Ұлттық ұлан академиясының саптық алаңында облыс аумағында су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстарда табандылық, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен курсанттарға, әскери қызметшілер және полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, қажырлы еңбектері үшін медальдар, грамоталар және Алғыс хаттар табысталды.
Көктемде өңірдегі елді мекендерді үлкен судан аман алып қалу, бөгеттерді нығайту жұмыстарына Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен әскери қызметшілер, тәртіп сақшылары көмектескені белгілі.
– Азаматтардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз ететін ішкі істер қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін, берік азаматтық ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Жас жігіттер нөсер жаңбыр мен қатты желдің өтінде тәулік бойы жұмыс істеді. Бұл жұмыстар оларға физикалық және психикалық тұрғыдан үлкен сынақ болды. Бірақ олар тәртіптің, төзімділіктің және адалдықтың үлгісін көрсете отырып, абыроймен атқарды. Өз елінің нағыз патриотын тәрбиелегені үшін ата-аналарына алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алдағы уақытта құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешуге барынша көңіл бөлінетіндігін тілге тиек еткен өңір басшысы академия курсанттарына, әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлеріне Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалін, «Ішкі істер органының үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасымен облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Марапатталғандардың арасында Қызылжар ауданының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Шәмшиден Ақышев бар. Ол «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды.
– Су тасқыны кезінде бірде-бір құқық бұзушылық пен қылмысқа жол берілмеді. Барлық күштік құрылымдар бөгеттер тұрғызумен қатар, су басу қаупі бар аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялауға да көмектесті, – дейді Шәмшиден Ақышев.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».