«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ АЛАШТЫҢ БІРЖАН САЛЫНА АРНАЛДЫ

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада атақты әнші, ақын, сазгер Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 180 жыл толуына орай “Біржан сал – қазақ ән-жырының шамшырағы” атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараға Петропавлдағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты.

Кең-байтақ қазақ жерін әсем әнімен тербеп, артына өшпес мұра қалдырған, тағдыры тауқыметке толы біртуар тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты таныстырып, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиынды аталмыш кітапхананың ұлттық әдебиет бөлімінің меңгерушісі Майра Әшімова жүргізді. Шара барысында сөз алған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Тіл және әдебиет институты қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Құлыбекова ұлы тұлғаның өмір белестері мен шығармашылығына тоқталды.  

Біржанның 1865 жылы Абай Құнанбайұлымен кездесуі оның әр қырынан танылуына әсер еткенін, бүгінде алпысқа жуық әндерінің сақталып, қазақ мәдениетінің қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқандығын баса айтты. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Болат Мамытбеков пен қалалық классикалық гимназияның оқушысы Гүлзат Қосшығұлова Біржан салдың “Теміртас”, “Талай заман” өлеңдерін нақышына келтіріп, оқып берді. Облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжанов “Жалғыз арша” әнін орындады.

Жиналғандарды ерекше әсерге бөлеген игі шараның соңы арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне ұласты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp