«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖЕТІСТІКТЕР

ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты жеке тұлғаны дамытуға бағытталған білім беру моделі бойынша қызмет көрсете отырып, жаңашылдық енгізу, азаматтық функция рөлімен әлеуметтік қажеттілігін арттыру, жастардың дене және психологиялық денсаулығын нығайту, жалпы және пәндік қабілеттерін жетілдіру, барлық пәндердің мазмұнын қоғамдық компонентпен байыту, шығармашылық ойлау және дарындылықты дамытуға жағдай жасау міндеттерін іске асырады.

Былтырғы оқу жылынан бастап мекемеміз мектеп-лицей-интернат мәртебесіне ие болды. Соның арқасында бүгінгі күні бізде аудандардан келген дарынды оқушылар да білім алуда.

Лицей оқу жоспары мазмұнының өзіне тән ерекшелігі бар, ол пәнді тереңдетіп оқыту, вариативтік білім, бағдарлы оқытуды іске асырады. Біз жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейміз. Физика-математикалық және жаратылыстану бойынша бейіндік оқыту қойылған мақсатқа қол жеткізіп, оқушы мен ата-ана сұранысына жауап беруімізге мүмкіндік тудыруда.

Өмірді тану – ғылым, өзіңді білу – өнер” демекші, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін анықтап, дамыту, зияткерлік тұлғаны қалыптастыру бойынша педагогикалық ұжым атқаратын жұмыстар оқушылардың өздігінен дамуына және түрлі деңгейдегі зияткерлік конкурстарда жоғары нәтижелерді бағындыруына жағдай жасап отыр. ХХІ ғасыр бұл тек жаһандану дәуірі ғана емес. Дарынды жастардың білім күші біздің еліміздің жарқын болашағын қалыптастырады. Білім ордасы оқушыларының халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда – 120 медаль, облыстық пән олимпиадаларында 337 жүлделі орынды жеңіп алуы біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді.

Лицейіміздің оқушылары Анна Николаева, Ульяна Блажко қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша соңғы екі жыл қатарынан “Мың бала” республикалық мәдени-ағартушылық жобасының “Асыл сөз” мектебінің жеңімпаздары атанса, биыл астрофизика бойынша өткен республикалық турнирде Артем Фартыгин, Роман Коростинский, Әділ Ахметов сынды оқушылардан құралған облысымыздың құрама командасы жүлделі екінші орынға қол жеткізді. 10-сынып оқушысы Артем Фартыгин Шри-Ланка елінде халықаралық деңгейде өткен астротурнирге қатысты.

Оқушыларымыз “Бастау” республикалық математикалық турнирінде, химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы республикалық олимпиадада жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, информатика, орыс тілі, география, биология пәндері бойынша облыстық, республикалық пән олимпиадаларында үздіктер қатарынан көріне білді.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда адами капиталдың басты құндылығына айналып отырған оқу мен білімнің қарыштаған дәуірінде рухани жаңғырудың негізгі талабы – білімнің салтанат құруы деп атап көрсеткен болатын. Білімді бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жете алмақ. Осыны негізге ала отырып, оқушыларымыздың рухани мол азық алуына, бойларына патриоттық сезімді ұялатып, жан-жақты танымдарын кеңейтуге бағытталған көптеген мазмұнды іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Бірқатар оқушыларымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” республикалық семинар-тренингіне, “Патриотизм – рухани жаңғырудың берік іргетасы” атты жас қазақстандық патриоттардың республикалық форумына, Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен өткен “Көшбасшы жолы” республикалық мектеп турына қатысу мүмкіндіктеріне ие болды.

Тәрбие жұмысының тиімділігі қойылған мақсат, міндеттердің және қол жеткізген нәтиженің ара-қатынасын салыстыру өлшемі арқылы анықталады. Ал алдағы жұмысқа түзетулер мен жаңалықтар енгізу үшін тиімділікті зерттеу әдісі қолданылады. 2017 жылы “ЛОРД” лицейі өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беру ісіне, білім, ғылым саласына қосқан зор үлесі үшін “Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы” қоғамдық қорының рейтингі бойынша еліміздегі жүз үздік оқу орнының қатарына енді. Мен инновациялық білім ордасының басқарушысы ретінде өз жұмысымда “SMART-мақсат” пен “SWOT-талдау” әдістерін қолданамын. Әрдайым лицей ұстанымдарына сәйкес жоспарлы жұмыс атқаруға тырысамын.

Біздің білім ордамызда бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр бар. Ол әр ұстаз бен оқушыға аманат ретінде тапсырылатын құнды жәдігер тәрізді. Тәжірибелі ұстаздарымыз жастарға білім беріп қана қоймай, өздерінің ізін басар азамат пен маманды да тәрбиелеуі тиіс. Бұл дәстүр жалғастығы алдағы уақытта да үзілмейді деген сенімдемін.

Гүлжан ЖАҚАНОВА,ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp