
Бейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданының орталығындағы “Радуга” ЖШС-нің Бескөл филиалында болып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін, сол сияқты халық тұтынатын тауарлар шығаруға арналған жаңа кешенді іске қосты, “Ахмутдинов” ЖК-нің өндірістік базасымен танысты.
“Радуга” ЖШС лак және сыр материалдарын саудалаумен айналысатын қазақстандық өндірістік-сауда компаниясы ретінде 1994 жылы құрылды. Бүгін кәсіпорын Қазақстан Республикасының нарығында “Добрая рать” сауда маркасы брендімен әйгілі болып отыр және көпсалалы ірі компания саналады. Астана мен Алматыны қоса есептегенде, еліміздің 12 қаласында серіктестіктің филиалы бар. Компанияда жалпы саны 1500 адам еңбек етеді. Оның тауарлық-қаржылық айналымы 2013 жылы – 7 млрд., 2014 жылы 10,5 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорын алдыңғы жылы – 800 млн. теңгенің, былтыр 1,3 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Биыл өнім көлемін 2,5 млрд. теңгеге жеткізуді көздеуде. Бескөл филиалында 116 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық еңбекақысы 2013 жылы 80 мың теңге болса, өткен жылы 25 пайызға өсіп, 100 мың теңгені құрады.
“Радуга” ЖШС-нің бас директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуына қарағанда, аталмыш филиалға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында сомасы 1,5 млрд. теңгенің 40 шақты өнім түрін шығаратын заманауи құрал-жабдықтары орнатылды.
Ерік Хамзаұлы кәсіпорынның пластмассадан, түтікті темірден жасалған жаңа өнімдерімен танысып, полиэтилен құбырлары, қалташалар мен баулы қапшықтар сияқты өнімдер өндіретін кешенді желіні іске қосты.
– Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету үшін жыл сайын 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндетін қойған болатын. Соған орай облысымызда индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығына 100 млрд. теңгеден асатын 70-тен астам жоба енгізілді. Олардың ішінде сомасы 10 млрд. теңгені құрайтын Тайыншадағы қалайы кенін өндіретін комбинат сынды ірі жобалар да, сомасы 50 млн. теңгені құрайтын Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның сүт зауыты сияқты шағын жобалар да бар. Бұл индустриялық-инновациялық жобалар барлық аудандарды қамтитын болады. Өңірімізде солардың ең алғашқысы болып бүгін “Радуга” ЖШС-нің полиэтиленнен 40 шақты өнім түрін өндіретін кешені іске қосылып, 40 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Пластмасса өнімдеріне қажетті шикізат кәсіпорынның өзінде тұрмыстық қалдықтардан өндіріледі. Серіктестік жаңа тауарларын өзіндік дистрибьюторлық жүйесі арқылы Қазақстанның барлық өңірлеріне, сонымен бірге Ресей Федерациясының көрші облыстарына, атап айтқанда, Омбы, Дзержинск, Челябі, Саранск сияқты қалаларға шығаруды жоспарлап отыр, – деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген қысқаша сұхбатында.
Ерік Сұлтанов филиалдың түтікті металдардан екі түрлі балалар шанасын, киім-кешек үтіктейтін тақта, үш түрлі киім-кешек кептіргіш, саты, кеңселік орындық сияқты халық тұтынатын тауарлар жасайтын цехында да болды.
Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы Ерік Сұлтанов Бескөл ауылындағы “Ахмутдинов” ЖК-ге арнайы ат басын тіреп, “Парыз – 2014” байқауының бас жүлдесін иеленген кәсіпорынның материалдық базасымен танысты.
Шаруашылық басшысы Сермұхамед Оралұлы 2012-2013 жылдары өзіндік қаражат есебінен өндіріс орнының құрал-жабдықтары жаңғыртылғанын, жергілікті ақ қайыңнан халық тұтынатын тұрмыстық тауарлар, қабырғалық жиһаздар әзірленетіндігін, биоотын өндіретін цех жабдықталып жатқанын айтып берді. Өндіріс көлемі 2013 жылы 25 мың текше метр болса, өткен жылы ол 20 пайызға артып, 30 мың текше метрге жеткен. Кәсіпорында 75 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа айлық еңбекақысы өткен жылы 10 пайызға көтеріліп, 60 мың теңгені құраған. Ағаш қалдықтарынан отын брикеттерін өндіретін жобаны Индустрияландыру картасына енгізу үшін қажетті құжаттар әзірленуде. Осы жолы өңір басшысына неміс технологиясы бойынша ағаш қалдықтары мен үгіндіден қабырғалық материалдар әзірлейтін фабрика жайындағы бейнетаспа көрсетілді. Инвестиция көлемі 8,4 млрд. теңгені құрайтын Қазақстанда теңдесі жоқ бұл жобаны Индустрияландыру картасына енгізу мәселесі Астанада қаралып жатқан көрінеді. Ерік Хамзаұлы аталмыш жобаны индустрияландырудың екінші бесжылдығына енгізу мәселесін тиісті министрлікпен тездете шешуді өзінің орынбасары Ерлан Әукеновке тапсырды.
Осы күні облыс әкімі кәсіпорынның халал тағамдармен сауда жасайтын дүкенінде, еңбеккерлерді тегін тамақтандыруға арналған асханада болды. Мұнда соңғы жылдары жұмысшылар үшін салынған 5 үй мен өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар бір орталықтан жылытылады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.