«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ

Отандық медицина күн сайын жаңа белеске көтерілуде. Заманауи техноло­гия­лар өз алдына, емдеу ісі жетілдіріліп, озық тәжірибе қолданысқа енгізілуде. Әсіресе, жыл санап қарышты дамыған кар­диология саласында атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Жергілікті жерде жү­рекке ота жасау, қан тамырлар жүйесі ау­руларының алдын алу бағытында да соны серпіліс байқалады. Бұл орайда денсау­лық сақтау саласының дамуына айтулы үлес қосып жүрген облыстық кардиоло­гия­лық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов сынды абырой биігінен көрінген азаматтардың үлесі қомақты. Жақында денсаулық сақтау саласының үздігі, “Құр­мет” орденінің иегері Азамат Белгібай­ұлы­мен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Тәуелсіздік мерекесінде елі­міздің әлеуметтік-экономикалық да­муы­на өлшеусіз үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды. Солардың ішінде өзіңіз де барсыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?
– Ата-бабамыздың арманы болған Тә­уелсіздік мерекесінің біз үшін орны бөлек. Азаттықтың арқасында еліміз өсіп-өркен­деп, қанатын кең сермеуде. Бү­гін­де қай салада болмасын, алға жылжу бар. Кеңес өкіметі құлаған кезде медици­нада­ғы жағдай өте ауыр еді. Талай қиын­дық­ты еңсеріп, баршамыз бір адамдай денсау­лық саласының дамуына үлес қостық. “Құрмет” ордені сол еңбектің өтеуі шығар. Орден алған қуанышты сәт өмірім­нің ұмы­тылмас естелігіне айналары сөзсіз.
– Мамандығын шексіз сүйген адам ғана осындай табысқа қол жеткізеді. Жал­пы, дәрігер болуды балалық ша­ғы­ңыздан армандаған шығарсыз? Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен Қостанай облысы, Жангелдин ау­да­нының тумасымын. Бала күнімізде ауыл­ға студенттердің құрылыс бригадасы келетін. Ол тұста жастардың уақыты қызықты өтетін. Соларға көп еліктейтін едім. Ин­женер-құрылысшы боламын деп ойла­дым. Алайда, 1971 жылы мектепті тамам­даған тұста Қарағанды медициналық инс­титутынан дәрігерлер келіп, түлектер арасында үгіт-насихат жүргізді. Сөйтіп, мен дәрігер мамандығын таңдадым. Емдеу ісі фа­культетінде білім алып, терапевт болдым. Ал­дымен өзімнің туған жерім Торғай өңі­рін­де, кейін Қызылжар топырағын­да еңбек ету бұйырды. Медицина сала­сын­да жүргеніме қырық жылға жуықтады. Бұл саланы таңдағаныма ешқашан өкін­ген емеспін. Дәрігер үшін еміне шипа ізде­ген жан­дарға қол ұшын созып, алғысқа бө­ленуден асқан бақыт жоқ.
– Өзіңіз жетекшілік ететін кардиоло­гия саласында қандай жаңашылдық­тар орын алуда?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет қау­­лысымен кардиологиялық және кар­дио­хи­рургиялық көмектi дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарла­ма­сы бекiтілді. Сол жылдары жергілікті жер­лерде кардиология саласын жетілді­руге ерекше көңіл бөлінді. Біздің облыста екінші қалалық емхананың базасында кардио­логиялық орталық ашылды. Мекеме ашыл­­­ған уақыттан бері ауқымды жұмыс ат­қарылуда. Алдымен кадрлардың білік­ті­лігін жетілдіру, медициналық кешеннің материалдық-техникалық базасын нығай­туға басымдық берілді. Емдеу ісіне қажет бірқатар заманауи қондырғылар сатып алынды. Жасанды қан айналымы аппара­тымен ангиографтың арқасында жүрек ау­руларын тексеру жеңілдеді. Бұрын жүрек­тегі ақауды кардиограмма немесе қан тал­дауы арқылы анықтасақ, заманауи ме­ди­цинада қолданысқа енгізілген корона­ро­графиялық тексеру жұмысты одан әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Соның арқасында жүректегі түтікшенің қай жерде бітелгенін бірден анықтаймыз. Бітеліп қалған тамырға стент қою арқылы жүректің қан айналымын жақсарту оң жол­ға қойылды. Біліктілігін жетілдірген кар­дио­логтар біртіндеп жүрекке ота жа­сай бастады. Осыдан бірнеше жыл бұрын кар­диологиялық орталықта оқыс оқиға орын алды. Науқасқа ота жасау сәтінде жарық өшіп қалды. Қуат көзі қосылғанша, жасан­ды электроқондырғыны жиырма минут дәрігерлер өздері айналдырып тұр­ды. Сөйтіп, қолы алтын әріптестерім сыр­қат­тың өмірін құтқарып қалды. Бұдан дә­рігер­лердің өз міндетіне адалдығын аң­ғара­мыз. Біз әр науқастың өміріне жауап­ты­мыз. Әріптестерімнің алғысқа бөленуі – мен үшін зор мәртебе. Біздің дәрігерлер Аме­рика, Оңтүстік Корея, Жапония, Из­раиль, Германия, Швейцария, Италия сияқты әлемнің бірқатар елдерінде тәжі­рибе жинақтады.
– Өзіңіз айтып өткендей, отандық ме­дицина жылдам дамуда. Ал оның әлеуетін арттыруда ал­дымен неге көңіл бөлген жөн?
– Әлбетте, тұрғындарды сапалы әрі қол­жетімді медициналық көмекпен қам­та­ма­сыз етуде, денсаулық сақтау сала­сын дамытуда заманауи технологиялар­дың көмегі зор. Сондықтан медициналық мекемедегі жабдықтар жаңартылып тұ­рады. Өткен жылы жаңа ангиографқа қол жеткіздік. Оған республикалық бюд­жет­тен 468 миллион теңге бөлінді. Жа­қын­да жаңа құрылғыны іске қосу жоспар­лануда. Нар­козды тыныс алу аппараты, ультрадыбыс­тық құрылғы да сатып алын­ды. Мұндай құрал-жабдықтар жүрек дер­тін дер кезінде анықтауға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар жергілікті бюджет қар­жысы есебінен 36 миллион теңгеге жыл­жымалы диагнос­ти­калық рентген аппара­тын сатып алдық. Биыл жергілікті бюджет есебінен қан та­мыр­лары хирургиясы бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Бүгінгі таңда орталықта күніне қан­ша ота жасалады? Өткен жылы қанша өңір тұрғыны медициналық көмек алды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын ақ халат­тылар қан тамырлар жүйесіне, туабітті жүрек дертіне шалдыққан науқастарға ота жасауды тәжірибеге енгізді. Кейде адам­ның жүрегі қатты немесе баяу соғады. Элек­трофизиологиялық зерттеу әдісі арқылы ағза моторы қалыпқа келтіріледі. Сондық­тан жүректің жұмысын қалпына келтіру мақсатында біздің орталықта түр­лі оталар жасалады. Сырқаттың өмір сү­ру жасын ұзар­тып, медициналық көмекті жетілдіру­де оның пайдасы зор. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында барлық ота науқастарға тегін жасалады.
Былтыр 1800-дей коронарография­лық зерттеу жүргізсек, 820 сырқаттың жү­регіне стент қойылды. Жүзден астам адам­ға аортакоронарлы шунттау жасал­ды. Туабітті ауруға шалдыққан 70 науқас­тың жүрек клапаны ауыстырылды. Ота жа­сатуға кезек күткен сырқат жоқ. Ал ор­талықтағы кардиология бөлімшесінде ишемиялық жүрек сырқаты бар, арте­риал­ды қан қысымы жоғары науқастар портал кезегімен ем алады. Жалпы, 2019 жылы біздің орталықта алты мыңға жуық адам емделді.
– Жыл сайын медицина саласына қо­мақты қаржы бөлінеді. Соның ішінде кар­диологияны жетілдіруге ерекше ба­сымдық берілгенін атқарылған жұ­мыс­тар­дан аңғаруға болады. Десе де, қазір жүрек-қан тамырлары жүйесі ау­руына шал­дыққан сырқаттар саны кө­бейме­се, азайған жоқ. Мұның себебін қалай түсіндіресіз?
