“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС диаметрі 16-дан 1200 мм. -ге дейін полиэтилен құбырларын, тұрғын үйлерге арналған құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Кәсіпорында 18 жаңа технологиялық желі жұмыс істейді. Өндіріс орнында ИСО 9001-2001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Аттесттаудан өткен, аккредиттелген сынақ зертханамыз бар, онда шикізат сапасын анықтау және дайын өнімді сынақтан өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Осының өзі өнім сапасына баса назар аударатынымызды және өнімдерімізді экспорттауға мүдделі болып отырғанымызды байқатады.
2010 жылдан бері Кеден одағы аясында өз өнімдерімізді Ресей Федерациясына, оның ішінде Омбы, Қорған, Новосібір облыстарына экспорттай бастадық. Мысалы, 2012 жылы 2705 млн. теңгенің өнімін шығарсақ, экспортымыз 134,3 млн. теңге болды. Өткен жылы бұл көрсеткішті 209,3 млн. теңгеге жеткізіп, экспорттың үлесін 2012 жылғы 4,9 пайыздан 13,4 пайызға арттырдық. Биылғы бірінші тоқсанда Омбының “Омск Пласт Труб” жауапкершілігі шектеулі қоғамына 4 млн. теңгенің өнімін саттық. Полиуретан сияқты оқшаулағыш материалдармен қапталған полиэтилен құбырларымыз алдағы уақытта да шетелден өз тұтынушыларын табады деген сеніміміз бар. Біз соған баса назар аударудамыз.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде, экспорт көлемін бұдан да арттыра түсуге мүмкіндік молаяды. Ол үшін шығаратын өнімдеріміздің нарықтағы бәсекелестігін күшейте түсуіміз қажет. Біз тек бәсекелестікке төтеп берген тауар ғана сұранымға ие болатындығын Ресей нарығына шыққаннан бері байқай бастадық. Өндірісті, дамытамыз десек, бұл жолдан қашып құтыла алмаймыз. Өйткені нарықтың заңы мен өмірдің талабы – осындай.
Александр КОНДРАТОВ,
“ПҚМЗ” ЖШС директоры.