“Өзін-өзі тану” пәнінің мұғалімі Гүлмира Қиманова мектебімізде “Сыйынар ем Ана деген тәңірге!” тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ол “Бөбек” қорын құрып, жетімдерге жәрдемдескен, “Өзін-өзі тану” пәнін білім бағдарламасына енгізіп, жеткіншектерді ізгілікке баулыған тұлға – Сара Назарбаеваның туған күніне орайластырылды.
Сабақ барысында бар баланың анасына айналған Сара Алпысқызының атқарған еңбектері жайында көрме ұйымдастырылып, оқушылар ол хақында өздерінің жинақтаған мәліметтерін ортаға салды. Сабақта оқушылардың анаға деген махаббатын ояту, оны қадірлеп, қастерлеуге үйрету мақсатында “Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы” деген дәйексөз талқыланды. Оқушылар “Сіздің өміріңізде ананың орны қандай?”, “Баланың анаға деген махаббаты қай кезде басталады?”, “Сіз ананың құшағынан нені сезінесіз?”, “Ана туралы өлең жолдарын білесіздер ме?” деген сұрақтар төңірегінде ойларымен бөлісті.
Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербегендігі сөз болып, оқушылар олардан үзінділер оқыды.
Сабақта көрсетілген “Соқыр ана” фильмі қатысушылардың ішкі жан дүниесіне ерекше әсер етті. Фильм мазмұны сұрақтар арқылы талданып, ұстаз “Өзіммен-өзім” әдісі бойынша баланың анамен қауышу сәтіне релаксация өткізді. Релаксация кезінде оқушылар қандай сезімде болғандарын қағаз бетіне түсіріп, музыканың әуенімен “Аяулы анашым” тақырыбында ой-толғау жазды. Ой-толғауда оқушылар аналарына деген махаббаттарын “Соқыр ана” фильміндегі баласының анасына жасаған әділетсіздігімен салыстыра отырып жеткізді.
Алмагүл СЕРДАЛИНА,
Дәуқара орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Айыртау ауданы.
 
								