Петропавлда “Алтын Орда: ғасырлар үндесуі” атты кітап көрмесі жұмысын бастады. Көрмеде Шыңғыс хан ұрпағының толық генеологиялық картасы ұсынылды. Онда төрт мыңнан астам ханның аты жазылған. Кітап көрмесін облыстық Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана ұйымдастырды. Үш бөлімнен тұратын экспозицияда Алтын Орданың тарихы, хандары және мәдени мұрасымен танысуға болады. Оқырман назарына 100-ден астам кітап пен журнал ұсынылған.
– Көрмедегі ең құнды кітап – Владимир Тизенгаузеннің еңбектері. Ол парсы және араб тарихшыларының Орталық Азия және Қазақстан туралы зерттеуін жинақтап, 1884 жылы Ресейде басып шығарған. 2005-2006 жылдары толықтырылып, қайта жарық көрді. Қазақстанның Түркістан, Сығанақ, Тараз және т.б. қалалары туралы тарихи-географиялық материалдар, Алтын Орда халқының әлеуметтік, этникалық және саяси өмірі туралы мәлімет бар. Көрмеге бірінші және төртінші томы қойылды. Ол тарихшылар, студенттер, шығыстанушылар және қалың оқырман үшін қызықты болмақ, – дейді кітапханашы Әсел Шайхисламова.
Профессор, шығыстанушы Тұрсын Сұлтановтың “Жетінші сөз” атты кітаптар топтамасын да көрмеден табуға болады. Шыңғыстың, Батудың, Жошының және басқа хандардың өмірбаяны, Алтын Ордадан қалған Қазақстан аумағында орналасқан сәулет ескерткіштері жайында да мол мағлұмат бар. Кітап көрмесі жыл соңына дейін жұмыс істемек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.