“Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры” АҚ-ның 2015 жылдың бірінші жарты жылындағы таза инвестициялық табыс сомасы 141,41 миллиард теңге болды. Биылғы жылдың 1 шілдесінде шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) – 10 043 572 бірлік. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,92 триллион теңгеден асты.
Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны мен зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы бойынша бірінші орында – Алматы (1 493 103 ЖЗШ, 973,4 млрд.теңге), екінші орында – Астана 622 906 ЖЗШ, 466,7 миллиард теңге), үшінші орында – Қарағанды облысы (768 141 ЖЗШ, 436,6 миллиард теңге). Жынысына және жасына қарай алғанда зейнетақы жинақтарының ең көп көлемі 35-37 жас аралығындағы ерлер мен 37-39 жас аралығындағы нәзік жандарда.
2015 жылғы 6 айдағы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы – 73,80 миллиард теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 7,55 миллиард теңге.
Қор көрсететін электрондық қызметтер танымал болып келеді. Бүгіннің өзінде шамамен 700 000 салымшы өзінің жеке зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты e-mail және БЖЗҚ веб-сайты арқылы ала алады. Жинақ қорынан ақпарат алу тәсілі ретінде 300 мыңға жуық адам электронды поштаны және 400 000 адам қор веб-сайтын таңдап алған.
Өзінің ЖЗШ жағдайын тексерудің тағы бір кеңінен тараған түрі – смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы. Күн санап қосымшаны жүктеп алушылар саны артып келеді. 2015 жылғы 1 маусымда ENPF қосымшасы шамамен 45000 рет жүктеліп алынған.
Биылғы жылдың ақпан айында БЖЗҚ салымшылары өздерінің инвестициялық табыс ескерілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты e-gov “Электронды үкімет” порталынан және халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алу мүмкіндігіне ие болды. Қызмет іске қосылған сәттен бастап 1 шілдеге дейін e-gov арқылы салымшылар өздерінің инвестициялық табысы ескерілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпараты бар 34 мыңнан астам үзінді көшірме алып үлгерді.
Бұл тұрақты үрдіс келешекте хабарлаудың дәстүрлі тәсілдерінің орнын электронды хабар тарату басады деп болжауға мүмкіндік береді. БЖЗҚ өз тарапынан электронды қызметтердің мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отырады.
БЖЗҚ өңірлік желісінде 236 қызмет көрсету кеңсесі бар. Өңірлік құрылымға әрбір облыс орталығында, республикалық маңызы бар қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ, облысқа бағынышты ірі қалаларда (Жезқазған және Семей) біреуден орналасқан 18 филиал кіреді. БЖЗҚ өңірлерде кеңселердің жеткілікті болуына үнемі мониторинг жүргізіп отырады, қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында жұмыс істеп жатқан қызмет көрсету кеңселерінің жұмысын және салымшылар (алушылар) өтініштерінің санын сараптайды.
“БЖЗҚ” АҚ баспасөз орталығы.