Тосын жайларға тап болған адамдарға дер кезінде алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің маңызы зор. Осы орайда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы, “Қазақстан халқы Ассамблеясы” қоғамдық қоры және “Қазақстан” РТРК” АҚ-ның ұйымдастыруымен қолға алынған “Шын жүректен” акция-телемарафоны аясында халықты жедел жәрдем көрсетуге үйрететін “Алғашқы көмек” республикалық шарасы да өткізілуде.
Осы орайда, облыс орталығындағы Тәуелсіздік стеласы жанында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, “Қоғамдық келісім” КММ-нің, денсаулық сақтау басқармасының, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің өкілдері жастар арасында түсіндіру және тәжірибелік жұмыс жүргізді. Сырқаты сыр берген адамға “Жедел жәрдем” көлігі келгенше алғашқы медициналық көмек қалай көрсетілетіндігі түсіндірілгеннен кейін жастар 3 топқа бөлініп, кідіруге болмайтын жағдайда реанимациялық шара қолдану, жарақат алған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, артериялық гипертензияның алдын алу жөнінде білімдерін жетілдірді.
Осыдан кейін әр топ алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сынға түсіп, жеңімпаздар Қазақстан халқы Ассамблеясының, денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
(Өз тілшіміз).