– Бүгінде әлем бойынша қан-тамыр жү­йесі аурулары кеңінен таралған. Өкі­ніш­ке қарай, жүрек ауруынан болатын өлім-жітім көрсет­кіші жоғары. Біздің де елімізде жү­рек дер­тіне шалдыққандар саны басым. “Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жо­лын ізде” демекші, облыста жүрек сырқа­тының алдын алу мақсатында жыл сайын скринингтік тексерулер жүргізіледі. Десе де, соңғы он жылдың ішінде облыста жү­рек-қан тамырлар жүйесі ауруларынан өлім үш есеге азайды. Бұл жетістік меди­ци­на­да ат­қарылған жұмыстың нәтижесі деп ойлай­мын. Ал сырқаттар санының кө­беюіне әр­түрлі жағдай әсер етеді. Соның бір себебі – дұрыс тамақтанбау. Қазір адам­дарда қоз­ғалыс азайды. Қимыл-қоз­ғалыстың азаюы жүректің қалыпты қыз­ме­тін бұзады. Сон­дық­тан бір мезгіл жаяу жүру денсаулыққа пайдалы екенін айтқым келеді. Көп күй­зеліске түсуге де бол­майды. Өйткені, күй­зеліс түрлі сырқаттың туындауына ықпал етеді. Еліміздің өзге өңірлерімен салыс­тырғанда біздің облыс­та жүрек-қан тамыр­лары жүйесі аурула­рына шалдыққан сыр­қаттар саны басым. Өйткені, өңірде егде жастағы тұрғын­дар­дың үлесі жоғары.
– Кардиологиялық орталықта маман тапшылығы бар ма?
– Өткен өміріме көз жүгіртіп өтсем, ме­дицина саласында кадр тапшылығы ке­ңес өкіметі тұсында да өзекті болатын. Ау­дан орталықтары мен ауылдарды айтпа­ған­да, қалада дәрігер тапшы еді. Қазіргі қолда­ныс­та­ғы ультрадыбыстық, эндоско­пия­лық, МРТ, КТ, диагностикалық аппарат­тар мүл­дем жоқ болатын. Дегенмен, сол қиын­дық­тарды дәрігерлер қажырлы еңбекпен еңсерді. Қолдарынан келгенше науқас­тар­ға сапалы көмек көрсетуге тырысты. Құ­дайға шүкір, қазір емдеу ісінде озық тех­нологиялар мен құрал-жабдықтар кеңінен пайдаланылады. Бүгінде кардиология­лық орталықта 337 адам жұмыс істейді. Соның 54-і – дәрігер, 151-і – орта буын қыз­меткер. Бізде маман тапшылығы жоқ. Алайда, өңірдегі он үш ауданға кардиолог дәрігер жетіспейді. Сондықтан барлық жа­уап­кершілік жалпы тәжірибе дәрігерле­ріне жүктелген. Сол мамандарды оқытып, тығы­рықтан шығар жолды қарастыруда­мыз. Халқымызда “Шымшық сойса да, қа­сапшы сойсын” деген тәмсіл бар. Әркім өз сала­сында қызмет атқаруы тиіс. Ал аудан­дарда кар­диолог мамандардың тапшы­лы­ғы біздің жұмысымызға кедергі келтіру­де. Соның салдарынан кардиологиялық орталықта жұмыс жүктемесі көп.
– Бүгінде облыс орталығында ем­деу мекемелерінің жұмысын оңтай­лан­дыру мақсатында бірнеше медици­налық ұйым біріктірілді. Соның ішінде кардиологиялық орталық та бар. Бұл жаңашылдық туралы ойыңызды білсек.
– Өткен жылдың желтоқсан айында об­лыстық ауруханаға онкологиялық диспан­сер, кардиологиялық және перинаталдық орталықтар біріктірілді. Бұл шешімнің дұрыс-бұрысын алдағы уақыттың енші­сіне қалдырайық. Медицина саласында қы­рық жылға жуық еңбек етудемін. Осы­дан отыз жыл бұрын да ауруханаларды біріктіру тәжірибеге енгізілген болатын. Өкінішке қарай, одан оң нәтиже шыққан жоқ. Емдеу мекемелерін біріктіруден еш­қандай пайда таппаймыз. Құдайға шүкір, медицина саласын қаржыландыруға мем­лекеттің мүмкіндігі бар. Өйткені, елдің ас­ты да, үсті де байлыққа толы. Емдеу меке­мелерін бір орталықтан басқару медици­налық мекемелердің ұйымдастыру жұ­мыстарына кедергі келтіреді. Қы­зылжар қаласында құрылысы басталған заманауи ауруханаға облыс орталығын­да­ғы емдеу мекемелері көшірілетіні құптарлық іс.
– Бүгінде ағза ауыстыру – күрделі мә­селе. Біздің өңірде жасанды ағзаға сұ­раныс бар ма?
– Облыс бойынша үш адамға Нұр-Сұл­­тан қаласында Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургия орталығында транспланта­ция жасалды. Қазір олардың денсаулығы жақсы. Сырқаттар біздің бақылауымызда. Бүгінгі таңда тағы бір науқастың жүрегін ауыс­тыру қажет. Ол қазір кезекте тұр. Ал рес­публика көлемінде ағза ауыстыруға мұқ­таж жандар көп.

 

Әңгімелескен  Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp