
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ХІХ ғасыр жиһаздары мен кемелеріне арналған “Ыстық ұя” және “Теңіз кезбелері” атты екі көрме өтуде.
Жеке жинақтағы ескі жиһаздар иесі Лидия Члектің айтуынша, бір ғасырдан бұрын жасалған мүліктер оған анасының әжесінен қалған. Ағаш жақтауға салынған айна, орындықтар, сағаттар және басқа да тұрмыстық заттар мықты материалдардан жасалған. Сол себепті болар, стилі ескі болғанымен, сол қалпында сақталып тұр. Көрмеге қойылған орындықтың бірін әжесі 1892 жылы өз тойына сыйлық ретінде алыпты. Бұл жиһаздар ХІХ ғасырдан бері алты ұрпаққа қызмет көрсетіп келеді екен.
– Құнды мұраны көздің қарашығындай сақтап келдім. Бүгін, міне, ата-бабамнан қалған жәдігерлерді көрермен назарына ұсынып отырмын. Бұл жерге менің барлық байлығым әкелінді десем де болады. Өйткені, жиһаздың әрқайсысы маған өте қымбат. Жастар да мен сияқты отбасы құндылығын ұғынып, аға буыннан қалған заттарды осылайша сақтап үйренсе екен деймін, – дейді Лидия Члек.
Сондай-ақ, облыс тұрғындары петропавлдық Юрий Романов пен Виктор Тюрин жасаған кеме модельдерін де тамашалауда. Қолөнершілер бұл іспен бала кездерінен бері айналысып келеді.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.