
Газет – ел айнасы, өлке шежіресі, рухани-мәдени дамудың көрсеткіші. Ғасыр құрдасы, оқырмандар сырласы “Soltústіk Qazaqstan” газеті – ХХ ғасыр мен Тәуелсіздік дәуірінің нақты куәгері, жалынды насихатшысы. Онда халықтың бастан кешкен трагедиялық-тарихи оқиғалары, ұлы-ұлы жеңістері, өлке өркендеуінің керемет белестері, руханият кеңістігіндегі қайраткерлердің ұлтқа, ұрпаққа қызметі толық көрініс тапқан деуге болады.
Ғасырлық жолды абыроймен жүріп өткен газеттің бастапқы атаулары “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” еді. Тарих, мәдениет, замана төріне қанат қаққан айтулы басылымның бастауында Алаштың теңдесі жоқ қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың тұрғаны да жұртшылыққа аян. Басылым көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің редакторлығымен Омбы шаһарында “Кедей сөзі” деген атпен 1920 жылы тұңғыш рет жарыққа шыққан еді. Бұл Сібір РКП (б) бюросы мен Ақмола губерниясының органы болатын.
Қызылжар жұртшылығының рухани көшбасшысы саналатын газетте халқымыздың небір аяулы тұлғалары қызмет еткені белгілі. Мәселен, 1921-1922 жылдарда “Қызылжар” романының авторы, У.Шекспирдің “Гамлетін” аударған дарынды аудармашы, ақын Мәжит Дәулетбаев (1896-1937) “Бостандық туы” газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. 1926-1932 жылдарда “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы” газетінде жазушы, көсемсөзші Әбдірахман Айсарин (1898-1938) ізгілікпен еңбектенген. Ол мұның алдында, яғни 1919-1921 жылдарда Орынборда “Ұшқын”, “Еңбек туы” газеттерінде жанқиярлықпен бейнеттеніп, мол тәжірибе жинақтаған жүйрік журналист еді.
Оқымысты, тарихшы, жазушы, драмашы Қошке Кемеңгерұлы 1923 жылы “Бостандық туы” газетінің тілшісі міндетін мейлінше таза, мінсіз атқарған. Оның “Егін салу турасында” дейтін танымдық-тәжірибелік мақаласы 1923 жылы “Бостандық туы” газетінің қыркүйек айының 17, 21, 23 күндері мен қазан айының 4, 9 күндеріндегі санында жарияланған. Осыдан-ақ, “Бостандық туы” газетінің қандай тақырыптардың елдің өркендеуіне зор пайдасы тиетінін мұқият ескергендігін аңғаруға болады.
1920 жылдардың аяғында әйгілі “Қырым қызы” поэмасын жазған ақын, журналист, көсемсөзші, ел зиялысы Ғалым Малдыбаев “Бостандық туы” газеті редакторының орынбасары болған.
Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың көрсетуінше, 1920-1929 жылдарда Мағжан Жұмабаев “Бостандық туы” газетінде жауапты редактор болған (Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, Алматы, “Атамұра”, 2008. 175-бет).
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов 1925 жылы “Бостандық туы” және 1929-1930 жылдарда “Кеңес ауылы” газетінің жауапты хатшысы болғанды. Оны Қызылжардың қыраны, жыршысы, ел патриоты десек, орынды. Өйткені, 1936 жылдың жазында атақты “Жұмбақ жалау” романын жазу үшін Қызылжарға келеді де, редакцияның сәулетті бір бөлмесінде таңертеңнен кешке дейін шығармасын жойқын шабытпен бұрқыратып ақ қағазға төгілтеді. Қолжазбаны мәшіңкеге бастыру, корректурасын дұрыстау үшін редакция қызметкері Сейітжан Омаровты жәрдемші етіп алады. Өзі биязы, өзі әдепті, өзі іс қағаздарына зерек Сейітжан Омаровты 1937 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Бейімбет Майлинмен, жауапты хатшысы Мұхаметжан Қаратаевпен келісіп, әдеби қызметкер етіп орналастырады. Бұдан көретініміз, байырғы “Кедей сөзінен” “Soltústik Qazaqstan” атауына жалғасқан Алаш рухты редакция – ұлтымыздың сөзін сөйлеген журналистердің де ұстаханасы…
Осы бір “толық кәмелетті”, бір ғасырлық өмірбаяны бар “Soltústik Qazaqstan” газетінің ашылу, қалыптасу, ілгерілеу тарихындағы өз заманының алтын балық үйіріндей көсемдер тобы Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мәжит Дәулетбаев, Әбдірахман Айсарин, Сәбит Мұқанов сынды ұлт тұлғаларының қасиетті рухы, тарихи-мәдени қызметі, ой-санасы, даналық ұсыныстары, өлшеусіз өнегелі абзалдық адамшылықтары, жұмақ суындай көркем ниеті мәңгілік маздақ отындай сөнбесе керекті. Сондықтан да келешектің кемел тұлғасы аталы жұрттың айбарындай осы бір дүлдүлдердің ескерткішін редакция ғимараты алдына қойса, елдіктің белгісіндей, ізгіліктің көзіндей болар еді.
Қызылжар елі Ботай өркениетімен ғаламға мәшһүр. Бұған қоса Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзені бойынан табылған Жошы хан заманының жеті кешен – қорымы тағы бар. Сол себепті тарихы да, мәдениеті де байтақ қазыналы аймақтың бас басылымы “Soltústik Qazaqstan” газеті ұжымын ғасырлық мерекесімен құттықтап, ел мен халық мерейін асқақтатып, қоғамды іздендіру жолында қажыр-қайратпен, білімдарлықпен, журналистік шеберлікпен еңбек ете берулеріңізге тілектеспін!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының
докторы, профессор.