«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫСТЫ ЖАҚЫН ЕТКЕН Жыл соңына дейін бір мың шақырым жол жөнделеді

2021 жылы облыста 600 шақырым жергілікті жолды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстарды жүргізуге ел бюджетінен 18,7 млрд. теңге бөлінбек. Сөйтіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдары 74 пайызға жеткізілмек. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында айтылды.

Әкімдік отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысының өкімімен Марат Қосылұлы Омаров мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының, Асқар Жаркеұлы Қылышбеков облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және Рауза Иванқызы Қасенова облыстық дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Баяхмет жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайына және алдағы міндеттерге тоқталды. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құраса, соның 7 мыңы жергілікті маңызға ие. Бұл көрсеткіш бойынша республикада үшінші орындамыз. Былтыр облыс жолдарын қалпына келтіру жұмыстарына 30 млрд. теңге бағытталған болатын. Нәтижесінде өңірде 676 шақырым жол дұрысталып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының көрсеткіші 65 пайызға жетті. Баяндамашының айтуынша, үстіміздегі жылы атқарылып жатқан жұмыс көлемі де ауқымды. Бұл жолы облыс аумағындағы тас жолдарды жөндеуге ел бюджетінен 39,1 млрд. теңге бөлінген. Оның 12,2 млрд. теңгесі республикалық маңызы бар жолдарға, қалған қаржы жергілікті жолдарды жөндеуге бағытталған. Сөйтіп, жыл соңына дейін 1 мың шақырым жол қалпына келтіріледі.

Мердігерлердің жауапкершілігі, олар жөндеген жолдың сапасының төмендігі, тиісті органдар тарапынан жүргізілген бақылаудың нашарлығы жайлы айтпай өтуге болмайды. Өкінішке қарай, тапсырылған іске салғырт қарау салдарынан сапасыздыққа жол беріп жататын мердігер ұйымдар аз емес. Баяндамашының айтуынша, былтыр басқарма тарапынан сотқа 10 іс жолданып, үшеуі қанағаттандырылған болатын. Мәселен, “Новинтех” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл” бағытындағы тас жолдың 21 шақырымын сапасыз жөндеген. Қазынадан бөлінген 719 млн. теңге қаржы тиімсіз жұмсалып, жыл өтпей жатып жол бұрынғы қалпына қайта келген. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мердігерден сапасыз жұмысты дұрыстауды талап еткен.

Ал серіктестік олқылықтарды түзетуге асығар емес. Сондай-ақ, “KAZ FORTIS” ЖШС-і де “Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл” бағытындағы жолдың 17,3 шақырымдық учаскесін жөндеуге бөлінген қаржыны толық игермеген. Ендігі кезекте басқарма бұл мәселені сот арқылы шешіп, серіктестікті жауапкершілікке тартуды көздеп отыр.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов сапа жайын екінші орынға ысырып, сандық көрсеткіштер қуалауды өткір сын тезіне алды.

– Тендерлерге қатысып, конкурсты ұтқанымен, жұмысты уақтылы бастамайтын мұндай жауапкершілігі төмен мердігерлерге талапты күшейту керек. Алдағы уақытта салынатын айыппұл көлемін ұлғайту тетіктерін қарастыру қажет. Қалтасы қағылған мердігер екінші мәрте мұндай жауапсыздыққа бармайтын болады. Келісімшарт талаптарына сәйкес фирмаларды барлық олқылықтарды өз есебінен жүргізуге міндеттейміз. Кепілдік міндеттемелерін орындамаған мердігер компаниялардан сұраудың қатаң болатынын ескертемін. Бұл компаниялар алдағы жылы ешқандай тендерлерге қатыспайды, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан кейін сөз алған “ҚазАвтоЖол” акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Болатбек Айтбаев республикалық маңызға ие 1977 шақырым жолдың бүгінгі жағдайы туралы есеп берді. Үстіміздегі жылы бұл жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға бюджеттен 8,6 млрд. теңге бөлінген. Соның 5,5 млрд. теңгесі игерілген. Жыл соңына дейін 2,3 млрд. теңгеге “Щучье – Көкшетау – Петропавл” бағытындағы тас жолдың 29 шақырым учаскесін қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен “Челябі – Новосібір” тас жолын жаңғырту жоспарлануда. Тас жолдың 532,4 мың шаршы метр аумағында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстар 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Соңғы үш жылда Айыртау ауданында 10 млрд. теңгеге 300 шақырым жол жөнделген болатын. Енді “Ауыл – ел бесігі” және “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламалары аясында 355 ауылішілік жолды жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар негізінен Мағжан Жұмабаев (6,7 млрд.), Уәлиханов (5,4 млрд.), Тимирязев (4,6 млрд.) және Ғабит Мүсірепов атындағы (8,5 млрд.) аудандарда атқарылмақ. Сондай-ақ, мердігер компаниялар жолдардың сапасын бақылау жұмыстарын 75 пайызға орындаған. Яғни, ой-шұңқырларды тегістеп, жол белгілерін орнату және тағы басқа жұмыстар атқарылған.

“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 2020-2025 жылдары “Жезқазған – Петропавл” тас жолының өңірімізді басып өтетін 350 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстарға ел бюджетінен 230 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар жауапты министрлікке жіберілген.

Күн тәртібіндегі мәселені қорытындылаған Құмар Ақсақалов соңғы үш жылда жалпы ұзындығы 2150 шақырым жолды жөндеуге 92 млрд. теңге жұмсалып, соның нәтижесінде 133 ауылда тұратын 95 мың тұрғынның өмір сапасы жақсарғанын атап айтты.

– Жол – экономиканың арқауы ғана емес, елді мекендер дамуының және халқымыздың өмір сүру сапасы жақсаруының көрсеткіші. Сондықтан жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржының көлемі жыл өткен сайын ұлғайтылуда. Биылға бөлінген қаржының жартысынан астамы игерілді. Қыруар қаржы бөлініп жөнделген бұл жолдарды күтіп ұстаудың да маңызы зор. “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының мониторингтік тобы “Ұлттық сапа орталығының” жергілікті филиалымен бірлесіп, жұмыстардың сапалы әрі уақытында жүргізілуін қадағалаулары тиіс. Орталық мамандары жылжымалы зертхананың көмегімен пайдалануға берілген жолдардың сапасын тексеріп отырулары қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы шараға онлайн қатысқан аудан әкімдері мен ведомство басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Жауапкершілікті нығайтып, жөнделіп жатқан жолдардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp