«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫП БӘЙТЕРЕКТІҢ БІР БҰТАҒЫ

Бірлік деген ұғымды бақыттарының бастауына балайтын этностардың бірі – ауғандықтар. Әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған ауғандардың тағдыры қарға тамырлы қазақ халқымен ұқсас. Петропавлдағы Достық үйінің жанынан құрылған “Бохтар” ауған мәдени-қоғамдық орталығының төрағасы Назими Хасраттың да ойы осыған саяды.

– Қиын кезде бәрімізді жатырқап, жатсынбай бауырына басқан қазақ жұртшылығы да тарихтан талай теперіш көрді. Қанша қаракөздерін жер жастандырған сұм соғыстарға, қатыгездікке, алауыздыққа, әділетсіздікке мойынсұнбай, аңсаған асыл арманына, еңселі егемендігіне қол жеткізді. Бірлігін бекемдей тұра, талай ұлттар мен ұлыстарға пана болды. Оларды өзекке теппеді, маңдайынан сипады, – дейді ол.  

Қазақстанда өмір сүріп, қасиетті Қызылжар топырағын басып жүргеніне жиырма алты жыл болған Назими Хасрат 1972 жылы Ауғанстанның Кабул қаласында өмірге келді. 1988 жылы мемлекеттік келісімнің арқасында Петропавл индустриялық-педагогикалық техникумына оқуға түседі. Студенттік дәуренді аяқ басып көрмеген жерде өткеріп жүргенде туған жері Ауғанстанда қанқұйлы төңкеріс болып, билік басына моджахеттер келеді. Әуе, жер байланыстарының, көлік қатынастарының жабылуы оның Қазақстанды мекендеп, осы жерде тұрақтап қалуына себеп болады.

– Ол кез өте қиын уақыт болатын. Кіндік қаным тамған өлкедегі қантөгіс менің жан дүниеме де төңкеріс жасап, сең соққандай күй кештім. Ауғанстандағы ет жақын туыстарымның ауыр жағдайлары, нашар тұрмыстары жанарыма жас үйірді, – деп еске алады ол.

Оқуды бітірісімен түрлі жұмыс атқарады. Ауғанстанда тұратын туған-туыстары мен анасына да алаңдаушылық білдіріп, қолы қалт еткенде барып тұрады. Сол уақыттан бері қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ол 2007 жылдың 13 қарашасында “Бохтар” ауған мәдени-қоғамдық орталығын құрды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрегендікпен түрлі этностардың панасы мен саясындай Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Өзім басқаратын “Бохтар” қоғамдық бірлестігін сол алып бәйтеректің бір бұтағы деп есептеймін. Біз салт-дәстүрімізді, туған тілімізді дамытып, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды ізімізді басып келе жатқан ұрпақтарымызға жеткізуге мүмкіндік алдық. Біздің бірлестігіміздің негізгі мақсаты Қазақстанның қарыштауы жолындағы қадамдарына қолдау көрсетіп, мызғымас тыныштығын қызғыштай қору болып табылады, – дей келе Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдық мерекесіне қызу дайындалып жатқандарын да қуанышпен жеткізді.

– 1995 жылы 1 наурызда Елбасы Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Қазақстан халқының Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған форумында айтқан пайымының негізінде дүниеге келгенін айта кету керек. Шүкір, жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды алатын қазақстандықтар бүгінде тыныштықты ту етіп, алға сеніммен қадам басуда. Мұны ел басқарып отырған ағаларымыздың көрегендігі деп құрақ ұшсақ та, ең алдымен, қазақ ұлтының бірлігінен бастау алып отырған бекемдікті аттап өте алмаймыз. Улы жыланның өзін басына ақ құйып, босағасынан шығарып салатын қазақтай ғажап халықтың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі мен ақкөңілділігі жүз отыздан аса ұлыстың бір жеңнен қол шығаруына негіз болып отыр, – дейді ол.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp