Біз тың және тыңайған жерлерді игеру басталған жылдары бауырын көтерген бөлтіріктей пысыған, ауылдағы қандай жұмыстың болса да, қыр-сырын жақсы білетін, қиындыққа ысылған “тіс қаққан” жеткіншектер едік. Соғыс басталардан сәл ғана бұрын туғандықтан, “бесіктен беліміз шықпай жатып”, колхоз шаруашылығының негізгі қозғаушы күші – жансебіл шешелеріміздің етектерінен ұстап, жаз егіс даласында, қыс мал қорасында есейдік. “Ана күректі әкеле ғой”, “мына айырды апарып бере ғой” сияқты мың-сан істерді мүлтіксіз орындау әдетімізге айналған. Күн демей, түн демей дамылсыз қимылдаудан буындары қалтырап, сүйектері салдырап жүрген аналарымызға мұның өзі әжептәуір қолғабыс екен-ау. Күн өткен сайын есейіп, буындары беки түскен балауса бүлдіршіндердің атқарар істері де күн санап еселене түсіпті. Бұрынғы “алып келе ғой, апарып бере ғой”, “ананы істей ғой”, “мынаны жинай ғой”-ға ауысыпты…
Өткен ғасырдың елуінші жылдары біздің колхозға да там-тұмдап, әртүрлі техника келе бастады. Доңғалақтарының бәрі темір, өрмекшіге ұқсас кішкене тракторды “Универсал”, шынжыр табанды алып тракторды “НАТИ”, “ЧТЗ” деп атайды. Олардың тізгінін ұстап, жұмысқа жегетін адамдарды арнайы курстарға жіберіп оқытады. Арнайы мамандық алып, трактордың руліне отырған ауылдастардың беделдері өсіп, абыройлары аспандап кетеді. Сондықтан да ғой, біздің ауылдың ең бірінші тракторшысы Аймырзаның Бағытайын өзі марқұм болып кеткеніне ондаған жылдар өтсе де, жұрт: “Бәкең керемет тракторшы еді ғой”, деп әлі күнге дейін ілтипатпен еске алады. Шындығында да, ең алғаш рет біздің ұлпаотан ауылымыздың тұнып тұрған тыныштығын қақыратып, арқыраған трактордың “мен келдім” дегендей, барқыраған дыбысын шығарған Бәкең біздің ауыл үшін, алпысыншы жылдардың басында бүкіл жарық дүниені таңғалдырып ғарышқа ұшқан Юрий Гагарин сияқты еді. Не нәрсенің алғашқысы болғанға не жетсін?! Ал мен үшін Бәкең мінген қара-қошқыл түсті “НАТИ” тракторы көңілімнің түбінде мәңгілік ескерткіштей, тәніме таңба, жаныма жара болып қалды.
…Әдетте, бригада басында қона жатып жұмыс істейтін адамдар таңмен таласа ерте тұрады. Таңғы ауа салқындау еді, жылы көрпенің астынан жаңа да шыққан қалпым. Денем қалтырап тоңази бастадым. Алдымда не күтіп тұрғанын білсем, қосқа қайта тығылар ма едім, қайтер едім. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ, “ойнақтаған от басады” дейді. Қоста әжептәуір жерде тұрған “НАТИ” тракторының маңында Бәкең жүр. Ол кезде тракторлардың бәрі қолтұтқамен (“рукоятка”) от алдырылады. Таңғы салқын уақытта әбден суып қалған мотор бірден от ала қоймайды. Қолтұтқаны қайта-қайта айналдырып, мотордағы майды барынша сұйылту керек. Бұл оңай іс емес. Ақ тер, көк тер болып әуреленіп жатқан үлкен кісіге көмектескім келіп кетті. Әрі тракторына мінгізер ме екен деген есек дәмем де жоқ емес. Бәкең кеспелтек келген шапаты бойлы кісі еді. 12 жастағы менің бойым оның бойына тетелес екен. Келген бетте қатарласып тұра қалып, қолтұтқаны бұрасатын ниет білдірдім. Бет-жүзі борша-борша терге оранған Бәкең қарсы болған жоқ. Тек: “Байқа, тебеді”, дегенді айтып қалды. “Тебеді” дегенінің өзі маған қызық көрінді. “Аяғы жоқ, қолы жоқ қу темір қалай тебеді?”
Бәкеңе менің көмегім ұнаған сияқты. Трактор да ұйқысынан оянғандай, трубасынан көк түтін шығып, қақалып-шашала бастады. Трактордың түтіні жиілеген сайын емексіп, сақтық дегенді мүлдем ұмытсам керек. Бар күшімді жинап қисық темірді бұрап қалғаным сол еді… Не болғанын өзім де білмеймін. Қос жанарым жарқ еткендей, қара түнекке оранып, түпсіз тұңғиыққа лақтырылып тасталғандаймын… Ақыл-есім шашылып, миым ботқа болып кетсе керек. Түк түсінер емеспін. Қанша жатқанымды білмеймін. Ептеп саңылауыма сызат түсе бастағанда байқағаным: бригаданың бар адамдары – менің айналамда. Нәзік жанды әйелдер жағы: “Өлді-ау, өлді-ау!” – деп, жылап-сықтап жүр. “Кешегі сұм соғыс басталғалы аштықтан, жалаңаштықтан, суықтан, ыстықтан қаншама бүлдіршін шаһит болып кетіп еді. Бейбіт заманда мынандай күй кешті-ау, сорлы-ай!” деп аңырайды өлім-жітімнің талайын көрген әз аналар. Шындығында да, соғыс жылдары қынадай қырылған замандастарымыздың қанша болғанын кім есептепті? Бізді “соғыс уақытының балалары” деп, құрғақ сөзбен қолпаштаған болады. Әділдігін айтса, адамзат өмірін жалғастыру өмірдің мәні десек, сол қылдай ғана болып үзілуге айналған жер бетінің тіршілікті осы күнге жеткізген біздің ұрпақ. Нағыз соғыс ардагерлері деп соларды құрметтесе, артық емес-ау…
Бригадир Мұхамеджан мені ұзын қорапты арбасына артып алып, торы төбел атын барынша пәрмендетіп, ауылға тартты. Менің есім кіргенімен, бет-аузым қол тигізбейді. Аузым толған сүйек сияқты, сәл қозғалсам, күтір-күтір етеді. Ауыл дәрігері Сергей Горчиков деген жалғыз орыс болатын. Өз ісіне мығым, елге сыйлы сақа жігіт еді. Қазақша сөйлейді.
– Ой-ой-ой! – деп басын шайқап, жанашырлықпен қарсы алды. Қабырғадағы шағын айнаға көзім түсіп еді, өзімнен-өзім қорқуға айналдым. Бет дегенің ала-құла үрленген доп сияқты, доп-домалақ болып ісініп кетіпті. Қайсы ауыз, қайсы мұрын, қайсы құлақ екенін айырып болмайды. Жараны жуып тазартудың өзі қиямет болды. Ұзын сөздің қысқасы, мен ауызды қимылдатудан, тамақ ішуден қалдым. Жараның беті он шақты күннен кейін қайта бастады. “Трактор тебеді” деген осы екен. Бұрап қалғанда керісінше айналып кеткен қолтұтқа оң жақ беттің шықшытын ала перген ғой. Ауыздағы күтірлеп жүргендер орындарынан ұшып кеткен екі тісім екен. Қалған тістерімнің бәрі босап қалыпты. Оның үстіне оң жақ жағым шытынап кетіпті. Оның бәрін несіне айта берейін, мүлдем сауығып кеткенше бейнетті көп көрдім. Бәріне емші – уақыт, күн өткен сайын тіршілікке деген құмарлығың жеңе бастайды. Ауруың да әлсіреп, сілікпесі шыққан тәнің бір мезгіл босаңсыған уақытыңда есеңгіреген есіңе әртүрлі ойлар оралады. Менің де, өз басыма келген кеселдердің жиілеп бара жатқанын, оның себептерін білгім келеді. “Неге маған ойда жоқта үстіме үй құлағандай жамандықтар кезіге береді?” деген сұрақ санама маза бермейді. Мектеп есігін ашпай жатып, ауылдағы ғұлама молда – Темірбай атама жасырын барып, Құран сүрелерін үйренетінмін. Сол кісі айтушы еді: “Адам баласының не жамандыққа кезігуі өз қылығынан. Жамандық жасаған пенде Алланың қаһарына ілігеді. Өз қылығына сай жазасын алады”, – деп… Төсегімде домалап жатып, ертелі-кеш жасаған қисық істеріме өзімше сараптама жасаймын. Соның ішінде жан дүниемді ақтарып, жаныма өшпестей таңба салып кеткен бір жағдайдың болғаны да рас.
Шамасы төрт жасар кезім болса керек. Біздің үйге жалғана салынған керте қораның төбесіне қос қарлығаш жылма-жыл келіп, саздан соғып ұя салатын. Көктем шыға ғайыптан пайда болғандай, қалықтап ұшып келеді де, қыс бойы қаңырап бос қалған ұяны жөндеуге кіріседі.
Жалпақ жаздың тамылжыған бір күні еді. Ермек іздеп ерігіп жүрген бір сәтім еді. Кенет көзіме төбедегі сырғауылдардың арасына қиыстырыла салынған дөп-дөңгелек қарлығаштың ұясы түсті. “Ұяда не бар екен? Қарлығаштың жұмыртқалары қандай болады екен?” сияқты желікпе ой жетелей жөнелді. Керте қораға мысықша өрмелеп, төбе ағашқа тырмыса жабысып, ұяға қарай бет қойдым. Қос қарлығаш дауыстары шаңқылдай шығып: “Сенің мұның не? Қайт райыңнан!” дегендей, титіміштей денелерімен бетімнен соғып өтіп өлерменденеді. Жылжып отырып, ұяға жеттім. Жұп-жұмсақ мамық жүнмен көмкерілген аядай ұяның ішінде құмалақтай-құмалақтай үш жұмыртқа жатыр. Төбеге жабысып тұрып қолға алып көру ыңғайсыз. Неде болса жерге алып түсіп көрейін, қайта әкеліп салармын деп, жып-жылы титіміштей жұмыртқаларды аузымның ішіне сала қойдым. Оқыс қимылдап қалсам керек, аузымдағы жұмыртқалардың кілегей қабықтары “бырт-бырт” ете қалды. Аузымның іші жыбырға толып кетті. Зәрем ұша шошынып, қолымнан да әл кетіп, қораның ішіндегі қатты жерге дүрс етіп құлап түстім. Аузымдағы жыбырлақтарды қалай ақтара салғанымды өзім де білмеймін. Қара жердің бетінде шаранасына оралып қыбырлап жатқан қызылшақа тіршілік иелеріне көз тоқтатуға батылым бармады… “Баяғыда” деп айтарлық сол бір сорақы көрініс – балапандарын алаңсыз асырап жүрген, ешқандай жазықсыз қос қарлығашқа жасаған озбырлығым жыл өткен сайын созылма дертке айналып кеткендей. Мына жазалануымды да сол бармақтай ғана кішкене құстардың қарғысы болар деймін. Егер аман-есен жазылып кетсем, жаны бар тіршілік иелеріне жамандық жасамаспын, қайта қолымнан келген көмегімді жасармын деп ойлаймын…
…Міне, тың және тыңайған жерлерді игеру дүрмегі басталған кезде 14 жасқа келген балаң жігіттің басынан өткен хикаялары, өмірге деген түсінік-түйсігі осындай еді. Ең бастысы бар жақсылық адал еңбекте деп түсіндік.
Сол жылы қыстың көзі қырау наурыз айынан бастап-ақ біздің ауылды басып өтіп, жайлау жаққа қарай лек-лек өтіп жатқан жап-жаңа “ДТ-54” тракторлары көбейді. Кейбір тракторларға үлкен шанаға орнатылған вагоншалар тіркелген. Олардың іші толы жас жігіттер мен қыздар. Көшеге, әсіресе, ауыл дүкенінің маңайына тоқтай қалса, вагоншалардан ақтарыла шыққан жастар шулап-улап, өлең айтып, сырнай тартып, ауыл көшелеріне ән мен күйден шашу шашып кетеді. Тракторлардың қосыла шыққан арқыраған дауыстары даладағы тіршіліктің қабырғасын қалтыратып, трубаларынан шыққан ақ түтіндері көк күмбезін көтере түскендей әсер береді. Көшпелі вагоншаның биік мұржасынан көтерілген шұбатылған шудадай будақ түтін айналаға жаңа бір тіршіліктің нәрін шашқандай аспан жүзіне жайыла түседі.
Күн өткен сайын аппақ даланың бетін айғыздап, батысқа қарай ағылып жатқан тракторлардың легі де көбейе түсті.
Біздің колхозға да бірнеше жаңа техника келді. Үлкендер өз алдына, сол жылдары 14-15 жасар балауса боз балалар кәдімгі ұшатын құстың күйін кештік. Трактордың дауысы шықса, мектептің терезесіне жаутаңдап, орнымыздан қозғалақтап қалатынбыз. Бар ойымыз “Оқу жылы тезірек бітсе екен. Ана трактордың соқасының руліне отырсақ екен…” болатын.
Ақыры, арманымыз алқынып, төзіміміз таусылған кезде оқу жылы да аяқталды-ау. Мойнымыздағы көрінбейтін қылбұрау ақыры үзіліп кеткендей, бригада басына тарттық. Ол кезде біздің ұлпа-отан ауылымызда үш дала бригадасы болатын. Әр көшенің өз бригадасы бар.
Жаяулап жеткен бір топ баланы қуана қарсы алған бригадир Мұхаметжан бізді тракторшыларға бөліп берді. Өзімше еңбек тәжірибем жетерлік сияқты. Шөп жинап, мая үюге дейінгі жұмыстармен жақсы таныспын. Өткен жаз шөп шабатын тіркемелі сенокосилкаға да отырғам. Жұмысқа ерінбеймін, қай істе болсын өз теңділерімнің алды болғым келеді. Бригададағы негізгі жұмыс 4 корпусты тіркеме соқамен жер жырту екен. Оған жап-жаңа бес трактор (“ДТ-54”) тұрақты түрде бөлініпті. Жұмыс екі кезекте тәулік бойы тоқтаусыз жүретін болады. Сонда бес тракторда 10 тракторшы, 10 соқашы бала істейді. Бригада механигі Масғұт Сабиров бізді тіркеме соқамен таныстырды. Соқаның қай тетігі қалай жұмыс істейтіндігін бірнеше қайталап, құлағымызға құйып берді. Бәрін де түсінген сияқтымыз.
Бес трактор керуендей тізіліп соқаларын сүйретіп келе жатқанда әлдеқандай көтеріңкі бір сезім көкірегіңді кернеп, өзіңді жаңа басталар ұлы дүрмектің алдыңғы сабында келе жатқандай күй кешеді екенсің.
Бізді айдалада қарсы алған бригада есепшісі Серікбай ағай атқарылар істің жобасымен таныстырды:
– Әр трактордың ауысымдық жер жырту нормасы – 8 гектар, ал тапсырыс – 10 гектар. Сонда 5 трактор тәулігіне 100 гектар жер жыртулары керек. Жұмыстың сапасын комиссия анықтайды. Жаман атқарылған жұмыс қабылданбайды. Кінәлінің есебінен қайта жүргізіледі…
Бес трактор аламанға шабатын жүйріктердей қатар-қатар тұра қалып, есепшінің қол сілтеуімен жұлқына тартты. Әр трактор өз загонына түскен екен, арттарынан таспадай тілінген қара топырақ аударылып түсіп, кешегі мен бүгінгінің арасын жалғастыратын қыл арқандай созыла берді…
Ал менің халім ше? Айналада не болып жатқанын байыптауға ешқандай мүмкіндігім болмай қалды. Өзім рулінде отырған соқа мені мүлдем тыңдамауға айналды. Кейде рамасына дейін батып, жер қойнына біржола кіріп кеткісі келгендей, тарбиып жатып алады. Жап-жаңа “ДТ-54”-тің жан дауысы шығып, соқаны тарта алмай қалады. Қызу мінезді неміс жігіті тракторшы Андрей Линд самайын сұқ саусағымен шұқылап, жұдырығын көрсетіп, жеп қоямын дегендей тістерін сақылдатып, әлек-шәлегі шығады. Жерге тереңдеп кетіп қадалып алған соқаны көтеріп, тайыздату оңай емес. Соқаның үстіне тік тұрып алып, қос қолдап тұрып күшене-күшене рулін бұраймын. Трактордың түтіні басылып, тынысы кеңігендей болады. Енді “уһ” деп тыныстайын десем, трактор соқаны ала қашып, бос келе жатқандай желе тартады. Соқа тайыздап кетіп, жердің бетін айғыздай бастайды. Тракторшы бұрынғысынан бетер жынданады. Мінезі сойқан – өз басын өзі кабинаның теміріне соққылайды… Қысқасы, біздің бұл түнгі жұмысымыз шалағай болды. Қара терге түсіп өзім де қалжырадым, ал жүгіре-жүгіре сілесі қатқан Андрей дауысы қарлығып, сыбырлап қалды. Жыртқан жердің беті – ойран-асыр…
Ақыры шыдамы таусылған Андрей мені соқадан мүлдем қуды. Ертеңінде жағдайды түсінген бригадир мені өзіміздің ауылдың тракторшысы Меңдібайдың соқасына жіберді. Байыппен сөйлейтін, ақыл тоқтатқан жігіт ағасы еді, мені бір күннің ішінде нағыз майталман соқашы етіп шығарды. Менің бар кінәм, не нәрсені болсын асығыс істейтінімде екен. Соқаны бір қалыпты тереңдікте ұстау үшін рульді бір немесе екі бұрап, жер жағдайын бақылап отыру керек болып шықты.
… Сонымен жермен жұмыс істеуге деген құштарлығым сол бұдан 60 жыл бұрынғы алғашқы борозданы тартудан басталыпты. 1960 жылы ауылшаруашылық техникумының агрофакультетін бітіріп келіп өзім туып-өскен “Баян” колхозына бас агрономдық қызметке орналастым. Бұл менің орындалған арманым сияқты еді. Өз қалауыңмен таңдап алған мамандығың бойынша қызмет атқарудың өзі – бір бақыт. Екі жылдан соң өзімнің туған ауылыма басқарушы болып тағайындалдым. Қызығы да, қиындығы да мол осы қызметте 10 жыл істедім.
1974 жылы тың игерудің 20 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысу үшін Алматы қаласына шақырылғанда үлкен бір совхоздың партком хатшысы едім. Бұл салтанатты жиынның мәні де, сәні де ерекше болды. Еліміздің бірінші басшыларымен бір шаңырақ астында бас қосып, олардың жүрекжарды сөздерін өз ауыздарынан тыңдадық.
Ең бастысы – сол үлкен жиында, тың және тыңайған жерлерді игерудің мән-мағынасы талқыланып, атқарылған орасан істер қорытындыланып, өзінің әділ бағасын алды. Шын мәнінде де, адамдар тыңды көтерсе, тың адамдарды көтерді. Еліміздің экономикасы мен әл-ауқаты, мәдениеті қарқынды қалыпқа түсіп, Отанымыз гүлдене түсті. Тыңнан алынған табыс халық шаруашылығының барлық тамырына қан жүгіртті.
Өзім болсам, 1975 жылы совхоз директоры болып тағайындалып, аудан деңгейіндегі басқа жауапты қызметтерді де жауапкершілікпен атқарып, ресми түрдегі еңбек өтілім 55 жыл болғанға дейін аянбай еңбек еттім.
Тілеген ЖЕТЕЕВ,
еңбек ардагері.
Жамбыл ауданы.