Тәуелсіз Қазақстан 25 жылдан бері қиын кезеңдерді де, жемісті жылдарды да бастан өткеруде. Осы орайда жиырма мыңнан астам тұрғыны бар Аққайың ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысу үшін аудан әкімі Дәурен Байтөлешовпен әңгімелескен едік.
– Дәурен Бозтайұлы, өзіңіз басқарып отырған ауданның 90 жылға жуық тарихы бар. Солтүстік Қазақстан облысының қазығы қағылмаған кезде іргесін көтерген ауданның осы жылдар ішінде талай кезеңді бастан өткергені анық. Аққайың ауданы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын қандай жетістіктерімен қарсы алмақ?
– Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, оның әлем алдындағы беделінің өсуі Елбасымыздың сындарлы саясатының, халқымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі екені баршамызға аян. Биыл Қазақ елі өз тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын атап өтеді. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды.
Мемлекеттің қол жеткізген жетістіктері өңіріміздің дамуына зор әсер ететіні сөзсіз. Тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық тоқыраудан елмен бірге еңсесін көтерген Аққайың ауданы дамудың сара жолына түскен. Осы жылдары ауданның гүлденуіне қиын жылдардың өзінде адамдық капиталды сақтап қалғанымыз көп үлес қосты. Осының арқасында тұрақтылық және этносаралық келісім сақталып, аудан тұрғындары еліміздің жетістіктеріне зор сеніммен қарайды.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы бірқалыпты дамуда. Біз бұл салада экспорттық әлеуетке, шикізатты өңдеуге, мал басын асылдандыруға басымдық беріп отырмыз. Инвестиция тарту жайы да күн тәртібінде тұрған міндет. Соңғы үш жылда жеке инвестиция тартудың арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу бойынша төрт ірі нысан салынды. Бұл аудан бюджетіне түсетін салықтың көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Нарықтық экономика ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын өсіп-өркендетуді талап етсе, халықтың әлеуеті әлеуметтік бағытты алға тартады. Осы орайда мәдениет және білім беру нысандарын жаңартуға және дамытуға зор көңіл бөлінуде. Үстіміздегі жылы әлеуметтік саланың бес ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Логистика, транзиттік әлеуетті дамыту аясында ауданішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Себебі, ауданымыз автомобиль жолдары мен темір жол бағыттарының қиылысында орналасқан.
– “Астықты өлке” атанған облысымыз ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы екені белгілі. Осы бағытта әр аудан жайқалтып егін, табын-табын мал өсіруге міндетті. Сіздер осы талап үдесінен қалай шығып жүрсіздер?
– “Астықты өлкенің” ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерінің еселенуіне Аққайың ауданы да өзінің үлесін қосып отыр. Бүгінгі таңда ауданда 48 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 180 шаруа қожалығы, 52 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Сондай-ақ, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы”, “Полтавское”, “Дайындық”, “Астраханское” сияқты ғылыми әлеуеті зор, материалдық-техникалық базасы мықты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша алға қойған міндеттерді тиімді орындау үшін машина-трактор паркін жаңғыртуды қолға алдық. Өткен жылы жалпы сомасы 609,1 млн. теңгеге 31 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алдық. Бұл игіліктің барлығы ауданның егін және мал шаруашылығын дамытуға кеңінен пайдаланылуда.
Бүгінгі таңда ауданда ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жердің көлемі 339,6 мың гектар болса, оның 240,2 мың гектары егістік алқап. Көктемгі егіс науқанында 210,8 мың гектарға дәнді және бұршақты, майлы дақылдар мен жемазық сіңірілді. Ал өткен жылы аудан бойынша егін шығымдылығы гектарына 20,2 центнерден айналса, жалпы өнім 290,8 мың тоннаны құраған еді. Осының арқасында ауданымыз орақ науқанының қорытындысында облыс бойынша үшінші орынды иеленді.
Бүгінгі таңда ірі қараның саны – 16038 мың, сондай-ақ, 7369 бас шошқа, 101542 құс бар. Аққайыңдықтар “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша кәсіптерін ашуда белсенділік танытуда. Мал шаруашылығы саласындағы барлық шаралар экспорттық әлеуетті асырып, өнімді қайта өңдеуге бағытталған. Мәселен, өткен жылы 56,3 тонна ет экспортталды. Сонымен қатар, аудан аумағында сүт өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Ал өткен жылы “ИКЕА ТАС-ГРУПП” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің элеватор және диірмен кешенінің құрылысы аяқталды.
– Ауданның құрылыс саласындағы дамуына көңіліңіз тола ма?
– Елдің әлеуетін жүргізіліп жатқан құрылыстан-ақ тануға болады. Тәуелсіздік жылдары еліміздің әр өңірінде құрылыс саласы қарқын алып, дамып келе жатыр дей аламыз. Аққайың ауданында да түрлі сала бойынша бірқатар нысандар қолданысқа енгізілді. Мәселен, үстіміздегі жылы көптен бері көкейде жүрген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұл – аудан үшін елеулі оқиға. Сондай-ақ, Смирново ауылында екі 18 пәтерлік және 5 бір пәтерлік үйлер салу көзделіп отыр. Бұл құрылысқа “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 552 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда мердігерлермен келісімдер жасалды, алдағы күндері қазығы қағылатын болады. Соңғы жылдары құрылыс саласына зор мән берілгендіктен, тұрғын үйлерді салу бойынша көрсеткішіміз өткен жылмен салыстырғанда 67,7 пайызға өсіп, 2500 шаршы метрді құрады.
– Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар да өткеннің еншісінде қалады. Сол себепті, аудан заманның үдесінен, уақыттың талабынан қалмауы үшін болашаққа қандай жоспар құрып отырсыздар?
– Бір жұмысты бастамас бұрын әуелі жоспар құрып алу заңдылық. Ал ауданның болашағына жоспарсыз көз тігу мүлдем мүмкін емес. Осы орайда Аққайың ауданы дамуы жағынан көштің соңында қалмай, үздіктердің қатарынан көрінуі үшін ауқымды жоспар құрдық. Мәселен, басым бағыттарымыздың бірі мал шаруашылығын одан әрі дамытып, ендігі жылы “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде асылтұқымды репродуктор құруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеуді дамытуға баса назар аударудамыз. Аудан орталығындағы стадионның құрылысына, Смирново ауылындағы жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленді. Ауданішілік жолдарды да жөндеу жұмысы кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, аудан орталығында кәріз жүйесін жасау бойынша жұмыс қолға алынды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының алға қойған міндеттерін орындай отыра, аудан тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін жақсарту үшін тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.