«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫС АУДАНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы – елімізді дағдарыс толқынынан алып шығатын даңғыл жол. Онда Мемлекет басшысы дағдарыс қыспаққа алып тұрған кезеңде халықтың әл-ауқатын төмендетпей, тығырықтан шығудың нақты жолдарын көрсетеді. Уәлиханов ауданында Жолдаудың әр бағыты бойынша жоспар құрылып, жұмыстар атқарылуда. Жоспарда экономиканың барлық саласының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуына үлкен мән беріледі.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына үлкен міндеттер жүктейді. Экспорттық әлеуетті арттыру, инвестициялар тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу тапсырмалары бар.

Биыл ауданға тартылған инвестиция көлемі 2632,3 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 85,6 пайызға артық. Оның ішіндегі 2185,2 млн. теңге – кәсіпорындардың өз қаражаты. “Северная Нива” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылы сыйымдылығы 27 мың тонналық жаңа элеваторды іске қосты. Жобаға тартылған инвестиция 1 млрд. теңге. Жобаны іске асыру кезінде 40 жұмыс орны ашылды. Бұған дейін аудан бойынша элеватор тапшылығы сезіліп келгентін. Бірте-бірте оның да шешімі табылуда.

Ауданда бүгінде 28 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 150 шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Шаруашылықтар аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне елеулі ықпал етуде. АҚШ-тан асылтұқымды ірі қара сатып алып, бүгінде мал санын екі есе арттырған “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығын ерекше атап өтсек болады.

Жыл басынан бері агроқұрылымдар 589,6 млн. теңгенің 60 жаңа техникасын сатып алды. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 12 млн. теңгеге “Керей” шаруа қожалығы 91 бас ірі қара, “Құлан” бағдарламасы бойынша “Ақбота” шаруа қожалығы мен “Unite-Инвест” ЖШС 72 млн. теңгеге 345 бас жылқы сатып алды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында ғана 287 жұмыс орны ашылды.

Президент Жолдауында экономиканың жыл сайынғы өсімін қамтамасыз ету міндеті қойылған. Әсіресе, қазіргі қиын-қыстау кезеңде бұл бағыттағы жұмысты барынша ширатуымыз қажет. Экономиканың дамуына алып келетін бірден-бір жол – бұл шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін 612 нысан бар. Оның 15-і биыл іске қосылды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының демеуқаржылық, гранттық, кепілдік тетіктері пайдаланылуда. Мәселен, үздік жобалар байқауында М. Әбішевтің киіз үй өндірісін ашу және ұлттық қолөнер цехын құру жоспары мақұлданып, 3 миллион теңгенің қайтарымсыз қаржысы берілді.

Аудан экономикасының дамуына серпін беретін кен өндіріс орындары да бар. Солардың ішінде қиыршықтас өндірісімен айналысатын “Қызылту тас” және “СевКазТас”, тұз өндіретін “Жақсы тұз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ауданның бюджетін толықтыруға көп үлес қосуда. Сонымен қатар, Қайрат ауылдық округінде металл емес кенді өңдеуге және молайтуға арналған “Семізбай U” ЖШС-нің филиалы ашылып, 70 адамға жұмыс орны құрылды. Болашақта техникалық тұз, ас тұзы, мал шаруашылығына арналған тұз шығаратын зауыттың құрылысы жоспарланып отыр.

Кәсіп ашуға, қажетті білім алуға, жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегі зор. Биыл оның инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағыты бойынша 3 жоба жүзеге асты. Бидайық ауылындағы демалыс орталығының ғимараты, Кішкенекөл ауылындағы мектеп-гимназия және Қулыкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында аталмыш бағдарлама арқылы 22 жобаға 60 млн. теңге қаржы бөлінді. Онда қайта оқытылған, жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасқан тұрғындар бар. Онымен қоса, биылғы жылы осы бағдарламаның қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысынан 25 отбасы көшіп келді. Олар үймен қамтамасыз етілді, басым бөлігі жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, оларға жер телімдері тегін беріліп, кәсіп ашамын дегендерге қолдау жасалуда. Қоныс аударушылар “Золотая Нива Юг”, “Жаңа Ел” ЖШС-лерін құрып, өздеріне берілген 44011 гектар жерді игеруде. “Жаңа Ел” ЖШС-нің аудан орталығында наубайхана ашпақ ойы бар.

Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – таза ауызсумен қамтамасыз ету. Ауданда таза ауызсуға қолжетімділік деңгейі 94,2 пайызды құрайды. Биылғы жылы Чехов – Кішкенекөл ауылдарының су желісін жөндеу үшін 45 млн. 459 мың теңге бөлінді. Қаратерек, Жас қайрат, Тілеусай, Береке ауылдарының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл мәселелерді шешу үшін облыстық бюджеттен Қаратерек ауылына су құбырын орнатуға – 54 млн. 666 мың теңге, Тілеусай ауылына су құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 2 млн. 980 мың теңге, Жас қайрат ауылына қондырғы орнату үшін жарғылық капиталды толықтыру арқылы 10 млн. теңге бөлінді.

Автокөлік жолдарын сақтау мен дамыту – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі. Аудан жолдарының жалпы ұзындығы – 704 километр. Соның ішіндегі 74 километрі – республикалық, 223 километрі – облыстық, 407 километрі – аудандық маңыздағы жолдар. Биыл Ақтүйесай-Бидайық және Кішкенекөл бағытындағы жолдарды жөндеуге 340 млн. теңге қаржы бөлінді. Облыстық бюджеттен Көктерек-Тоспа-Жас қайрат-Қайрат бағыттарына – 39 млн. теңге, Чехов-Кішкенекөл бағытына – 85 млн. теңге, аудандық маңызы бар жолдарға 26 млн. теңге бөлінді.

Бүгінде елімізде абаттандыру жұмыстарына үлкен көңіл бөлінуде. Әсіресе, көрші Ресей елімен шектесіп жатқан біздің ауданымыз үшін бұл жұмыс аса маңызды. Әрбір ауылдық округте аймақтарды абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жергілікті бюджеттен 6 млн. теңгеге Кішкенекөл №2 орта мектебінде, аудандық соттың ғимаратында, Конституция саябағында спорттық тренажерлік құрылғылар орнатылды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 16 млн. 233 мың теңгеге балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салу, иесіз нысандарды бұзып, маңын тазарту сияқты жұмыстар жүргізілуде.

Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы жүйелі жұмыстар тиісінше атқарылып келеді. Әсіресе, білім берудегі ауданның көрсеткіштері қуантарлық. Биылғы жылы оқушыларымыз Ұлттық бірыңғай тестілеуде өткен жылдағыдай жалпы білім беретін мектептердің көрсеткіштері бойынша облыста бірінші орынды иеленді.

Жолдауда ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы мен студенттердің шәкіртақысын, зейнетақыны белгіленген пайыздық мөлшерде көбейту және тағы басқа мәселелер қамтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған мүлікті жария ету науқаны бойынша арнайы комиссияға 78 өтініш түсіп, жалпы құны 134 млн. 997 мың теңгенің 43 нысаны жария етілді.

Елбасымыз “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында атап өткендей, жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер.

Аман ТӨРЕГЕЛДИН,

Уәлиханов ауданының

әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp