Үстіміздегі жылдан бастап Қазақстанда жасөспірімдердің және 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшинаның айтуынша, қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету үшін сауықтыру шаралары жүктілік басталғанға дейін прегравидалды дайындық түрінде жүргізіледі.
Прегравидалды дайындық – бұл әйелді жүктілікке дайындау процесі. Ол болашақ ана мен баланың денсаулығын бақылауға, назарда ұстауға бағытталған бірқатар іс-шарадан тұрады.
«Көрсетілетін қызметтердің тізбесі акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес айқындалған. Учаскелік дәрігерлер босану нәтижелерін жақсарту мақсатында жоспарланған жүктіліктен 6 ай бұрын әрбір әйелді тексереді. Қыздар мен жасөспірімдерге де ерекше назар аударылады», – дейді филиал директоры.
Маманның айтуынша, репродуктивті жастағы әйелдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы консультациялық-диагностикалық көмек ала алады. Олар: акушер-гинекологтың кеңесі, көрсетілімдер бойынша генетикаға, В және С гепатитіне тексерілу.
Өңірде 117 мыңға жуық репродуктивті жастағы әйел бар. Биыл солардың 23 375-інің денсаулығын тексеру үшін 134 млн. теңге қаражат бөлінді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».