
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде іске қосылуға рұқсат етілген кәсіпорындардың бірі – Петропавлдағы “КазТехМаш” машина жасау зауыты.
Бұрынғы “Шағын литражды қозғалтқыштар” кәсіпорны (“МЛД” зауыты) базасында шаңырақ көтерген “КазТехМаш” машина жасау зауыты таяуда шөп дайындайтын техникалардың алғашқы партияларын шығарып, оларды агро-құрылым басшыларына таныстырып та үлгерген болатын. Зауытта мал фермаларына арналған “Proner Asia 260” дискілі шөп машинасы, “Proner Asia ZКР 800” екі роторлы тырнауышы, “Proner Asia Z 500” пресс-жинағышы ғана емес, екі-үш білікті тіркемелер, жемазық таратқыштар да құрастырылуда. Ендігі кезек астық жинайтын комбайндарға келді.
“КазТехМаш” ЖШС-нің директоры Сәбит Шәкеновтің айтуына қарағанда, жаңа жоба Финляндияның “Sampo Rosenlew Ltd”, Австрияның “Biso”, Польшаның “Pronar” компанияларының технологияларын трансферттеу арқылы жүзеге асырылуда. Алдағы жылдары тек құрастырумен ғана айналыспай, өнімнің қазақстандық үлесін арттыра түспек. Инвестициялық жобаның құны – 1,9 млрд. теңге.
Өз кезегінде сөз алған серіктестік директоры Сәбит Шәкенов:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! “Самұрық-Қазына-Инвест” компаниясы финдік және польшалық серіктестерімен бірлесіп астық жинайтын жаңа техника зауытын іске қосуға дайын. Қазақстанға жылына 1,5 мың жоғары сыныпты комбайн қажет. Жобаны іске қосу бұл қажеттіліктің төрттен бірін өтейтін болады. Алдағы уақытта Ресейдің шекаралас өңірлеріне де экспорттаймыз. 2018 жылы комбайндағы отандық бөлшектер 60 пайызға дейін жетеді, – деді.
“Sampo Rosenlew Ltd” компаниясының бас технологі Микко Левяйярви:
– Президент мырза! Бәрінен бұрын Қазақстанда инвестицияға қолайлы жағдай жасағаныңыз, сол сияқты шетелдік инвесторларды қолдағаныңыз үшін Сізге алғысымды білдіргім келеді. Сіздің индустрияландыру саясатыңыз бен жаңа бес институттық реформаңыздың арқасында біз Қазақстан нарығына батыл еніп отырмыз. Өзіміздің алғашқы ортақ зауытымызға қуаныштымыз және старт беруіңізді сұраймыз, – деді.
– Қазақстан – аграрлы ел. Біз мұндай техникаға мұқтажбыз. Ол Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан үшін өте қажет. Мұндай машина жасау өндірісі бізге бұрыннан бері керек болатын. Бұл өте қуанышты жағдай, сондықтан кәсіпорын жұмысына жетістік тілеймін! Солтүстік Қазақстандағы кәсіпорынды іске қосыңыздар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Зауыт биыл 50 комбайн құрастырып, алдағы уақытта олардың санын 400-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Өнім толығымен әлемдік стандартқа сәйкес келеді және шетелдік аналогқа лайықты бәсекелес бола алады. Сонымен бірге солтүстікқазақстандық комбайнның бірден-бір артықшылығы – сервистік қызметтің өз өңірімізде жұмыс істейтіндігі. Сынып қалған жағдайда аграршылар жөндеуге арналған қосалқы бөлшектерді қысқа мерзімде облыс орталығындағы зауыттан алып, дала жұмыстарының тоқтауына жол бермейді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.