«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАНАТ ЖҮГІ АУЫР

Тәуелсіздікті жариялау мен оны баянды ету үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алысты болжап, батыл шешімдер қабылдады. Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерде де дипломат, реформатор және нағыз көшбасшы ретінде халқымыздың жүрегінен орын алды. 

Қазақстанның бейбіт аспанында егемендіктің көк байрағы желбіреген жылы шаруашылықтарда, комсомол ұйымында тәжірибе жинақтап, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігін басқарып жүрген болатынмын. Ол жылдардағы экономикалық дағдарыстың салдары хақында аз жазылып жүрген жоқ. Елбасымыздың сындарлы саясатының, қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің арқасында халқымыз талай “тар жол, тайғақ кешуден” өтіп, бүгіндері әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуды алдына асқақ мақсат етіп қойған. Қызылжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют аудандарының әкімі, облыс әкімінің құрылыс, көлік және автомобиль жолдары мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде еліміздің, облысымыздың дамуына қал-қадірімше үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Осыдан үш жыл бұрын облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайландым.

1994 жылдың 1 сәуірінде түрлі деңгейдегі жергілікті өкілетті орган – мәслихаттар құрылды. Желтоқсан айының басында мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Алғашқы бес шақырылымдағы облыстық мәслихатқа екі жүзге жуық депутат сайланыпты. Соңғы алтыншы шақырылымдағы сайлау нәтижесінде 39 азамат халық қалаулысы атанды. Облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымындағы депутаттар корпусы Тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы өтпелі кезеңнің қиындықтарын шешуге атсалысса, одан кейінгі халық қалаулылары бүгінгі күннің түйінді мәселелерін еңсеруге, сайлаушылардың мұқтажын жеңілдетуге қызмет етіп, игі дәстүрді жалғастыруда.
Қоғамдағы демократияландыру процесінде жергілікті өкілетті органдардың және халық билігінің негізгі формасы ретінде мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының маңызы өте зор. Мәслихат – халық сайлайтын, тұрғындардың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың орындалуын қадағалайтын жергілікті орган. Елімізде өкілетті органдарды қалыптастыру – барлық қазақстандық қоғамның дамуымен тығыз байланысты көп кезеңді және серпінді процесс. Бүгіндері мәслихаттар биліктің бір тармағы ғана емес, демократиялық және құқықтық мемлекет құрылысы институтындағы негізгі мемлекеттік органдардың қатарынан көрінуде. Өңір тұрғындары өздері таңдаған халық қалаулысы арқылы туындаған түрлі мәселелерді шешуге мүмкіндік алды. Қазір облыстық мәслихаттың депутаттары өңіріміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне белсене араласады.
Біздің өңір экономикасының басты саласы ауыл шаруашылығы болып табылады. Депутат болып сайланған ірі агроқұрылымдардың басшылары Алтынбек Сапаров, Геннадий Зенченко, Еркебұлан Мәмбетов, Юрий Шоль, Ерлан Алпысов, Иван Фиксель, Сейілбек Махметов аграрлық секторға осызаманғы цифрлық технологияны белсенді енгізуде. Халық қалаулылары өз ауылдарын қамқорлыққа алып, елді мекендердің әлеуметтік дамуын назардан тыс қалдырмайды. Олар “Құтты мекен” жобасы аясында елді мекендерді сумен жабдықтайды, автожолдарды жөндейді, әлеуметтік және тұрмыстық мақсаттағы ғимараттарды салады. Мәселен, халық қалаулысы Алтынбек Сапаров Ноғайбай елді мекенін заманауи ауылға айналдырып, жерлестерінің жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасаған. “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Шоль Заградовка ауылында жабық хоккей қорапшасын, демалыс орталығын, жұмысшылар үйін салды. Облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Мәмбетов Меңгесер ауылында осызаманғы тауарлы-сүт фермасын ашып, 35 жерлесін жұмыспен қамтыды. Халық қалаулыларының мұндай жарқын істері аз емес.
Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаттары есепті кезең ішінде 38 сессия өткізіп, әртүрлі мәселелер бойынша сексеннен астам шешім қабылдады. Халық қалаулылары облыстық бюджетті қалыптастыруға, оның орындалуына ерекше назар аударады. Сайлаушылардан келіп түскен барлық өтініштер сараптаудан өткізілген соң оларды шешу мүмкіндігін қарастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Депутаттарымыз бекітілген кестеге сәйкес ай сайын өз сайлаушыларын қабылдап, олардың мұң-мұқтажы мен өтініштерін тыңдап, аманаттарын орындауға күш салады. Біз осылай алдағы уақытта да сайлаушыларымыздың сенім үдесінен шығу жолында жұмыс істей беретін боламыз.
Елбасымыз “Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз “Мәңгілік ел” боламыз” деген болатын. Тәуелсіздік жолы – қасиетті жол. Ол – халқымыз бастаған, бүгінгі ұрпақ қостаған, Елбасымыз көшбасшылық еткен жол.

 

Владимир БУБЕНКО,
облыстық мәслихаттың хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp