«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫС АУДАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өткен жұма-сенбі күндері жұмыс сапарымен Ақжар және Уәлиханов аудандарында болып, атқарылып жатқан істермен танысты.

Алдымен Ақжар ауданындағы “Гоцак” шаруа қожалығының егістік алқабына соққан өңір басшысы қырдағы шаруамен жете танысты. 1991 жылдан бері жұмыс істеп жатқан шаруашылықтың егістік алқабы 2730 гектар жерді құрайды. Ауа райы қолайлы болса, үш-төрт күннің ішінде орақ науқаны аяқталатынын айтқан шаруа қожалығының басшысы Иван Гоцак бидайдың орташа берекелілігі гектарына 16,5 центнерден айналып жатқанын жеткізді. Мұндағы комбайндардың барлығы жаңа. Ал бастырылған астық элеваторларға жеткізілуде. Күзгі жиын-терінді тезірек аяқтауды басты мақсат еткен диқандар түннің бір уағына дейін дамыл таппауда. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, былтыр ауа райының қолайсыздығынан орақ науқаны қазан айының соңына дейін жалғасса, биыл бидайды жинау мерзімі айдың басында аяқталмақ. Осы орайда өңір басшысы “Гоцак” ШҚ-ның басшысына мал шаруашылығын дамытуға кеңес берді. Ал “Лұқбанов” ЖШС-нің егістік алқабында Ерік Сұлтанов шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті.

– Қазіргі таңда “ҚазТехМаш” машина жасау зауытында ауыл шаруашылығына қажетті техниканың 7-8 түрі шығарылады. Техника өз елімізде шығарылса, оның бағасы да қолжетімді болады. Сондықтан біз мүмкіндігімізше қолдан келген көмегімізді көрсетуге дайынбыз, – дей келе Ерік Хамзаұлы кездесуге қатысқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерінен күрмеуі қиын қандай мәселелер барын сұрады. Кездесуде ақжарлық диқандар биылғы егін шығымы көңіл қуантарлық екенін айтса, облыс басшысы жаз бойы маңдай термен өсірген егінді жауын-шашынға тигізбей, науқанды ойдағыдай аяқтау керек, деді. Одан әрі Ленинград, Талшық ауылдық округтерінде болып, жаңадан салынып жатқан тауарлы-сүт фермасының құрылысымен, “Талшық Астық ЛТД” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Ленинград ауылдық округіндегі “Бекет” фермерлік шаруашылығының құрылыс жұмысы тамыз айынан бастап қызу қарқын алған. Фермерлік шаруашылық басшысы Марат Шәпенов мұнда 600 бас қара мал ұстауға мүмкіндік барын жеткізді. Бүгінгі күні Мамлют ауданынан 200 бас ірі қара жеткізілсе, жыл соңына дейін қалғанын әкелу ойда бар. Ал тауарлы-сүт фермасының жобасы 250 миллион теңгені құрайды.  

Облыс әкімінің жұмыс сапарының екінші күні Уәлиханов ауданында жалғасты. Жұмыс барысында Кішкенекөл ауылындағы “Северная-Нива” ЖШС-нің сыйымдылығы 60 тонна шағын элеваторының құрылыс жұмыстарымен танысып, Көктерек ауылдық округіндегі “Агрофирма “Қызылту-НАН” ЖШС мен “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығының егістік алқаптарын аралады. Қазіргі таңда “Жолдасбай-Агроның” егістік алқабында озық үлгідегі “Сампо”, “Джон Дир”, “Вектор” комбайндары жүр. 3316 гектар алқаптан 20 центнерден өнім алынуда. Сондай-ақ, сұлы, рапс, тары, жүгері мен тағы басқа дәнді дақылдар да өсірілген. Облыс әкімінің жұмыс сапарының ең маңызды тұсы Қайрат ауылында өткен кездесу дер едік.

Қайрат ауылдық округінде өткен актив жиналысында Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин мен Қайрат ауылдық округінің әкімі Қайыртай Жақыповтың есептері тыңдалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасында аудан әкімі ауыл шаруашылығы негізгі саланың бірі екенін атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 4085,9 миллион теңгені құраған. Аудандағы орақ науқанының қызу жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен аудан басшысы 160 мың гектардың өнімі жиналғанын хабарлады. Бидайдың орташа шығымдылығы гектар басы 15 центнерден айналуда. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша Үкіметтің қолдауымен 154 бас ірі қара сатып алынған.

Қыркүйектегі дерек бойынша ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны – 169 адам. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 1418,1 миллион теңге. 2071 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жергілікті маңызға ие жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуден өткізуге 246,2 миллион теңге жұмсалған. Жыл басынан бері 977 адам жұмыспен қамтылса, аудандағы орташа еңбекақы – 65 337 теңге. Аудан тұрғындарының 94 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Сумен қамтамасыз етілмеген елді мекендерде нақты шаралар қолға алынған.

– Қайрат ауылдық округі аудан, облыс орталығынан шалғайда. Дегенмен, ауылдың жағдайы, атқарылып жатқан жұмыс туралы біз біліп отырамыз. Алтын бесік ауылдың жағдайын біліп, тұрғындармен арнайы кездесуге келгендіктен, сіздердің қоятын сауалдарыңыз болса, жауап беруге дайынмын, – деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Ерік Сұлтанов. Осы орайда ауыл тұрғындары облыс әкімінен Қайрат ауылына қолдау көрсетуін сұрады. Қайрат ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сансызбай Шәріпов қыстыгүні аудан орталығына қатынау үшін жол азабын тартатындарын айтты. Кездесуде тұрғындар жарық, су мәселесін көтеріп, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетулерін өтінді. Сонымен қатар, оқушылар үшін хоккей корты, стадион салынса деген үміттерін жеткізді. Қайрат ауылында ұялы байланыс жоқ. Сол себепті қайраттықтар ауылда ұялы байланыс желісі орнатылса, дейді. Ал ауыл тұрғыны – Мәулет Айтмағамбетов облыс басшыларының алыс ауылға келуі өте сирек жағдай екенін айтып, соңғы бірнеше жылда Уәлиханов ауданының түкпірдегі ауылдарына ат ізін салған әкімдердің бірі Ерік Сұлтанов екенін жеткізді. Облыс орталығынан 600 шақырым шалғайдағы халықтың мұң-мұқтажын тыңдағаны үшін өңір басшысына ауыл тұрғындары дән риза.

Тұрғындардың өтініш-тілектерінен кейін сөз алған Ерік Хамзаұлы барлық мәселені қарастырып, шешімін табуға сендірді. Жыл басы – қаңтар айында қойылған сауалдардың жауабын айтуға уәде берді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвесторларды тарту қажет екенін айтып, облыста атқарылып жатқан шаруаларға қысқаша тоқталды. Ал Қулыкөл ауылына барғанда еңбек ардагері Ақбар Ғаббасов ауылда дәрігерлік амбулаторияның күндізгі стационарға көшірілгенін айтып, бұл мәселе қайта қалпына келсе деген тілегін жеткізді. Өйткені, Қулыкөл – қаймағы бұзылмаған ең үлкен ауылдардың бірі. Мұнда 1241 тұрғын бар.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Қулыкөл-Қаратал бағытындағы жолдың жөнделіп жатқанын көріп, Қайрат ауылдық округінің “Жақсы Тұз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. “Жақсы Тұз Петропавл” серіктестігі 676,1 гектар жерде тұз өндірумен айналысып, оны Омбыға жөнелтуде. Бүгінгі таңда өндіріс кешені сапалы өнім өндіру мақсатында қажетті техникамен қамтамасыз етілген. 2015 жылдың екінші тоқсанында 4 мың тонна тұз өндірілген.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі серіктестіктің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, өндіріс көлемін ұлғайтуға қатысты нақты іс-шараларды қолға алуға кеңес берді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ақжар-Уәлиханов аудандары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp