«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫСҚА ҰЗАМАДЫ

Қазақ халқының “мал-жан аман ба?” деп амандасуының өзіндік мәні бар. Бүгінгі күні де ауыл адамдарының көбі нәпақасын малмен тауып отыр. Сөйтіп, бағып-қағып, пайдасын көремін деп отырған түлігін көлденең көк атты аузынан жырып әкетсе, қаншама еңбегі еш болып, зар илеп қалады емес пе?! 

Ал ұрлық қылғандар қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, біреудің еңбегін қанап, жылатып кеткенімен жұмысы жоқ, оңайдан олжа тапқанға мәз болады. Бірақ халқымыз “ұрлық түбі – қорлық” деп тегін айтқан жоқ қой. Оңай олжа абырой әкелмейді, бұған талай рет көзіміз жетті. 

Бұл оқиға былтырғы жылдың шілде айында болған. Мөржан Бекетов (қылмыскерлердің аты-жөндері өзгертілген – Ж.С.) деген азамат елуді еңсерсе де, біреудің ала жібін аттауды өзіне ар санамаған екен. Ол бұған дейін де темір тордың ар жағында жазасын өтеген. Бірақ бостандықтағы өмірдің қадірін түсінбей, үйреншікті әдетіне қайта басады. Көкшетау қаласында тұратын ол өзінен он жас кіші інісі Аманжолды және Ақмола облысының Атбасар ауданында тұратын отыздан жаңа асқан туысы Ерлан Сабыржановты ертіп алып, біреудің сиырларын ұрлап әкетіп, әкесінен қалған өз дүниелеріндей сойып, етін Нұр-Сұлтанның базарына жеткізген.
Соттың материалдарына сүйенсек, Мөржан Бекетов біреулерден Уәлиханов ауданындағы Молодая Гвардия ауылының маңында бір табын қара мал бағылатынын және түнгі күзеті шала екенін естиді. Сөйтіп, арам ойға ерік беріп, туысы Ерлан Сабыржановтың 1989 жылғы ескі машинасымен жолға шығады. Қылмысты істе олардың жанында тағы бір кісінің болғандығы жазылған, бірақ оның кім екені белгісіз. Сол адамның аты үкімде ақыры аталмай қалады.
Діттеген жерге келгеннен кейін малдың қалай қарай жайылатынын, малшылардың қай уақытта ауысатынын бақылап, айдап кеткенде қай жаққа апару керектігі туралы жоспар құрады. Қолдарында дүрбісі бар ұрылар малдың қай уақытта қараусыз қалатынына дейін анықтап алады. Кейін белгілі болғанындай, табын “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығына тиесілі екен.
Айдап келген малды Аманжолға тездетіп сою. Ал Сабыржановқа етті қалаға жеткізетін көлік табу жүктеледі. Сосын Бекетов пен “белгісіз адам” біреуден сатып алған ескі мотоциклмен Телжан ауылына келіп, С.Мұхамеджаров деген азаматтың қорасына түсіп, ол жерден жүген мен ер-тоқым ұрлап кетеді. Әрине, іздеген заттарын адаспай тапқандарына қарағанда кімде ат әбзелдері барын оларға біреулер айтқан сияқты.
Одан әрі қарақшылар осы ауылдағы Уәлиев және Мақатов дегендердің қорасынан мінетін ат ұрлайды. Ұрылар “Жарғайың” деген жайылымда жүрген табынға келгенде таң ағарып қалады. Сондықтан күні бойы бой тасалап, түн қараңғылығын тосады. Ал көз байлана берген шақта қалың табынның бір бөлігін айдап кетеді.
Олардың айдап әкеткені 22 тұяқ асылтұқымды “Абердин Ангус” сиырлары екен. Бұлардың әрқайсысы 1 300 000 теңге тұрады. Келтірілген шығын көлемі – 28 600 000 теңге. Бірақ ұрылар ірі қараны ғана емес, ерген торпақтарын да бірге әкеткен. Әрқайсысы 500 000 теңге тұратын 24 торпақтың құны – 12 000 000 теңге. Бәрін қосқанда қарақшылар “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығын 40 600 000 теңгеге қан қақсатты.
Осынау 46 тұяқты түнімен қуалаған қарақшылар Еңбекшілдер ауданындағы “Семізбай” руднигінің тұсындағы көлдің қалың қамысына әкеліп тығады. Мөржан Бекетов осы жерден ұялы телефоны арқылы інісі Аманжол мен Ерлан Сабыржановқа хабарласып, оларға Нұр-Сұлтан қаласынан жеңіл жүк көлік әкелуді тапсырады. Ертесіне Н.Смағұлов деген шопырдың “ГАЗель” автомашинасымен жедел жеткен олар жануарларды шетінен сояды. Содан соң етті төртке бөліп, сәл сорғытып алған бойы “ГАЗель”-ге тиеп, Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтеді.
Осылай ұрылар 30 шілде мен 3 тамыз күндері аралығында 10 сиыр мен 7 торпақты сойып, еттерін Нұр-Сұлтанның “Әлем” базарына жеткізіп үлгерген. Ал сатылған еттің ақшасын өзара бөліседі.
Алайда, мал иесінің дабылымен ұрланған сиырларды іздеуге шыққан Уәлиханов ауданының ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 4 тамызда “Семізбай” руднигінің жанында жайылып жүрген 29 сиырды табады. Полиция келіп қалғанда ұрылардың екеуі ерттеулі тұрған атқа міне қашады. Олар тасты, төмпешікті, шұңқырлы жолда ұстатпай кетеді. Бірақ Ерлан Сабыржанов кейін қолға түседі. Сөйтіп, оқиғаны толығымен баяндап береді.
Ақжар аудандық сотының судьясы К.Арғымбаева істі қарап, шешім шығарды. Біреудің мүлкін ұрлағаны үшін М.Бекетов, А.Бекетов және Е.Сабыржанов Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-тармағымен сотталып, әрқайсысы бес жыл мерзімнен арқалады. Сонымен қатар “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығына келтірген және малды іздеу барысындағы шығындар үшеуінен бөліп өндірілетін болды.

Жақсыбай САМРАТ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp