«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫН КӨПІР

“Шайы, сиса, асыл қылыш – елдің көркі,
Ер жігіт жауға аттанған елдің көркі.
Жарасар əрбір нəрсе  өз сəнімен,
Аққу құс – айдын шалқар көлдің көркі.
Гүл шешек орман өсіп желкілдеген,
Биік тау, асқар төбе жердің көркі
Ағайын бір уақыт жақсы болса,
Сонымен табылады  елдің көркі”, –
деп жырлап өткен өз заманының заңғары – Шал ақынның туған жері­н бетке алып жүйткіп келеміз.

Аудан орталығы Сергеевка қаласына жақындай түскен сайын талай арыстарды дүниеге әкелген қа­сиет­ті мекеннің тұрғындары бізді қалай қарсы алар екен деген ой одан бетер мазалай түсуде. Газетімізге жанашыр, таңның атысы әр нөмірін тағатсыздана күтіп отыратын оқырмандарымызбен кездесу қолына қалам ұстап, өмірін газет­пен байланыстырған әр журналист үшін қашанда аса бір жауапты сәт десек, артық айтқандығымыз емес. Бұл сапарымыздың басты мақсаты – Қызылжар жұртшылығы­ның рухани тірегі – “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында оқырмандармен кездесу.
Аудандық Мәде­ниет үйінің кең залына жиналғандардың көңілдері мәрт, жүздері шат көрінді бізге. Мәдениет үйінің залы халыққа лық толы. Кездесуге газетіміздің жанашыры, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Шәкенов бастаған белсенділер, аға буын өкілдері мен жастар, ұстаздар мен түрлі мекемелердің қызметкерлері жиналған екен. “Қарашаңырақ” деген атауға ие болған халықтың сүйікті басылымы “Soltústіk Qazaqstan” га­зетіне деген құрметіміз ешқашан ортаймайды. Әр кезеңде тарихшылар, ұстаздар мен ақын-жазу­шылар қызмет атқарған тамаша ұжым­ның арқасында ол ең алғаш­ рет “Кедей сөзі”, кейін “Бостандық туы” деген атаумен жарық көрді. Ата-әжелеріміз тағатсыздана күтетін байырғы басылым сол кез­дің өзінде-ақ қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына орасан зор үлес қосты. Ағартушылық бағытта жұмыс жүр­гіз­ген қаламгерлер көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына да арнады. Кейін атауын “Ленин туы”, “Soltústіk Qazaqstan” деп өзгерткен басылым қолдан-қолға өтіп, ауылдан-ауылға жетіп, оқылды. Бүгінгі күні де оның көтерген мәселелері мен тақырыптары ең бірінші кезекте халық мүддесіне бағытталған”, – дей келе Бағдат Қарақанұлы мұндағы жұртшылық­тың газетке деген ілтипатының зор екендігін мақтанышпен айтып өтті.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов жылы жүздесу барысында алдымен газеттің тарихына қысқаша тоқталды. Қарашаңырақ – әдебиеттің ажарына айналған тұлғаларды тәрбиелеген орын. Өзінің тарихында “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаумен шығып, 1993 жылы “Сол­түстік Қазақстан” газеті болып өзгерді. Бүгінде оның атауы латын әріптерімен жазылуда. Басылым талай жылдан бері өңір мен өмір құбылысын боямасыз өрнектеп ке­леді. Жарасбай Қабдоллаұлы айтып өткендей, газетіміз о бастан халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды, ел арасындағы түйткілді мәселелерді шешуге атсалысуды негізгі міндеті санайды. “Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов сынды Алаш жұртының асыл перзенттері іргесін қалаған “Soltústіk Qazaqstan” газеті өмір көшіне ілесіп, заман тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеп, ел-жұртының мақсат-мүддесіне қызмет етуде. Газетіміздің әр кезеңінде қазаққа танылған марғасқалар, атап айтсақ, Әлжаппар Әбішев, Ди­қан Әбілев, Әбділда Тәжібаев, Сафуан Шәймерденов сияқты артына үлкен мұра қалдырған қаламгерлер қызмет етті. Мұны біз мақ­таныш етеміз. Осындай ардақты азаматтар еңбек еткен басылым келесі жылдың ақпан айында өзінің 100 жылдығын атап өткелі отыр. Газет ғасырлық ғұмырында халықтың сауатын ашуға, ішкі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге, жалпы айтқанда, елінің өркендеуіне өз үлесін қосып ке­леді. Ілгері басқан уақыттың көшіне ілесіп, бүгінгі күнге үлкен абыроймен жетіп отырған, қай кезеңде де ұлттың сөзін сөйлеп, еңсесін тіктеуді мақсат тұтқан басылымның таралымын көбейту – баршамызға ортақ міндет”, – дей келе, Жарасбай Сүлейменов жерлестерінің шешуші сәтте бұрынғы дәстүр бойынша жанашырлық танытатынына зор сенімін білдірді.
Расында да, еліміздің мақтанышына айналған Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов сынды асыл перзенттердің жолымен бүгінгі күні де газет журналистері, ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажынан туындаған мәселелерді шешуге, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға ден қойып отыр. Мәселен, басылымның қоғамның өзекті тақырыптарын қозғайтын айдарлары мен арнайы беттері аз емес. “Tolǵandyrar taqyryp”, “Tіrshіlіk túıtkіlderі”, “Ahýalyń qalaı, aýyl?”, “Bul qalaı?” сынды айдарлар арқылы газет тілшілері халықтың көке­йінде жүрген түрлі сауалдарға жауап іздеуге ұмтылады. Сондай-ақ, газетіміз “El bolam deseń, besіgіńdі túze!”, “Rýhanııat”, “Tіl taǵdyry – el taǵdyry” атты айдарлары ұлттық болмыс, рух, сана-сезім қалыптастыруға бағытталған. Журналист – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Редакция ұжымы осы міндетті де абыроймен атқарып келеді.
Жиынға қатысушылар қазақ тілінде тарайтын жалғыз облыстық басылымның таралымы жыл санап кеміп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Кейінгі уақытта қалың жұртшылық газет, кітап оқуды қойып, керегін ғаламтор беттерінен іздеуге көшті. “Соңғы кезде жас буын интернет технологияларға шектен тыс әуестене бастады. Бұл олардың денсаулықтарына әсер етіп, тіпті түрлі ауруларға алып ке­луде. Бесіктен белі шықпаған сәбилердің өзі интернетке тәуелді болуда. Осы­ның кесірінен жас ұрпақтың көзі мен есту қабілеті нашарлап, жапа шегуде. Бұдан басқа да кесірі қаншама?! Бүгіннің өзінде отбасындағы берекесіздік, қоғамдағы алаяқтық пен қаскүнемдік тәрбие бермейтін, алыпқашпа әңгіменің ордасы интернеттің кесірінен туындап отырғаны жасырын емес.

Сондықтан біз, әсіресе, аға ұрпақ өкілдері, ұстаздар ғаламтордың зияны жайында жиі айтып, оның орнына кітап немесе газет оқу әлдеқайда пайдалы екендігін санаға құюға тиіспіз. Қазіргі кезеңде өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің ақпа­рат­тық мәдениетін қалыптастыруға газет арқылы ықпал етуге тырысамыз. Бірінші кезекте, жастардың са­налы азамат болып қалып­тасуы үшін тәр­биелік маңызы зор мақалаларды беруге талпынамыз. Газет қашанда лайықты сөзімен халықтың ақылшысы болған. Ұрпаққа дұрыс жол көрсеткен. Сондықтан біз ел ішіне де шығып, ұлтымыздың үлкен құндылығы газеттің маңызы жайында айтудан жалықпаймыз. Жергілікті тұрғындар осындай кездесулерімізден ой түйіп, басылымға жазылу арқылы игі іске бір кісідей жұмылса екен”, – деген газет басшысы Жарасбай Қабдоллаұлы өз жерлестерін белсенділік танытуға шақырды.
Сергеевка қаласының тұрғындары да интернеттің кесірінен бүгінгі ұрпақтың ұлтымызға тән асыл қасиеттерден бой жазып қалып жатқанына қынжылыс білдіруде. Шал ақын ауданының тұрғыны, газетіміздің байырғы оқырманы Хамит Наймановтың пікірінше, ғаламтор газет немесе кітап беретін тәрбиені алмастыра алмайды. “Соңғы уақытта газет оқу аға буын өкілдерінің еншісінде қал­ған сияқты. Жастар жағы электронды басылымдарды көбірек пайдаланады. Біз мұның кері әсері көп екенін әлі де ұғына қойған жоқпыз. “Soltústіk Qazaqstan” газетінде ғаламтордың зардабы жайлы мақалалар жиі жарық көреді. Басылым ұжымының осылай ауылдарға шығып, қоғам санасына кесірін тигізер мәселелер жайлы айтып, газет таралымын көбейту жо­лында жұртшылыққа қозғау салуы – құптарлық іс. Намысымызды қамшылайтын уақыт жетті. Ұлтына жаны ашитын әрбір қазақ шешуші сәтте төл газетімізге жаппай жазылып, өзге ұлт өкілдері алдында намысты жоғары қоятын халық екенін көрсеткені жөн”, – деді Хамит Найманов.
Тұрақты авторларымыз Ілияс Тоқымбетов, Ғабит Қоңырбаев, Самат Қабдуллин газетіміздің бүгінгі беталысына ризашылықтарын біл­діріп, шығармашылық ұжымнан өзге де ойлы, қызықты айдарлар күтетінін жеткізді. Ауыл азаматтарын ауызсу, жол, ауыл шаруашылығы мәселелері толғандыратыны белгілі ғой. Жергілікті тұрғындар осы тақырыптағы мақалаларды газет бетінен жиі оқығысы келетінін айтты. Жарасбай Сүлейменов газе­тіміздің жанашырларына бұл уәждерінің ескерусіз қалмайтынын жеткізген соң, баспасөзге жазылу науқанында таралымына атсалысқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Осындай қуанышты сәт осы ауданның Кеңес ауылында да жалғасын тапты. Мектепке жиналған ауыл тұрғындары басылымның 100 жылдығы қарсаңында “Soltústіk Qazaqstan”-ның ұжымына ақ жарма ті­лектерін арнап, баршасы бір кісідей төл газетке жазылатынына сендірді. Осындай жылы жүздесуден соң “Soltústіk Qazaqstan”-ның адал оқырманының қатары азаймағанына іштей қуанып, ауыл азаматтарының байырғы басылымға деген көңілі таза екен ғой деген ақ пейілмен жолға шықтық.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: газетіміздің белсенді оқырмандары (солдан оңға қарай) А. Нұрмағамбетова, Б.Түкенов, Б. Базарбекова мен Қ. Базарбаев.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp