Солтүстікқазақстандық Евгений Павлов Беларусияның астанасы – Минск қаласында өткен бокс кешінде жеңіске жетті.
Жерлесіміз кәсіпқой бокстағы дебюттік кездесуінде грузин спортшысы Джабба Мемишпен (8-13, 1 KO) қолғап түйістіруі керек болатын. Алайда, ұйымдастырушылар соңғы күні қарсыласын венгрлік Патрик Хорватқа (1-1) ауыстырды. Жеңіл салмақ тұжырымы бойынша өткен кездесу алты раундқа созылуы тиіс еді. Дегенмен, ол екінші раундта аяқталды. Венгр боксшысы төрт рет нокдаунға түскеннен кейін төреші кездесуді уақытынан бұрын аяқтауға мәжбүр болды.
Жиырма жастағы Евгений Павлов тәжірибелі бапкер Қанат Орақбаевтың жетекшілігімен жаттығады. Жерлесіміздің былтыр “Бокс королі” атты халықаралық турнирде күміс медаль иегері атанғанын атап айтқан жөн.
Бұдан бөлек, Минскідегі бокс кешінде тағы үш қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіске жетті. Ауыр салмақ дәрежесіндегі Нұрсұлтан Аманжолов (3-0) шаршы алаңда Босния боксшысы Дразан Джанджанинмен (20-31, 17 КО) кездесті. Бірнеше ауыр соққы өткізіп алған босниялықтың боксты жалғастырудан бас тартуына байланысты жекпе-жек екінші айналымнан кейін аяқталды. Айдос Ербосынұлы (13-0, 9 КО) – “WBO Global”, “WBC Asia” және “WBA International” белбеулерін сәтті қорғап қалды. Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы нигериялық Нуху Лавалмен (27-7, 15 КО) болған жекпе-жекте жеңісті қанжығасына байлады. Ал жеңіл салмақта жұдырықтасқан Бек Нұрмағанбет те кәсіпқой бокстағы дебюттік кездесуін сәтті өткізді. Отандасымыз венгрлік Тамаш Ласканы (19-21-1, 10 КО) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.