
Соғыс басталғанда менің әкем Жылқайдар Омаров 19 жаста екен. Литваның Паневежис қаласында әскери міндетін атқарып, “Максим” пулеметін игерген. Қанды қырғын басталардан бірнеше күн бұрын, яғни 1941 жылдың 17 маусымында ол қызмет ететін полкті дабылмен тік көтеріп, Шығыс Пруссиядағы мемлекеттік шекараны қорғауға аттандырады. 22 маусымдағы таңғы сағат 4-те фашистер шекарадан өткенде алғашқы соққыға ұшырағандардың арасында біздің әкеміз, қатардағы жауынгер Жылқайдар Омаров та болған.
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскерінің арасында “шекарадан шегіну” мектебі деген түсінік болған. Әкеміз – сол “мектепті” бірінші күннен бастан кешіп, барлық сабағын алған жауынгер. Бірде атысып, бірде қашып отырып Орлов облысының Кромск ауданында қоршауға түседі. Осы жерден қашып шыққан жауынгерлер жан-жаққа бытырап кетеді. Аш-жалаңаш бірнеше күн бойы орманда босқан әкем басқа амалы болмағандықтан, Большая Рыжково деген деревнядағы бір үйдің есігін қағады. Үй иелері мейірімді жандар екен, әбден ашыққан, өлім халіндегі жауынгерді үйлеріне кіргізіп алады. Неміс әскері бұл аумақты әлдеқашан басып алып, Шығысқа өтіп кеткен екен. Деревняда оккупанттар тәртібі орнап, староста тағайындалған. Осындай жағдайда үй иелері бастарын қатерге тігіп, басқа ұлттың өкілі болса да менің әкемді үйлерінде тығып, 20 күн бойы жасырған.
Бірде үйлерді тексеріп жүрген неміс патрульдері сатыр-күтір етіп кіріп келеді. Үй иесі әкемнің басына орамал жауып үлгереді. Алдына сол үйдің екі бүлдіршіні де отыра қалады. Кісіге жақын қыздар бұл уақытта әкеме үйреніп қалған екен және оны жасыру керектігін сәби жүректерімен сезінеді. Немістер алдына бала ұстап отырған “кәрі әйелден” күдіктенбей, тезірек кетіп қалады. Егер сол жолы әкем әшкереленсе, оны ғана емес, үй иелерін де атып тастауы сөзсіз еді.
Тағы бірде осы үйге немістерге қызмет етіп жүрген староста келіп, үйлерге жаппай мұқият тексеріс жүргізілетінін, сондықтан жасырған жауынгерден құтылу керектігін ескертіп кеткен. Өкінішке қарай, әкем өзін құтқарған сол мейірімді жандардың да, старостаның аты-жөнін есіне сақтамапты. Осы деревняда әкемнен басқа да бірнеше жауынгер жасырынған екен.
Кейін шығысқа қарай сырғып отырып, әйтеуір, өзіміздің әскерге қосылған. Әкем алдымен Мәскеу қорғанысына қатысып, одан Брянск пен Калинин майдандарында соғысқан. Полктің барлаушылары қатарында 429-шы жеке барлау отрядында болған. Одан 371-ші “Витебск” дивизиясының ротасында соғысқан. Үш рет ауыр жараланған. Соңғы жарақатты 1943 жылы Ржев операциясында алып, ұзақ уақыт госпитальда емделгеннен кейін соғыс мүгедегі ретінде саптан босатылған.
Жылқайдар Омаровтың жауынгерлік ерлігі бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен және бірнеше Алғыс хатпен аталған. Ол бейбіт заманда атқарған істері үшін 8 медаль мен “Еңбек ардагері” төсбелгісін алды. Соғыстан кейін анамыз Жәмилә Омароваға үйленіп, жеті бала тәрбиеледі. Қазір немерелерінің саны 20-ға жуық. Әкем бақытты отбасы ортасында 77 жасқа дейін ғұмыр кешіп, 1999 жылы өмірден өтті.
Біз әкемізді сағынышпен еске аламыз. Оны құтқарып қалған Большая Рыжково деревнясындағы мейірімді жандардың аты-жөнін білмегенімізге өкінеміз, егер білген болсақ, біз оларға әкемізді құтқарғаны үшін шексіз алғысымызды жеткізер едік.
Нұрым ОМАРОВ,
азаматтық қорғау полковнигі.
Петропавл қаласы.