«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒА ҰМТЫЛҒАН АРУЛАР

Волейболдан әйелдер командалары арасындағы XXVII ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Ұлттық лига шеберлері тартысқа түскен сайыстың нәтижесінде жергілікті “Қуаныш” турнир кестесінде бесінші орынға тұрақтады. Осы орайда біздің өңірімізде командалық спорт түрлері, оның ішінде әйелдер волейболының даму барысына көз жүгіртіп өткенді жөн санадық.

Бүгінгі таңда волейбол – Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танымал, Олимпиада ойындарының тізіміне енген спорт түрі. Оның өңірімізде дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген мамандардың бірі – Владимир Шмелев. Петропавлдағы педагогикалық институтты дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған ол бұл салаға кездейсоқ келген адам емес. Көп жылдар Қызылжар ауданындағы Шахау орта мектебінде оқушыларды волейболға баулып, білікті спортшыларды тәрбиелеген. Тәжірибелі бапкер 2018 жылдан бастап “Қуаныш” командасының жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Әйелдер волейболының басы-қасында жүрген маманның пікірі оқырмандар үшін маңызды деп ойлаймыз.
Оның айтуынша, аталмыш ойын ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары танымалдыққа ие болып, қарқынды дами бастаған. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғапов құрған “Буревестник” командасы 1969 жылы КСРО-ның, 1970-1971 жылдары Еуропа чемпионатының кубогын жеңіп алған. 1984 жылы Алматы қаласының әйелдер волейбол командасы КСРО-ның чемпионы атанды.
– Бүгінгі таңда елімізде волейбол жақсы дамуда. Бұл спорт түріне біздің өңірімізде де үлкен қолдау көрсетілуде. Қазіргі уақытта біздің тәрбиеленушілеріміз әйелдер командалары арасындағы ел біріншіліктерінде кез келген қарсыласқа төтеп бере алатынын дәлелдеп жүр. Бірақ бұл көрсеткішке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз. Оның артында атқарылған үлкен жұмыс жатыр. Волейболшы қыздардың жаттығу залында толассыз төккен тері, білікті бапкерлердің еңбегі бар. Бүгіндері әйелдер арасындағы жоғары лигада өңір намысын қорғап жүрген “Қуаныш” волейбол клубы – сол еңбектің жемісі, – дейді Владимир Юрьевич.
Әңгіме барысында білікті бапкер облысымызда әйелдер волейболының даму тарихына қысқаша тоқталып өтті.
– Волейболдың солтүстікқазақстандықтар арасында кеңінен танылуына Жамбыл ауданының тумасы, білім беру саласында қырық жылға жуық еңбек еткен Владимир Удачиннің, қазіргі уақытта “Қуаныш” клубының балалар тобын жаттықтырып жүрген Владимир Перепечиннің, Қызылжар ауданындағы Асаново мектебінде көп жыл еңбек еткен Евгений Овчинниковтың және тағы басқа жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі зор,– дейді ол.
Соңғы жылдары әйелдер волейболының екінші тынысының ашылуына Тимирязев ауданындағы “Қуаныш” шаруа қожалығының басшысы Қайырбек Хамзиннің қосқан үлесі өлшеусіз. Тапқан табысын осындай игілікке жұмсауды ұйғарған Қайырбек Сәдуақасұлы облыс намысын қорғай алатын қыз балалардың волейбол командасын құруды ұйғарады. Кәсіпкердің бұл бастамасын өңір басшылығы да қолдап отыр. Соның арқасында 2014 жылы спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта қыз балалардың волейбол тобы ашылып, жас команда құрылды.
Осылайша, додаға қосылған “Қуаныш” спортсүйер қауымды қуантумен келеді. Құрылған күннен-ақ біздің өңірдің жас волейболшылары ел чемпионатының “Б” лигасында сынға түсіп, бірінші жылы үздік үштікті түйіндесе, екінші жылы жеті үміткердің арасынан оза шауып, “А” лигасының жолдамасын қанжығасына байлайды. Волейболшы қыздар сенім үдесінен шығып, 2015 жылы ел чемпионатының “А” лигасында үшінші болса, 2016 жылы чемпион атанған. Сондай-ақ, ел біріншілігінің жазғы универсиадасының екі мәрте жеңімпазы, 2017 жылы облыс құрамасының сапында жастар ойындарында күміс жүлдегер атанады. Кәсіби ойын өрнегімен жанкүйерлерін қуантып, өңірдің намысын абыроймен қорғап жүрген “Қуаныштың” ұлттық лигаға жолдама алуы – облыстың волейбол тарихындағы үлкен жетістік.
Қыздар бүгіндері бас демеушінің қолдауымен жөндеу жүргізілген жаңа нысанда жаттығуда. Бұл жерде волейболшылардың еркін жаттығып, ел біріншілігіне дайындалуына барлық жағдай жасалған. Кең әрі жарық нысанда қажеттінің барлығы да бар. Клубтың спорттық директоры Степан Притула команданың негізгі тобымен бірге ізбасарларды да даярлау қолға алынғанын, жас ерекшеліктеріне қарай облыс оқушыларынан бірнеше топ құрылғанын айтады.
– Қазіргі уақытта біздің клубта үш бөлімше бар. Волейболшыларымыз ұлттық лига шеберлері сынға түсетін ел біріншілігінде, 23 жасқа дейінгі қосалқы құрам сайысатын ұлттық лигада, тағы үш команда ел біріншілігінің балалар лигасында өнер көрсетуде. Кәсіпкердің қаржылай қолдауы бізді қамшылай түседі. Ол “Қуаныштың” жарыстарға қатысуына, жаттығуларына, жол шығындарына жыл сайын қомақты қаржы бөліп отыр. Бұл үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Степан Алексеевич.
Клуб басшылығының айтуынша, кәсіби командаларда 28 спорт шеберлігіне үміткер бар болса, балалар командаларында – 24, ал алғашқы дайындық тобында 37 адам жаттығуда. Оларға Азамат Есімов, Дмитрий Зверев, Салтанат Қошқарбаева, Ойрат Еркенов пен Игорь Шефер сияқты білікті бапкерлер волейболдың қыр-сырын үйретуде.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp