«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ АУДАНДЫҚ IT-ОРТАЛЫҚ

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары­мен Шал ақын ауданында болып, озық бағдарла­малардың жүзеге асу барысымен танысты. Соның бірі – қант қызылшасын өсіру мен өңдеуге бағыт­талған бірегей жоба.

«Asyl Farms» ЖШС алғашқы өнімін жинап, теріскейдің тәуекелге толы қатал климатттық жағдайында да заманауи агротехнологиялардың тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта егіс алқабы 10 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. 2028 жылға таман жылына 1 миллион тонна шикізат өң­дейтін және 200 мың тоннаға дейін қант өндіретін зауыт іске қосылмақ. Озық жобаның іске асырылуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, қант импортына тәуелділікті айтарлықтай төмендетпек. Кәсіпорын картоп өсірумен де айналыспақ. Жиналған өнімді сақтау үшін 8400 тон­наға шақталған көкөніс сақтау қоймасы салынды.

Аудан бойынша инженерлік инфрақұрылымды дамыту, цифрлық жүйені енгізу бағытында да тұрақты өсім бар. 12 елді мекенді таза ауыз­сумен қамту үшін 12 млрд. теңге бөлінген. 35 шақырым жол жөнделді. Гидротехникалық торапта жағалауды нығайту жұмыстары атқарылуда. Жергілікті қазына қаражаты есебінен аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі қалпына келтірілді. Денсаулық сақтау саласына биз­нес өкілдері де белсенді қолдау көрсетуде. «Жангелді» шаруа қожалығы Бірлік ауылында медициналық пункт салып, тұрғындардың сапалы ме­дициналық қызметке деген қолжетімділігін қамтамасыз етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сергеевкада еліміз­дегі алғашқы аудандық IT-орталық ашылды.

«Бұл – ауылдық өңірлердің цифрлық дамуына жасалған маңызды қадам. Облыс халқының жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Мұнда жаңа өндірістер ашылып, кәсіпкерлік кеңейіп, жұмыс орындары құрылуда, тиісінше заманауи цифрлық дағдыларды меңгерген кадрлар­ға сұраныс артуда. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды тікелей жергілікті жерлерде дамыту қажет. Жақын арада осындай IT-орталық­тар облыстың барлық аудандарында ашылады», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ауданда халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инф­рақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асып жатыр. Жаңа қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, заманауи сауда орындары бой көтерді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp