“Жастар жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуы тиіс” деген Елбасымыз тәуелсіз мемлекетіміздің жастарына лайықты
білім мен тәрбие беріп, оларға әлеуметтік тұрғыдан барынша қолдау көрсетіп, ел келешегіне сүбелі үлесін қосатын азамат болып қалыптасуына жағдай жасап келеді.
Қазақ елінің дамуы мен өсіп-өркендеуі озық ойлы, кемел білімді жастарға тікелей байланысты. Болашағымыздың жарқын болуы үшін келешек ел тізгінін ұстар жастардың бойында қазақы болмыс пен елге, жерге деген патриоттық сезім болу керек. Осы орайда облысымызда мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы аясында коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде 1 облыстық және 13 аудандық “Жастар бастамалары орталығы” өз жұмыстарын бастаған болатын. Мекеменің негізгі мақсаты – жастардың азаматтық бастамаларын, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және күш-қуат, әлеуетін дамыту, өскелең ұрпақтың тың бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндігін арттырып, елеулі еңбектерінің еш кетпей, ел игілігіне жұмсалуын қалыптастыру. Сондай-ақ, өңірімізде жастар саясатын дамыту және жүйелі іске асыру, жастар ұйымдарына, ынталы топтарға консультациялық көмек көрсетіп, жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтамасыз етуге қолдау жасау.
Жалпы өңір бойынша аудандық “Жастар бастамалары орталықтарының” мамандары жиырма сегіз мың адамды қамтыған 290 игі шараға мұрындық бола білді. Ал қала орталығындағы аталмыш ұйым жастардың жеке өсуіне бағытталған он үш семинар-тренинг, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша отыз кездесу, алты спорттық, жиырма екі мәдени іс-шараны ұйымдастырды. Сондай-ақ, “Жас Отан” жастар қанаты ұйымымен он бес шараны бірлесе өткізді.
Үстіміздегі жылы “Жастар бастамалары орталығы” жетім балаларға арналған “Ашық жүрек” акциясын, жас отбасыларды нығайтуға бағытталған “Бақытты шаңырақ” сайысын, мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандар үшін “Мен де сен сияқтымын” денсаулық акциясын өткізуді ұйымдастырып отыр.
Данияр ӘБУТӘЛІП,
“Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.