
“Сәлім ақсақалдың ойпаң жыраға түсіп кетіп, мертіккен қамыс құлақты, майда жалды құла биесі енді мал болуға жарамайды-мыс” деген сыбыс алақандай ауылға лезде жайылып кетті. Бұл уақытта ат жалын тартып мінген күннен бастап төрт түліктің кез келгенін союға машықтанған кәнігі қасапшылар – Мәулен мен Бектемір қарияның үйіне жеткен. Көп ұзамай көрші тұратын төрт-бес келіншек ішек-қарын тазалауға жиналды. Олар мал қораға жапсарлас орналасқан шошаланың ішінде қасапшылардың семіз биенің жігі білінбес жуантық қабырғаларын көтеріп жатқанын көрді де, ауыздарының суын құрытып, бір-біріне таңданыстарын жасыра алмаған кейіппен қарай берді. “Қазысы үш елі ме, әлде, төрт елі ме, қыртысы да тәп-тәуір екен, пах, шіркін, соғымға сойып алып, қыс бойы құда-құдағиларыңды, ағайын-туысыңды кезек-кезек омыртқаға шақырып, рахатын көріп жеп жатсаң етті”, – деді көшенің оң қапталындағы жатаған ескі үйде тұратын Рыскүл есімді әйел.
Енді бірі:
– Қанипаға жақсы болды-ау. Балаша баптап отырған биесі ойламаған жерден қазанына түсті”, – дей бергені сол еді, үй ішінен Сәлім ақсақалдың кемпірі шыға келді.
– Түгел жиналып қалыпсыңдар ғой. Міне ыстық су, міне құман, міне қажетті ыдыс-аяқтар. Әңгімені қойып, ішек-қарынды тазалауға кірісіңдер, – деді Қанипа әжей.
Оның қатқылдау естілген сөзінен кейін әйелдер “ләм” деместен жеңдерін түріп, іске бірден кірісіп кетті.
Бұл қазақ ауылы қазығы қағылған күннен бастап ақылшы аға буынның тәрбиесімен өсіп-өніп келеді. Небір нәубетті басынан өткерсе де, тұрғындар татулығына сызат түспеді. Ауылда әлдекімнің қат шаруасы шығып қалса, асарлап көмек беру дәстүрге айналған. Тіпті, біреудің сәбиі ауырып, ауруханаға түсіп қалыпты немесе пәленшенің үйі отын-көмірсіз екен деген сөздің өзі тұрғындарды жайбарақат отырғызбайды. Көрші ауылдар да бұл елді мекеннің бірлігіне, тонның ішкі бауындай ынтымағына қызығып та, кейде қызғанып та қарайды. Елді ауызбіршілікке ұйытып отырған Болатбай ақсақал дүние салғаннан кейін ауылдастардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отыра еңбек етуі осы шаңырақтағы Сәлім ақсақалға жүктелген. Тумысынан қайсар қалыпты, кісіге қолымен, тілімен болсын қиянатын тигізіп көрмеген, біреудің ала жібін аттауды ар көретін ол осы міндетті абыроймен алып келеді. Ақсақалдың әр ісі мен қимылы көрегендікпен тамырласады. Бүгін де солай істеді.
Ішек-қарын тазалап жатқан ауыл әйелдерінің сып-сып әңгімесін де Сәлім қарт тоқтатты. Оның анадайдан бұйыра сөйлеген дауысын естіген әйелдер қозғалмастан отырған күйі отыра берді.
– Мына биенің бір түйір еті қазанға салынбайды. Ішек-қарны түгіл, тұяғы да берілмейді. Еңбектеріңді жемейміз, үйге кіріп, ас ішесіздер, – деді.
Мұны естіген қасапшылар да, әйелдер де “онда неге сойып жатыр?” дегендей, бір-біріне сұраулы жүзбен қарап қалысты. Сәлім ақсақал болса, ауылдағы ет сатумен айналысатын Кәдірбекке биені мүше-мүшесімен тіпті, терісі мен ішек-қарнына дейін өткізіп, пұлын санап алды.
Бұл әңгімені жұртшылық біразға дейін әңгіме қылып айтып жүрді. Арада көп күн өтпестен ақсақал ұлы Нұртасқа әлгі мертіккен биеден тараған бір үйір жылқыны Көкшетау жақтағы бір ауылда тұратын Ерсін деген жігітке апарып беретіндерін айтты. Мұның сырын ел кейін білді.
Сәлім қарт – көргені көп кісі. Бар ғұмырында оның кісі абыройына қол сұққан кезі жоқ. Айналасын жақсылыққа шақырып, шарапатына бөлеп жүреді. Семіз биенің етін әдетінше ауылдағы жарлы-жақыбайларға үлестіріп бермей, сатып жібергенінің, ақшасын көзінің қарашығындай сақтағанының, жылқыларды көрші ауылға айдап апарғанының астарында үлкен мән жатыр.
Ол кезде елулер шамасындағы ел ағасы еді. Көрші ауылдағы жақын жолдасы Майдангер Қанапиянов о дүниеге аттанар күні таңертең жанына шақырып алып, бір құлынды аманаттаған. Ол – Майдангер қарттың шақалақ кезінде жетім қалған жалғыз жиеніне берген бәсіресі. “Сәби ержеткенде өз қолына тапсырарсың, бір қажетіне жаратар. Тапсыра алмасаң, өзің пайдалан. Ақыретте сұрауы жоқ”, – деген. Сәлім сол құлынды бір қылшығын да түсірмей баптады, өсірді, төлдетті, көбейтті. Енді үйірге айналған жылқыны жан жолдасы аманаттап тапсырған жігітке бергелі отыр. Бұл оқиға ауыл тұрғындарының бүгінге дейін жадынан өшкен жоқ.
Көзкөргендердің айтуы бойынша, Сәлім қарт дүниеден озғанда әлгі жігіт бейітінің басына көктас қойыпты. Онда жазылған:
“Жетімді жылатпаған Сәлім аға,
Жұмақтан жай тапсыншы жаның аға!” – деген екі тармақ өлең жолын оқымай кетпейтіндер некен-саяқ көрінеді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.