«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ ЖАРЫМ МЫҢ АДАМ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТЫЛМАҚ

Төтенше жағдай қиындықтарына қарамастан, өңірімізде тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы еш кідіріссіз орындалуы тиіс. Бұл жайлы өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылып, жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы талқыланды.

Жол картасын жүзеге асыру жұмыс жоспарына тоқталған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев биыл бұл мақсатқа бюджеттен 32 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Бағдарламада барлығы 377 жоба қамтылған. Олардың негізінде, алдымен, төтенше жағдай салдарынан жұмыссыз қалған тұрғындар екі қолға бір күрек табады.
– Жол картасы шеңберінде жұмысқа қабылданған азаматтардың еңбекақысы 85 мың теңгеден төмен болмайды. Еңбекке тартылғандар қатарында жастардың болуына баса назар аударамыз. Олар бос орындарға орналасу үшін жұмыспен қамту орталықтары арқылы өтініш білдіруі тиіс, – деді Асқар Сақыпкереев.
Төтенше жағдайға байланысты жол картасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айта кеткен жөн.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін жол картасы бойынша облыс аумағында 6,5 мың тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Олар, негізінен, Петропавл қаласы мен барлық аудандардағы әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарына тартылатын болады. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев баяндағандай, жаңа оқу жылына дейін 100 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 23 емдеу мекемесі қайта қалпына келтіріледі. Бұған қоса, алты ауданның орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері тұрғызылады. Сондай-ақ, өңірдегі 32 мәдениет нысаны жаңа кейіпке енбек. Құмар Ақсақалов аудандық Мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген соң олар әмбебап қызмет түріне ауысуы қажет екенін ескертті.
– Бүгінгі күні біз ауылды жерлердегі мәдениет нысандарын тұрғындарға қолайлы болатындай етіп жөндеуіміз керек. Бұл жер мәдени шараларды өткізумен шектелмей, саламатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді өткізуге қолайлы көпфункционалды қызмет ұсынатын орынға айналуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Әкімдік отырысында биыл Петропавлда жаңа ғимараттар бой көтеретіні айтылды. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан оқу-зертханалық корпус, “Береке” шағынауданының тұрғындары үшін емхана және қызмет көрсету саласы колледжінің жатақханасын тұрғызу жоспарланған. Өңір басшысы осы және өзге де нысандардың құрылысы сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуы тиістігін айтып, оларды қадағалау қажеттігін ескертті. Ол үшін түрлі сала өкілдерінің қатысуымен мониторингтік топтар құрылмақ, ал мердігер компания жүргізіп жатқан жұмысы жайлы апта сайын есеп беруге міндетті.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp