
Бүгін Петропавл қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, құтқарушылар алты адамды ажал аузынан аман алып қалды.
Төтенше жағдай сағат 17.00-де Жамбыл қысқа көшесінің бойында орналасқан он қабатты тұрғын үйде орын алды. Екі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына жеткенде оныншы қабаттағы үш бөлмелі пәтер отқа ораныпты. Салдарынан қою түтін жоғары қабаттарға жайылып үлгеріпті. Соңғы қабаттағы пәтердің терезесінен айқайлап, көмек сұраған қыздарды көрген өртсөндірушілер бірден құтқару амалдарына көшті. Автосатыны қойып, пәтерге кірген құтқарушылар 14 жасар екі қызды далаға шығарып, дәрігерлердің қарауына тапсырды. Сонымен қатар газ-түтіннен қорғау қызметінің құтқарушылары көршілес пәтерден тағы 4 тұрғынды құтқарса, оның үшеуі – бала. Бұдан бөлек, оқиға орнынан 45 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
40 шаршы метр жерге жайылған тілсіз жау 36 минуттың ішінде ауыздықталды. Өрт сөндіруге 23 құтқарушы мен 7 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Бүгінгі таңда оқыс оқиғаның себебі мен шығын көлемі анықталуда.