1 наурыз – Алғыс айту күніне орай облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы Ерік Сұлтанов:
– Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен сыйластығының жарқын мерекесі. Әртүрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностарды “Мәңгілік Ел” идеясы төңірегіне біріктіруде Алғыс айту күнінің маңызы ерекше. Біздің облысымыз еліміз бойынша өзге этнос өкілдері көп шоғырланған өңірлердің бірі болып табылады. Бүгінде біз этносаралық келісім мен тұрақтылықтың аясында мамыражай өмір сүрудеміз. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы оның бір дәлелі. Мен Ассамблеяның барша ардагерлерін осы атаулы күнмен құттықтаймын. Елімізде, өңірімізде бірлік пен тұрақтылықты орнатуда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз, – деді.
Содан кейін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан құрылған этномәдени бірлестіктердің өкілдері сөз алып, Алғыс айту күнінің маңызына, оның көпэтносты Қазақстанның өмірінде алатын рөліне тоқталып, бірлік пен татулықты ту еткен еліміздің жеткен жетістіктерінің көшбасында тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатына жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олардың қатарында тағдырдың тәлкегімен қасиетті қазақ топырағына аяқ басқан, осында туып, білім алған, өмірдің сан алуан саласында қызмет атқарған ардагерлер, жастар болды.
Ассамблея ардагері “Русская община Казахстана” қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Тимошин біздің өңірімізге өткен ғасырдың басында келіпті. Балалық шағы соғыстың зардапты уақытына тұспа-тұс келген ол күрделі шақта қолдау көрсеткен қазақ халқының қайырымдылығын ешқашан есінен шығармақ емес. Қиын-қыстау кезеңде жатсынбай бауырына басып, бір үзім нанды бөліп берген қазақ халқына деген алғаусыз алғысын жүрекжарды жыр жолдарымен жеткізді.
“Біз келер жылы Қазақстанда тұрғанымыздың сексен жылдығын атап өтпекпіз. Басымызға күн туған алмағайып кезеңде көмек қолын созып, жанымызға батқан ауыртпалықпен бөліскен осынау қазақтай мерейлі халыққа айтар алғысымыз шексіз”, – деген “Қазақстан кәрістері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Евгений Хан аталмыш мерекенің ел бірлігін одан сайын нығайтуға септесетіндігін, оның өскелең ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуде маңызының ерекше екендігін атап көрсетті.
Сонымен қатар, жиын барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бірқатар жас өкілдері сөз алып, мемлекет тарапынан еліміздің барша өрендеріне толағай мүмкіндіктер беріліп отырғандығына алғыстарын жеткізіп, алған білімдері мен тәжірибелерін ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне жұмсайтындарына сенім білдірді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.