«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН ЖҰЛДЫЗЫ” ЖАРҚЫРАҒАН АЗАМАТ

Ұлы Отан соғысы басталғанда 4-5 жаста ғана болған Мағауия Алазұлының балалық шағы ауыр тұрмыс жағдайында өткендігі айтпаса да түсінікті. Жалғыз ұлына соғыстан қайтпаған әкесін жоқтатпаймын деп жанұшырған анасына қолғанат болуды ойлаған ол тез есейді. Бұғанасы қатпаған балғын жасынан жұртпен қатар масақ теріп, соқа тартқан өгізді айдап, анасына отын-су тасып, жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамай өскен оның бойында еңбекқорлық қасиеттің қалыптаспауы мүмкін емес еді.

Дала төсіндегі еңбекке ерте араласқан бозбала ер-азаматқа тән еңбек жолын шынжыр табан тракторға тіркелген соқаның басын ұстаудан бастайды. Ол кезең 1954 жылмен тұспа-тұс келген екен. “Еңбек ширатады, өмір үйретеді” деген емес пе, ол өз бақытын еңбектен тапқанына риза.

– Мен жұмысбастылықпен сегіз баламның қалай ержеткенін де байқамай қалыппын. Таңмен таласа тұрып, жұмысқа аттанғаннан күн батқанда отбасыма оралған кезде балалар тәтті ұйқыда жататын. Олардың тамағы мен киімін тауып бергенге мәз болып, еш алаңсыз жұмыс істей беріппін. Енді, міне, немерелерімді қолыма алған кезде ебім келмейтін сияқты қобалжимын, – деп алдында тоңпаңдап жүрген екі жасар немересіне мейірлене қарады.

Мағауия Алазов бұрынғы Совет ауданының Үшқызыл елді мекенінде туған. Өзінің туып-өскен елді мекенінен отбасылық жағдайға байланысты 1960 жылы бұрынғы Бескөл ауданына қарасты “Новоникольское” кеншарына қоныс аударған. Алты жылдан кейін аталмыш кеңшарды бүгінгі Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко басқарады. Соның тұсында Мағауия Алазов бұл ауылдан шыққан жалғыз Еңбек Ері болатын.

“Ердің атын еңбек шығарады” дегендей, Мағауия Алазов 1970 жылы Ленин орденімен, 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Кезекті бесжылдықтың қорытындысы бойынша 1981 жылы Қазақстан Республикасының 50 еңбеккері Социалистік Еңбек Ері атанған. Сол жылдары еңбектің қазанында қайнаған қайсар мінезді Мағауия Алазов та “Алтын Жұлдызды” кеудесіне тағыпты.

– Мен үйде жайбарақат жүрген едім. Түнделетіп келген Покровкада тұратын бажамның көңіл күйі көтеріңкі еді. Ол табалдырықты аттаған бойда: “Сен өзің туралы жаңалықты естімеген сияқтысың?” – деп маған таңырқай қарады. Мен оған түсінбеген кейіппен қарасам керек: “Саған Социалистік Еңбек Ері атағын беріпті”, – деді бірден. Әзілдесе беретін бажамның сөзіне сене қоймағаным анық. Ал шындығына ертеңіне Мәскеуден жеделхат жеткенде ғана иландым. “Алтын Жұлдызды” Дінмұхамед Қонаевтың қолынан алдым.

Мағауия Алазұлы 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа шықса да, тағы төрт жыл жұмысын жалғастырған.

– Сүйіспеншілікпен атқарылған еңбек адамның өмірін мәнді етеді. Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы, қарағым. Жалпы адамды қартайтатын еңбек емес, жүйке. Жұмыстан шаршап келген кезде отбасыңда ырыс-береке сезілмесе, еңбек өнбейді. Құдайға шүкір, бүгінде 56-шы жыл бірге отасқан зайыбым Райхан менің өміріме көп жеңілдік жасады. Ол балалардың тәрбиесі мен шаңырақ шуағын өз қолына алды. Сондай-ақ, қасыңда бірге жүріп, жұмыстың ауырын бірге көтеретін замандастарың мен достарың болмаса, тағы да бос әурешілік. Сондықтан “Алтын Жұлдыз” менің төсіме тағылса да, оған талайдың еңбегі сіңген, – деді Еңбек Ері.

Мағауия ақсақал әңгіме арасында бүгінгі жастардың еңбекке талғамы мен көзқарастарына қарны ашатынын да жеткізді.

– Ер-азаматқа ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру жарасқан ба? Байқаймын, жұмыстың жоқтығын сылтауратып, отбасының жағдайын жасамайтындар бар. Мен аға буынның өмір соқпақтарын айтып, аяушылық тудырайын деп отырған жоқпын. Бірақ, біз науқан кезінде шаң-тозаңның астында, желдің өтінде, баяу қозғалатын техниканың рулін күн-түні ұстап, жұмыс істедік. Отбасымызды асырауды өзімізге міндет санадық. Қазіргі техника адам еңбегін әлдеқайда жеңілдеткен. Еңбекке қорқыныш болмауы керек. Керісінше, жалқаудың қылығынан жиіркенген жөн, – деді ол.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp