Жанар атты қызым бір жасқа толғанда тұсауын кесіп, той жасауға дайындалып жатқанбыз. Ауылдан артынып-тартынып анам келді. Мен тойға дайындаған жол-жоралғыларымды анама көрсетіп жатырмын. Анам оның арасындағы алтын сырғаны көріп, ойланып қалды да: “Алтынды оңды-солды шашып жатқан заман-ай! Сендер бақыттысыңдар, тек тыныштық болса екен. Иә, мен де сенің құлағыңа бес жасыңда шешен әйелі беріп кеткен алтын сырғаны тағып едім-ау”, – деп күрсініп қойды.
– Ол не қылған сырға, қайдағы шешен әйелі? – дедім таңырқап.
– Ол енді тарих қой, менің өмірімнің бір кезеңі, – деген анам әңгімесін бастап кетті.
– Біз сіңлім Батиқа екеуміз әке-шешеден ерте жетім қалып, ағайынымыздың қолында өстік. Сағила апамыз бізге шеше орнына – шеше, әке орнына әке бола білді. Ол өзінің үш ұл, бір қызымен бірге бізге де кемдік, жетімдік көрсетпей, бағып-қағып бой жеткізді. Қолымыз аузымызға енді жетті-ау дегенде соғыс басталып кетті. Ауылдағы ер-азаматтардың барлығы лек-легімен соғысқа кетті. Батиқа қыз-келіншектермен бірге “еңбек армиясына” ілікті, – деген анам өткенге көз жүгіртіп, аз-кем үнсіз қалды да, сәлден кейін: “Мені екі қызбен бірге Тоқшынға тракторшының оқуына жіберді. Аптасына бір рет ауылға келеміз. Кір-қоңымызды жуып, демалып, тамағымызды арқалап, ертеңіне тағы жолға шығамыз. Әуелі Қарақоғаға жетіп, темір жолдың бойымен жаяу тартамыз. Эшелондар ерсілі-қарсылы ағып өтіп жатады, бірақ тоқтамайды. Матрена деген орыс кемпірінің үйінде тұрып оқыдық. Орыс та болса мейірімді еді. Біздің жүдеп-жадаған, шар-шаңқы түрімізді көріп: “Бедняжки, бедняжки”, – деп аяп жүретін”, – деді сол кездегі қиыншылықты қинала есіне түсіріп.
Анам оқуды бітірген соң трактор жүргізіп, күн-түн демей, ұжымдық шаруашылықтың жұмысын қолынан келгенше тынымсыз атқарады. Соғыстың қызып тұрған шағы, ауылдағы адамдар өздері жерге тамақ таппай ашқұрсақ жүрсе де: “Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!” – деген ұранмен аянбай еңбек етеді.
“Сол жылдары ауылға шешен отбасы жер аударылып келіп, көшенің басындағы шетте тұрған үйге орналасты. Олар: “Бізді орталыққа шақырды да, көлікке артып жіберді. Жаюлы дастарқанымыз, жасаулы тамағымыз қалды. Өзімізбен еш нәрсе ала алмадық деп күнде жылайтын”, – дейді анам.
Мүсәпірдің күйін кешкен бұл отбасыға ауыл болып көмектеседі. Бірі төсекорын, екіншілері ыдыс-аяқ, тағы біреулері бала-шағасының аузынан жырып, бидай, ұн береді.
“Күзгі уақыт. Егін жинап болғанбыз, бір күні кешке Сағила апам бір пұттай бидайды қапқа салып: “Шешеннің үйіне апарып берші, аш отыр ғой”, – деді. Мен барсам, бәрі дөңгелек үстелді айнала отыр екен. Бидайды көре сап Раиса (шешеннің әйелінің аты осылай болатын) құлағындағы алтын сырғасын шешіп алып, менің алақаныма салды да, қолымды қысты. Шіркін жастық! Әлгіге қуанып, үйге жүгіріп келдім. Ол кезде алтын дегенді көзіміз де көрмейтін. Апама көрсетіп едім, ол: “Ел-жұртынан айрылып, жылап-еңіреп жүргендері аз ба? Не істейсің ол алтынды? Екі ағаң болса соғыста, апарып бер!” – деп мені жерден алып, жерге салып ұрыссын.
Шешеге қарсы келу, қарсы сөз айту деген жоқ. Шешеннің үйіне қайта барып, сырғаны үстелдің үстіне тастай салдым. Олар от жағып, құрғақ табаға бидайды қуырып жатыр екен…
Көп кешікпей Жақсылық ағамнан “қарақағаз” келді. Таңертең апам баласын жоқтап, дауыс сап жылап-жылап алады да, белін тас қып буып, жұмысқа кетеді. “Не деген қайрат?! Не деген күш?!” – деп сол кездегі адамдарға қазір таңғаламын.
Осылайша күндер өтіп жатты. Бір күні жер жыртып жүрсем, біреу атпен шауып келеді. Малақайын жоғары бұлғап: “Жеңдік!”, “Фашисті жеңдік!!!” – деп айғайлаған қалпы тоқтамастан шауып өте шықты. Ол кезде Бақайға (Надежка) тура жол Шәкет ағашының жанымен өтетін. Тракторымды тастай салып, екі өкпемді қолыма алып жүгіріп келемін. Келсем, ауыл у-шу, азан-қазан. Қуанғаннан жұрттың бәрі бірін-бірі құшақтап жылап жүр. “Қарақағаз” алғандар жоқтау айтып, жылап жатыр. Көздің жасы ағыл-тегіл. Жер қозғалып, ауыл теңселіп кеткендей. Бір уақытта үлкендердің бірі: “Қойыңдар, зарыға, сарыла күткен Жеңісіміз емес пе?! Кәне, үйлеріңде не бар, әкеліңдер, қазан асып, самаурын қойыңдар!” – деді. Далаға дастарқан жайып, өзімізше тойладық. Соғыс басталғалы айтылмаған ән шырқалды.
Ер-азаматтар елге орала бастады. Мен соғыстың басынан аяғына дейін болып, аман-есен елге оралған сенің әкең – Бекенге тұрмысқа шықтым. Олар төрт ағайындыдан тараған үлкен-кіші, кәрі-жас – бәрі бір жерде тұрады екен. Жетім балалар, жесір әйел, кәрі шалдар. Үлкен үйдің жалғыз баласы Сағит Омбыда оқыған, қызметкер болған. Әуелі фин, кейін герман соғысына қатысып, ауыр жараланып, елге келіп, қайтыс болып, оның соғыстан бұрын туған жалғыз ұлы Келденбай қалыпты. Екінші үйден сенің әкең жалғыз. Иман атам әйелі қайтып, екі баламен қалған, өзі ауру. Солардың бәріне Жұмабай атам ұйтқы болды. Үлкен ұлы Жапардан “қарақағаз” келіп, қан жұтып отырса да, ол: “Алла Тағала әр шаңырақта бір тұяқ қалдырды, тәубе!” – деп отыратын. Кейін біз еншімізді алып, Бақайға көштік. Бекен – механизатор, мен аспаз болдым.
“Бір күні жұмыста жүрсем, көзі күлімдеп Раиса келіп тұр”, – дейді анам әңгімесін сабақтап. “Бәтжан, сенімен қоштасайын деп әдейі іздеп келдім. Көзіміз жәудіреп, “бүгін не жейміз, ертең не ішеміз”, – деп отырғанда астық әкеп бергенің әлі есімде. Бізге рұқсат берді, Отанымызға оралайық деп дайындалып жатырмыз. Сол жолы алмай кеткен сырғаңды әкелдім. Білдім, апаңның алғызбағанын. Ал, қыздарыңа тағарсың, Құдайға шүкір, балаларың бар ғой. Біздің жақта алтын қат емес”, – деген ол тағы баяғы сырғаны алақаныма салып тұрып: “Бізді “өлсін” деп жіберіп еді, сендер өлімге бермей, аман алып қалдыңдар. Елге, сендердің кең пейілдеріңе ризамын!” – деді. Мен де шай ішіп болған соң, сандығымды ашып, бас орамал алып беріп жатып: “Сен де бізді ұмытпа!” – дедім.
– Әй, бұл жылдар сүйектен өтті ғой, сүйектен өткен ұмытыла ма? – деп ол көзіне жас алды. Балаларымды аман елге жеткізіп, табаным туған топырағымды басса, туған жердің суын ішсем, арманым болмас еді”, – деп қоштасып еді ол менімен, – деп анам алтын сырға оқиғасын осылайша баяндап берді.
Тоғжан СҮЛЕЙМЕНОВА,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.