«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ АУДАНДА СУҒА ТҮСЕТІН ОРЫН ЖОҚ

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айтылып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және шомылу маусымына дайындық жұмыстары пысықталды.

Өткен төрт айда өңір экономикасы 6,2 пайызға өскен. Сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үй және байланыс салаларында өсім бар. Әсіресе, құрылыс саласының нәтижелігі 29,1 пайызды құрайды. Мемлекет басшысы өңірдегі экономикалық өсім қарқыны 6 пайыздан төмен болмауы тиіс екенін қадап айтқан болатын.

– Бұл тапсырма өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап, қызмет көрсету мен шағын бизнеске дейінгі барлық салаға қатысты. Біз әр аудан бойынша атқарылған жұмыстардың қарқынын бақылап, бұл мәселеге ай сайын қайта оралып отырамыз, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін кей аудан әкімдері инвестиция тартудағы төмен көрсеткіштері үшін сөгіс алған еді. Өңір басшысы жауапты мамандарға экономикалық өсімді 7 пайызға дейін арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру және жаңа инвестициялар тарту сынды нақты тапсырмалар берді.

Ал балаларды жазғы демалыспен қамту барысы туралы білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баяндады. Осы жазда 65 мыңға жуық оқушының 95 пайызын түрлі демалыс түрімен қамту жоспарланған. Десек те, қала сыртындағы демалыс лагерьлері тек 6,2 мың баланы ғана қабылдай алады. Осы ретте шамамен 40 мың оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады.

– Облыста он балалар лагері бар, оның біреуі Ақмола облысының аумағында орналасқан. Оларды маусымға дайындау үшін 393 млн. теңге жұмсалмақ, оның 25 млн. теңгесін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер бөлді. 30 мамырға дейін лагерьлерде жөндеу жұмысы аяқталуы тиіс, жазғы маусым 6-10 маусым аралығында басталады, – деді Айнагүл Сұрағанова.

Бір маусым 7-10 күн аралығында болмақ. Балалар 5 реттік тамақпен қамтылады. Биыл мемлекеттік лагерьге жолдама құны – 35 мың теңге, сенімгерлік басқарудағы лагерьлердегі баға 60 мың теңге тұрады. Облыстың кей шаруашылықтары оқушыларға лагерьге жолдама сыйлауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, Есіл ауданындағы бір кәсіпкер жылда 200 жолдама таратады екен. Жалпы көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін демалыс тегін. «Қазақстан халқына» қорының қаражатына «Жаздық жолдама» жобасы аясында ауылдық жерден 210 оқушы Ақмола облысындағы «Парус» лагеріне демалысқа барады.

Жазда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында биыл да бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – Оқушылар сарайы жанынан ұйымдастырылатын «Жазғы академия». Мұнда балалар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. «Бір күн қалада» жобасы аясында ауыл балаларына Петропавлдың көрнекті орындарына экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ қазіргі таңда өңірде шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста 60 шақты өзен, 2 мыңнан астам көл және 130-ға жуық қазаншұңқыр бар. Бірақ биыл осы су қоймаларының тек 13-інде ғана суға шомылатындай арнайы орындар болады. Жалпы суға түсуге рұқсат етілген 60 орын бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаровтың айтуынша, өңірдегі алты ауданда халық үшін жазғы уақытта суға шомылып, демалуға болатын орын қарастырылмаған. Ал арнайы жарақтандырылатын 60 орынның тек алтауы ғана – коммуналдық меншікте.

– Соңғы үш жылда республикалық және жергілікті бюджет есебінен гидроцикл, көп функциялы «Марлин» катері, 2 металл қайық, 6 үрлемелі резеңке қайық және 17 қайық моторы сатып алынды. Су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс- шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Күн ысыған шақта адам өміріне қауіпті су айдындарына қосымша 5 мобильді бекет қою жоспарланып отыр, – деді Жомарт Асқаров.

Өңірде мұндай қауіпті су айдындары аз емес. Сондықтан тасқын кезіндегідей, Есіл өзенінің арнасымен белгіленген бағыт және кесте бойынша дрондармен патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылмақ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp