
Қазақта “бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деген сөз бар. Өйткені, отбасында әкенің орны ерекше. Алып бәйтеректей әулетке сая болған әкемді мен де мақтан тұтамын. Ұл-қызын махаббат пен мейірімге бөлеп, біздерге қамқор болған асқар тауымыз адамгершіліктің, тектіліктің үлгісін көрсетті. Ол бізді өмір жолында адаспау үшін еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, білімді болуға шақырды. Өзі де саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз еді.
Сайлыбай Айтбаев 1936 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданына қарасты Жарқайың ауылында дүниеге келді. Талай адамның жанына қайғы, жүрегіне өшпес жара салған сұм соғыс бұл отбасының да басына қара бұлт үйірді. Атамызға топырақ майдан даласынан бұйырды. Әжеміз қиындыққа мойымай Оразбике, Сайлыбай, Жұмабике үшеуін ешкімнен кем қылмай өсірді. Дегенмен, жастайынан жетімдік көрген әкемнің балалық шағы ауыр болды. Ерте есейіп, бұғанасы қатпай еңбекке араласты. Сол жылдары Сайлыбайдың ғана емес, өзге де соғыс балаларының көрген азабы мен қиындығы аз емес еді.
Асыраушысынан айырылған отбасы жоқшылықтың азабын әбден тартқан. Аяқ киімнен жүдегені соншалық, башпайлары бүрісіп қалған. Әкемнің аяғында қалған тыртық сол қатал тағдырдың, өткен күндердің белгісіндей еді. Киерге киім, ішерге ас таппай қиналған сәттері көп болса да, ешкімге мұңын шаққан емес. Керісінше, біздің жігерімізді қайрап отыратын. Өзі де ерік-жігері мықты, қайратты жан болатын. Десе де, өткен күндерді сөз еткенде, жүзінен бір мұңның табы аңғарылатын. Бірақ ол талай бейнет кешсе де, бейбіт күннен, жарқын өмірден үміт үзген жоқ. Кеудесіндегі үміт сәулесі алға жетеледі.
1955 жылы мектепті тамамдап, Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтта білім алды. Кейін елге оралды. Кір жуып, кіндік кескен ауылында бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. Қанша баланың зейінін ашып, білім дәнін екті. Бертінге дейін оқушылары ұстаздарын ерекше қадірледі. Кейде ол шәкірт пен ұстаз арасындағы осынау жарасымды сыйластықтың алтын арқауы үзілгеніне қатты күйінетін.
“Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер” демекші, жыл сайын шәкірттері келіп, әкемді қуанышқа бөлейтін. Оқушыларын көргенде балаша қуанатын, жүзі жадырап, езуіне күлкі үйірілетін. Күнделікті күйбің өмірде көпшілік мән бермейтін бұл көрініс әкемнің бақытты сәттерінің бірі еді. Ұлағатты ұстаздан тәлім-тәрбие алған сол балалар бүгінде биік шыңдарды бағындырды. Барлығы да еліміздің өркендеуіне үлес қосып, өмірде өз орындарын тапты.
Ол шәкірттерінің жетістігіне марқайып, мақтанышпен айтып отыратын. Біздің де бойымызға асыл қасиеттерді сіңіруге тырысты. Анам Наушамен 60 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүрді. Ата-анамыз отбасында ұрыс-керіске, айғай-шуға жол бермеуге тырысатын. Үш қыз, бір ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеген әкемнен адалдық пен қамқорлықты, шынайылықты үйрендік. “Әкең келе жатыр” деген анамыздың бір ауыз сөзіне елеңдеп қалатынбыз. Бізді қабағымен ғана бағып, тәрбиенің тамаша үлгісін көрсеткен ата-анамыздың бір-біріне деген құрметі де шексіз болатын. Отбасында осындай тәрбиені бойымызға сіңірген әке-шешеміздің көрегенділігі мені әлі күнге дейін таңғалдырады. Балаларының алдында беделді болған әкем ел-жұртқа, ағайын-туысқа, құда-жекжатқа да сыйлы, қадірлі еді.
Өмірі өнегеге толы Сайлыбай Қаршенұлы ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін талай құрмет пен марапатқа ие болды. “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл”, “Еңбек ардагері” медальдарын кеудесіне жарқыратып тағып алатын. Сол кезде менің бойымды әкеме деген мақтаныш сезімі билейтін. Әр бала үшін өзінің ата-анасы қымбат. Алтын діңгегіміз аман болса, содан асқан бақыт бар ма? Алайда, көп нәрсенің қадірін кеш түсінетініміз өкінішті. Әке ақылын тыңдап, ананың аялы алақанының жылуын сезінгенге не жетсін?! Ешкім де мәңгілік емес. Асқар таудай әкеміз де жалған дүниемен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанды. Амал нешік?! Әулетінің ақылшысы болған қазыналы қарттың бүгінде орны ойсырап тұр.
Есейіп кетсек те, ата-анаға деген сағыныштың орны бөлек екен. Құдайға шүкір, анамыз бала-шағасының ортасында бақытты қарттық кешуде.
Шайтас АЙТБАЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.