Жергілікті “Қызыл-Жар СК” футбол клубы бірінші лига командалары арасындағы кезекті ел біріншілігін жеңіспен бастады.
Қызылорда қаласында жерлестеріміз “Байқоңыр” командасымен кездесті. Тартысты өткен матчта петропавлдықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.
“Қызыл-Жар СК” командасының баспасөз хатшысы Сергей Игнатовтың айтуынша, командада өткен жылмен салыстырғанда бірқатар өзгерістер бар. Жаттықтырушылар ауыспағанмен, команда сапында былтырғы құрамнан тек қақпашы Роман Нестеренко мен алаң ойыншылары Әли Әлиев, Ильдар Аитов, Виктор Гунченко және Александр Соколенко қалған.
Үстіміздегі жылы командаға үш легионер алынды. Олар: шабуылшылар Бошко Ступич (Босния және Герцеговина), Сергей Струков (Ресей), орталық қорғаушы – Уалид Хишри (Тунис).
Клуб тәжірибелі қазақстандық ойыншылармен де мақтана алады. Олардың арасында жартылай қорғаушылар Аслан Жанұзақов (Өскемен, “Восток”) пен Алмас Сапарғалиев (Өскемен, “Восток”), Тимур Байжанов (Семей, “Спартак”), қорғаушылар Андрей Бурцев (Екібастұз, “Екібастұз”) және Артем Волков (Семей, “Спартак”) бар.
Команданың бұрынғы ойыншылары жартылай қорғаушы Евгений Аверченко (“Тараз”) мен шабуылшы Тимур Мульдинов қайта оралды.
Бұдан басқа петропавлдық команда Георгий Макаев (Алматы, “Қайрат”), Тимурбек Закиров (Шымкент, “Ордабасы”), Юрий Перцух (Алматы, “ЦСКА”), Карам Султанов, Кирилл Пасичник (Астана, “Бәйтерек”), Темірлан Бегімбай (Астана, “Астана”), Әділ Серғалиев (Петропавл, “Қызыл-Жар СК”), Оусыхан Қожабаев (Шымкент, “Қыран”) сияқты болашағынан көп үміт күттіретін жас ойыншылармен толықты.
Алдағы сенбі, 16 сәуір күні “Қызыл-Жар СК” өз алаңында ақтаулық “Каспийді” қабылдайды.
Анна ПЕНЬКОВА,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.