысты бірден үйіріп әкетті десе болады. Ақжарқын әрі жайдары мінезімен көбінесе ер адамдар қызмет ететін ортаға тез үйреніп кетті. Бүгінде өз денесіне қонымды әскери киіммен жүретін Алтын інісінің жолын басып, арманының орындалғанына қуанышты.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Алтын Қазбекова.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp