«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

1951 жылдың қысы болатын. Әке-шешем дүниеден өткеннен кейін жездем – Әбу Аяғанұлы мені Петропавл қаласының шетіндегі Вишневка деген жерде тұратын қайын ағасы Мырзахметтікіне әкелді. Жаймашуақ жаз бойы осында болдым. Ол кісі мені қаладағы қазақ мектеп-интернатына оқуға бермекші еді. Бірақ мектеп басшысы бастауышты орысша оқыған балаға білімін қазақ мектебінде жалғастыру қиын болады деп, қабылдамай қойды.

Мұны естіген әкемнің немере ағасы Мұқан мені алып кету үшін ат арбамен келді. Ол кезде қазіргідей тура, тақтайдай тегіс жол жоқ. Мұқан атамның тамыр-таныстары көп екен. Солардікіне тоқтап, торы биемен Көбешке жеттік.
Атамның отбасы мені құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, Орынбасар апамыз (атамның туған қарындасы) өзгеше қуанды. Оның жалғыз баласы соғыста хат-хабарсыз кеткен екен. Майданнан аман оралған ұлын көргендей бәйек болып жүр.
“Іштен Ғаббастың жетім қалған баласы келіпті” деген жаңалық лезде Көбештегі ағайын-жұртқа тарап кетті. Мен орыс мектебінің бесінші сыныбында оқып жүрмін. Сенбі сайын бір үй қонақ қылады, олар марқұм әкемнің бауырмал, кішіпейіл, аққөңіл болғанын еске алады.
Осы елдің молдасы атам Сыздық Бәтейұлының, тұрмысы жақсы болса керек, сол себептен алғашқылардың қатарында кәмпескеге ілігіпті. Болыс болған балдызы Атығай қажының Мырзахметі кәмпескеге жататындардың тізімінен көріп, “Жезде, тез қаш!” деп ақыл береді. Бір күннің ішінде мал-мүлкін ағайын-туыстарына таратып: “Алла бұйыртса, ұрпақтарыма табыс етерсіңдер, болмаса екі дүниеде де сұрауы жоқ!” – деп әйелі мен екі баласын алып, Ресейге өтіп кетеді.
Бұл жолы мені қонақ қылу кезегі Қабдол әкейдікіне жетті. Ол кісі осы мектепте бастауыш сыныпта мұғалім болатын. Сенбі күні үйіне алып келді. Үйде әкесі Базарбай мен әйелі Әктай менімен қадірлі мейман келгендей амандасып, бауырына басып, бетімнен сүйіп, қуаныштарын білдірді. Екі күн осы үйде қонақ болдым. Базарбай атам әңгіме арасында іштегі туыстардың бірін қалдырмай тәптіштеп сұрап қояды, мен білгенімше айтып жатырмын. Не керек, екі күн осылай өтті. Шіркін, сол кездегі қазақтың бауырмалдығы, жетім-жесірге деген шынайы жан жылуы өзгеше еді ғой!
Жексенбі күні түс ауа Мұқан атамдікіне жиналдым. Базарбай ақсақал менің атама әрі немере, әрі бажа болып келеді екен.
– Шери, бері қарай кел, қасыма отыр, – деді ол кереуетті нұсқап. Көрсеткен жеріне отырдым. Енді не дер екен дегендей қарап қоямын. Біраз үнсіз отырды да күрсініп сөз бастады. – Шери, үйдегі мына жиһаздардың бәрі сенің атаңның дүниесі. Баяғыда кәнпескеге ілігіп, бас сауғалап Ресейге кетерде осы мүліктерді маған аманаттап тапсырып еді. Енді, міне, сен жігіт болып қалыпсың, қай уақытта алғың келсе, мен қарсы болмаймын. Мен қартайдым. Аманатты о дүниеге арқалап алып кеткім келмейді, – деді де менен жауап күткендей ыңғай танытты. Бұрын мен бұл жағдайды естіген жоқ едім, не айтарымды білмей, сасып қалдым. Әкеге деген сағыныш жүрегімді қарып өтті. “Жоқ! Ата, бұл дүниелер сіздікі, маған керегі жоқ”, – дедім.
… Бір жыл Көбеште оқыдым да, әкемнің туған інісі – Нұрмаштың шақыруымен сол кісінің қолына келдім. Онжылдық мектепті тамамдағанша осында болдым. Еңбек жолымды Көбеште бастау маңдайыма жазылыпты. Алғаш келгенде көзі тірі, жылы сөз айтып, маңдайымнан сипаған қариялардың көбі бұл өмірде жоқ екен. Базарбай атам да о дүниелік болған. Жарықтық, өмірінің соңына дейін әкемнің дүниесін сол күйінде сақтапты. Бұл, бәлкім, бәзбіреулер үшін айтуға тұрмайтын, болмашы нәрседей көрінуі мүмкін. Өз басым аманатқа адалдық деп ұғындым.

Шериаздан БАШЕЕВ, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp