«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АБЗАЛ ЖАН

Жер бетінде адам денсаулығын қорғап, сақтаудан өткен қандай сауапты іс болуы мүмкін?! Дәрігерлердің күн-түн демей атқаратын еңбектері өз кәсібіне деген адалдығының ғана емес, денсаулығы сыр берген науқасқа көмек қолын созуға даяр кісілік қасиеттері бұл мамандықтың маңызын асқақтата түсері хақ. Облысымызда осындай ақ халатты жандар баршылық. Олар – сағат сайын адам жанына араша түсіп, сырқатына шипа іздеп келгендердің дертіне дауа тауып, халықтың алғысына бөленіп жүргендер. Сондай дәрігердің бірі – Сәбира Дайырова.

Ол Петропавлдағы №3 қалалық емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келеді. Емхана жұмысын ұйымдастыру, жоспарлау, қадағалау сынды міндеттермен айналысып жүрсе де, оны өңір жұртшылығы бала дәрігері ретінде таниды. Себебі, саналы өмірін Сәбира Дайырова – балалар денсаулығын сақтауға арнаған абзал жан.

Шал ақын ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген болашақ дәрігер отбасындағы жеті баланың бірі еді. Бала күнінде көмекке зәру науқас жандарды емдеумен айналысуды өзіне мақсат етіп қояды. Сол себепті де мектепті бітірген соң Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқуға түсіп, оны балалар дәрігері мамандығы бойынша тамамдап шығады.

1985 жылы интернатураны облыс орталығындағы балалар емханасында өтті. Содан кейін жолдамамен Тимирязев ауданының орталық ауруханасына жұмысқа тұрды. Аудандық аурухананың инфекциялық аурулар, одан кейін педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі болды. 2007 жылы аталмыш аурухананың емханасына жетекшілік етті. Сол жылы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Екі жылдан кейін аудандық емдеу мекемесінің бас дәрігері лауазымына дейін көтерілді.

Сәбира Дайырова Тимирязев ауданында ширек ғасырға жуық уақыт қызмет істеді. Кезінде ауданның бас балалар дәрігері болды. Осы уақыт аралығында оның алдынан бір емес, бірнеше ұрпақ өтті. Қазіргі таңда қаладағы емдеу мекемесінің әкімшілік жұмысымен айналысқанына қарамастан, өңіріміздегі балалардың денсаулығы оның үнемі назарында.

Ол кездері халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлығынан шығар, балалар арасында жұқпалы ауруларға шалдығушылық бүгінгіге қарағанда әлдеқайда көп болды, – дейді дәрігер.

Ол жұқпалы аурулар саны азайғанымен, әлеуметтік маңызы бар дерттердің жасарып бара жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, аталмыш емхананың өзінде қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқас балалардың саны – 6. Жүрек-қан тамырлары, қант диабеті сынды созылмалы сырқаттармен ауыратын өскелең ұрпақ та көбеймесе, азаймай тұр. Бұл да өз алдына көкейкесті мәселелердің бірі деп есептейді дәрігер.

Әлбетте, қазір медицина саласы бұрынғыға қарағанда көш ілгері. Елбасының бұл салаға жасап отырған қамқорлығының арқасында емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасы жыл санап жақсара түсуде. Заманауи талаптарға сәйкес тұрғызылған №3 қалалық емхана соның айқын дәлелі. Сәбира Дайырованың айтуынша, мекеме емдеу ісін жүргізуде маңызды рөлге ие. Шындығында да, қаланы қойып, облысымызды алар болсақ, бұл емханадай ғимарат өңіріміздің еш жерінде жоқ. Мұнда ересектер, балалар, әйелдер консультациясы бірге орналасқан. Және облыс бойынша алғашқылардың бірі болып бұл емханада 2013 жылы жалпы тәжірибе дәрігерінің кабинеттері ашылды. Оны халық арасында “отбасылық дәрігер” деп атап кеткен. Бастапқыда мұндай жаңашылдыққа қарсы болған тұрғындар аз болмаған. Бірақ уақыт өте оның тиімділігін жас та, кәрі де мойындады. Өйткені, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралудан ұтар тұстары көп.

Емханадағы кезектіліктен бастап отбасы мүшелерінде тек арқылы таралатын дерттерді анықтап, оны дер кезінде емдеуде де бұл кабинеттердің ұтары мол, – дейді дәрігер.

Қазіргі таңда емханада отбасылық дәрігер алтау болса, тамыз айына дейін тағы төрт кабинет ашу көзделіп отыр. Осының барлығы медициналық қызметті жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз. Сәбира Дайырова осы жаңашылдықтардың өз нәтижесін беріп жатқанын айтады. Соның бір ғана дәлелі дәрігерлерді қағазбастылықтан азайту шаралары тиімді атқарылып, бүгінде электронды жүйенің ендірілгенін қуана құптайды.

Халыққа жасаған еселі еңбек ескерусіз қалмасы белгілі. Сәбира Дайырова облыс әкімінің Алғыс хатымен және Денсаулық сақтау министрлігінің “Денсаулық сақтау саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Өз ісін бес саусағындай білетін ақ халатты абзал жан ұлы Қайсардың анасының ісін жалғап, дәрігерлік мамандықты игеріп, өңірімізге келіп еңбек ететіндігіне дән риза.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp