«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ білім әлеміне шақырады

Дәстүрлі Білім күнінің таңы биыл да шырайлы шуағымен атты. Еліміздің әрбір мектебінде жаңа оқу жылының басталғандығын қоңыраулардың сыңғырлаған үні жеткізді. Өңір басшысы Самат Ескендіров бұл күні облыс орталығындағы екі білім беру ошағына арнайы барып, жас жеткіншектер мен қадірлі ұстаздарды айтулы мерекелерімен құттықтап, игі тілек білдірді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың ұжымы 2013-2014 оқу жылының ашылу салтанатын еліміздің Гимнімен бастады. Биылғы оқу жылында аталмыш мектептің табалдырығын аттағалы отырған 11 бүлдіршін үлкен қошеметпен ортаға шақырылған соң ,облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтау лебізін білдірді.

– Құрметті оқушылар мен ұстаздар! Бүгін Білім күні өңіріміздің әр мектебінде аталып өтуде. Біздің өңірімізде 120 мыңнан астам оқушы бар. Осы мереке күнінде Сіздерге айтылған ақ тілегім өңіріміздің барлық оқушыларына арналады. Әсіресе, бірінші сыныптың оқушыларына құрметіміз ерекше. Биыл 7 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайын Жолдауында білім саласына үлкен мән беріп келеді. Жас жеткіншектерге сапалы білім алу үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сіздер елдің болашағысыздар! Сіздердің сапалы білім алуларыңызбен еліміздің ертеңі айқындалады. Сіздерге зор табыс пен үлкен жетістік тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді Самат Сапарбекұлы.

Салтанатты жиынға келген басқа қонақтар да мектеп оқушылары мен ұстаздарға, сондай-ақ білім нәріне сусындау үшін алғашқы қадамдарын жасағалы отырған бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, игі тілектер айтты. Солардың бірі – педагогика саласының еңбек ардагері Валентина Кондратова барлық ардагерлер атынан жас буынды үлкен мерекемен құттықтап, ұстаз деген қиын да қадірлі мамандыққа ие әріптестеріне төзімділік пен жігерлік, ақылдылық мен парасаттылық тіледі.

Сондай-ақ ол өз сөзінде мемлекет тарапынан жетім балаларға көрсетіліп отырған қамқорлықтың зор екендігін айтып, балаларды осы сенімді ақтап, Қазақстан азаматы деген атқа лайық болуға шақырды.

Салтанатты жиында сөз алған аталмыш мектептің директоры Ризабек Кәкпенов мерекеге жиналған жұртшылық пен қадірлі қонақтарға өз алғысын жеткізіп, одан кейін бүгінгі таңдағы мектептің тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Ол өз сөзінде биылғы оқу жылында 184 оқушы білім алатынын, былтыр мектепті бітірген 16 шәкірттің төртеуі жоғары оқу орнына түскенін, сондай-ақ басқа түлектердің де өмірден өз орындарын тапқанын айтты. Оқушылардың түрлі байқаулар мен жарыстарға қатысып, белсенділік танытып, қол жеткізген жетістіктері де көрсетілді. Салтанатты жиын одан әрі ән мен жырға жалғасып, қоңыраудың күмбірлеген сыңғыры мерекенің сәнін келтіре түсті.

Жиыннан кейін өңір басшысы мемлекеттік мекемеде білім мен тәрбие алып жатқан балалардың тыныс-тіршілігін қадағалап, мектеп-интернаттың ішін аралап шықты.

– Бүгінгі таңда біздің облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 12 мемлекеттік мекемеде 625 бала тәрбиеленуде. Оларда балалардың жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ олардың отбасында тәрбие алулары үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде мыңға жуық бала отбасында тәрбиеленіп жатыр. Біздің мақсатымыз да осы, – деді Самат Ескендіров журналистерге берген шағын сұхбатында.

Осы күні өңір басшысының ат басын тіреген екінші білім беру нысаны – облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясы. Онда Самат Сапарбекұлы аталмыш мектептің Білім күніне арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: “Бір халық – бір ел – бір тағдыр” атты сынып сағатына шақырылды. Жылдағыдан өзгеше ұйымдастырылған бұл шараның оқушылар үшін тағылымдық тұстары көп болды. Үш 11-ші сыныптың оқушылары өңір басшысымен кездесті. Аталмыш мектептің мұражайын аралап, үлкен аудиторияға шақырылған облыс әкімі жас жеткіншектердің өнерлерін тамашалап, білім деңгейлерін байқады.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp