«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАН БОЛ, АНАЛАРЫМ!

Ауыл – алтын бесігіміз десек те, қазіргі жаһандану заманында қаймақтары бұзылмай, шаңырақтарын шайқалтпай, бұрынғы түтін санын сақтап, бүтін қалғандары шамалы.

“Бәрін айт та, бірін айт” демекші, бүгін атақонысым – Алқағаш ауылында тұратын ақ жаулықты әжелер, алтын құрсақ аналар, апа-қарындастарым мен келіндерім жайлы сөз сабақтауды жөн көріп отырмын.

Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын олардың қатары қалың еді. Әр үйде бері салғанда 5-6 бала болатын. Ал 10 және одан да көп ұл-қыз өсірген Алтынкөз Жұмағұлова, Кәкимә Естанова, Күләй Хамзина, Кәмел Шайжанова, Шамшия Қабдолова, Марияш Кәкімжанова, Күләш Қожина, Шәкет Ділдабаева, Биғайша Жандосова, Кәркен Тасмағанбетова, Мағрипа Бимендина, Ермек Жандосова сынды алтын құрсақ аналарымыздың жөні тіпті бөлек. Кезінде олар “Батыр Ана” белгісімен марапатталды, Үкіметтен тиісті көмек алып тұрды.

Ара-тұра болса да ауылға ат басын бұрып тұрамын. Жаңа жылдың алдында да барып қайттым. Соғым сойылып жатқан кез ғой. Нағыз бал қуырдақтың дәмін таттым. Дәл осы жолы жасымның 60-қа келуіне байланысты қарашаңырақта құрмалдық бердік. Осы отырыстарда төрдегі үлкен кісілердің орындары ойсырап, олардан да кейінгілердің қатары сиреп қалғанын байқадым. Бұрынғы шақырыстарда төрт бөлмелі үйіміз лық толатын, ал осы жолғы қонақтар екі бөлмеде үш табақтың айналасынан аспады. Олардың дені құрбы-құрдастарым, ал үлкендерден қалған батыр аналарым – кіндік шешем Кәркен Ыбырайқызы, он үш құрсақ көтерген алтын жеңгеміз – Кәкимә және “Алтын алқа” иегері – Рақила Шүкенқызы. Осы үшеуі ауылдағы марқұм болған отағасыларын жоқтатпай, қарашаңырақтарын шайқалтпай, бала-шағаларының ұйтқысы болып отыр. Ауылыма жылда келген сайын осы ақ жаулықты аналарымыздың бастарын қосып, суретке түсіріп, баспасөз бетіне шығаруды ойлап жүргенде, көпшілігі бұл фәниден бақилыққа өтіп те кетті. Ештен кеш жақсы деген емес пе, осы жолы ортамыздың сәнін келтірген үш қарияға марапаттарын таққызып, алпысқа толған ұл-қыздары мен келіндерінің ортасында естелік суретке түсуге көндірдім. Ауылымның тамаша бір сәті тарихта қалсын деген ниетпен өзім үзбей оқитын “Солтүстік Қазақстанға” жолдап отырмын.

Қайрат ДҮЙСЕНБІ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp