Перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бақытын баласынан іздеген ананың орны қашан да бөлек. Халқымыздың бұл асыл қасиеті ғасырлар бойы аңыз-әңгімелерге, жыр-дастандарға арқау болды. Немере-шөберелерінің ортасында бақыттан жүздері бал-бұл жайнаған қарт-қарияларды көргенде, бүгінгі ұрпақтың да ата-анаға деген ыстық ықыласының ортаймағанын көріп, қуанасың. Өмір жолында талай қиындықтарға тап болса да, тағдырдың сынына төтеп берген көпбалалы ана, ағайын-туысқа қадірлі Зұлқия Тайжолова осындай бақытқа лайық жандардың қатарында.
Көнекөз қарияның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келіп, көптеген ауыртпалықтарға толы болды. Жоқшылық жайлаған кез емес пе? Отағасы үш сәбиіне жейтін азық табу мақсатында таңғы бестен егіс алаңына кетіп, күн батқанда бір-ақ оралады екен. Шаңыраққа ие болып қалатын Зұлқияның анасы қол қусырып отырмай, жоқтан бар жасап, балаларының таза, ұқыпты болуына көп мән беріпті. Зұлқия Қожағалиқызы сол кездерді былай еске алады: “Соғыс кезі ғой. Кімнің тойып ұйықтаған кезі болды дейсің. Бірақ әкем де, анам да еңбекқор жандар болатын. Жалғыз сиырымызға жемшөп әзірлеп, соның сүтінен дәмді тағамдар жасайтын. Бидай үгетін жердің топырағын қапқа салып әкеліп, үйде елеп, түскен дәнді теретін. Әкем біздің тамағымыздың тоқ болғанын қалап, тыным таппастан егіс басында апталап жұмыс істейтін. Қара суықтарда далада қонған кездері де көп болды. Соның салдарынан ол өмірден ерте кетті”.
Сәби кезінен еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын ұғынып өскен Зұлқия Тайжолова 16 жасында Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тумасы Орал Балқайұлына тұрмысқа шығады. Бойжеткеннің жақсы отбасында тәрбиеленгені бірден байқалады. Үйдің берекесін келтіріп, жұбайына ақылшы бола білді. Жастығына қарамай, ауыр еңбектерді де атқарды. Дүниеге 12 бала әкелген батыр ана өткен ғасырдың 80-інші жылдарында мал қоралардың іші-сыртын бүтіндеп, ауыл әйелдері арасында үздік еңбегімен танылған. Бұдан кейін жаз айларында ат-арбамен ауылдағы үш көшені аралап, сүт жинап, кеңшарға тапсырды. Жауын-шашынға қарамастан, берілген тапсырманы уақтылы орындай білген қарияның еңбексүйгіштігі өзге жұмыстарда да көрініс тапты. Әсіресе, ауылды көркейту ісіне едәуір еңбегі сіңді. Кеңшар жұмысын жандандыруда толайым табысының арқасында медальмен марапатталған. Отбасындағы міндеттерін де абыроймен атқара білді. Көпбалалы отбасындағы балалардың бір-біріне қарайласып, бауырмалдықта өсетіні белгілі ғой. Жүрегі мейірімге толы ана ұл-қыздарын үнемі бір-біріне жанашыр болуға шақырумен қатар ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулыды.
Кеңес өкіметі тұсында Ақтас ауылының комбайншысы Орал Тәттібаевтың есімі бүкіл облысымызға танымал еді. Ол еңбекқорлығының арқасында өз қатарының алды болып, үздік комбайншы атанды. Тапсырысты межелеген мөлшерден асыра орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Осы еңбегі үшін 12 баланың әкесі “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталды. Бір орақта 11 мың центнерден астам бидай жинап, мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Орал Балқайұлы ерен еңбектің үлгісін көрсетумен қатар ұл-қыздарына жақсы әке бола білді. “Әкем отағасы деген атқа лайық ер-азамат еді. Біздің бойымыздан жаман қасиеттерді байқап қалса, жанына алып, ақылын айтудан жалықпаушы еді. Жұмыстан шаршап келсе де, әрқайсымыздың сабағымызды тексеріп, таза жүруімізге көп мән беретін. Әкеге деген құрметіміз ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрғанымен, қас-қабағынан бәрін түсініп, қаһарынан сескенуші едік. Әке тәрбиесі деген осы емес пе?!” – дейді Орал Балқайұлының үлкен ұлы Әділ Тәттібаев. Әкенің баласына қалдыратын ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі емес пе? Тәттібаевтар отбасының ұл-қыздары бүгінгі күні жеке-жеке шаңырақ болып отырса да, сол мұраға қиянат жасамауға тырысады. 81 жасында бақилық болған әкелеріне Құран бағыштап, оның қандай адам болғанын өз балаларына айтып отырады.
Кез келген адамның жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де анадан тарайды. Зұлқия анамыз да осы қасиеттерді өзінің ұл-қыздарының бойына сіңіре білді. “Әкем мен анам отбасы татулығы бірлікте деп ұдайы айтып отыратын. Жастайымыздан екеуінің бір-біріне қабақ шытып, ренжіскенін көрмедік. Тіпті ағайын-туыс, көрші-қолаңмен шәй десіп көрген емес. Мұнысының өзі біз үшін үлгі боларлықтай. Барлығымызды жастайымыздан білімге баулып, еңбекке тәрбиеледі. Сабақ үлгерімімізді кезектесіп қадағалайтын”, – дейді қызы Гүлгүл.
Аяулы ананың құрсағынан тараған балаларының кейбірі әке жолымен үздік комбайншылардың қатарынан көрінсе, ұстаздық етіп, денсаулық сақтау саласының маманы атанғандары да бар. Осылайша беделді қызметтер атқарып, әке мен ана жолын жалғастыруда. Ешбір қиындықтан қаймықпаған қайсар ана – ұл-қыздарынан 26 немере мен 19 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. “Қариясы бар үйдің – қазынасы бар” деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Көненің көзі саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі шежірелі кітап сынды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.