
9 қазан – “айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” пошташылардың төл мерекесі. Атаулы мерекені еліміздің пошта қызметкерлері 1993 жылдан бері тойлап келеді. Пошташыларды кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады. Анархан Қалиқызы еңбекте үздіктер қатарынан көрінген байланыс саласының қызметкерлеріне өңір басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
– Байланыс саласы қазіргі заманда жаңара түскен. Соның бірі – пошта байланысы. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына пошта саласы ардагерлерінің қосқан еңбектері ерен. Бұл салада көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан, өз ісіне жан тәнімен берілген, білім мен күшін, мол тәжірибесін аямайтын тамаша адамдар аз емес. Мерейлі мереке күні “Казпочта” АҚ қызметкерлерін және саладағы ардагерлерді құттықтай отыра, сіздерге және туған-туыстарыңызға зор денсаулық, табыс, бақыт пен амандық тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова.
Өңірімізде “Казпочта” акционерлік қоғамының 13 аудандық, 14 қалалық, 88 ауылдық, 18 жылжымалы байланыс бөлімшесі бар. Бұл салада 1685 адам еңбек етуде.
– Қазір қазақстандық пошта қызметі әлемдік стандарттарға бейімделіп, заманға сай дамып келеді. Халық игілігіне әлеуметтік маңызды қызметтерді ұсынуда. Мысалы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы, еңбекақы төлеп, әртүрлі төлемдерді қабылдайды. Ел аумағы бойынша ішкі және халықаралық жөнелтілімдерді қадағалаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы ЕМS Kazpost курьерлік қызмет көрсету технологиясы жетілдірілді. Бұл пошталық жөнелтілімдердің тұрған орны туралы интернет желісі арқылы онлайн түрде ақпарат алуға мүмкіндік берді. Шалғайдағы елді мекендердегі бұрын жабылып қалған 4 пошта бөлімшесін қайта аштық. Жыл соңына дейін барлық пошта бөлімшелері автоматтандырылады. Онлайн режімде де көптеген төлемдерді қабылдауға болады. Өңірімізде орналасқан пошталық байланыс бөлімшелері банкоматтар мен POS-терминалдар орнату арқылы пошталық төлем карточкалары жүйесін енгізу жөнінде жұмыс атқарылуда, – деді “Казпочта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Ерік Нұрақаев.
Күн-түн демей, жаздың аптап ыстығында, қыстың қытымыр суығында көшені шарлап жүретін пошташылардың еңбегі құрметке лайық. Олар поштаға келген бір хат үшін ауылдың қай шетіне болса да баруға дайын. Қалай болғанда да, дәл қазіргі күні өмірімізді поштасыз, пошташыларсыз елестете алмаймыз. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.