Петропавлдық полиция инспекторлары республикалық “Жолда қабылдау” акциясын жүргізуі кезінде оған көптеген тұрғындар, соның ішінде бір мұғалім алғысын білдірді. Әйел мұғалімнің айтуына қарағанда, жалғыз ұлы көп жылдан бері жаман әдетке бой алдырған екен. Соны учаскелік инспекторлар Жақсылық Исмақов пен Дәурен Рымбаев қолға алып, түзелу жолына салыпты. Учаскелік инспекторлардың үзбей қадағалағандығының арқасында жас азамат түзеліп, арақты қойып, жұмысқа кірген.
“Жолда қабылдау” акциясы өткен екі күннің ішінде полицейлерге 100-ден астам сұрақ келіп түсті. Олардың басым бөлігі – онлайн-форматта. Өтініштерден байқайтын болсақ, солтүстікқазақстандықтарды мазалайтыны мотоцикл жүргізушілерінің түнгі шулы жүрістері. “Алдағы демалыс күндері тұрғындар атап көрсеткен учаскелерде патрульдеуді күшейтпекшіміз. Мотоцикл жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар үнемі жүргізіліп тұрады, алайда, олар қатаңырақ шара қолдануды күтуде”, – деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах.
“Халықпен кері байланыс – полицияның барлық бөліністері үшін маңызды қадам. Полиция жұмысындағы басымдылық барлық хабарламаларға, оның ішінде онлайн-форматта шұғыл әрекет ету болып табылады”, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Жақсыбай САМРАТ.