Халықаралық әйелдер күніне орай “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында мерекелік іс-шара өтті. Оны көшбасшы партиямен бірлесе отырып облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырды. Іс-шара барысында басқармаға қарасты мекемелерде қызмет ететін көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов кездесу барысында әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.
Бүгінгі таңда облысымызда медициналық-әлеуметтік бағыттағы 8 мекеме бар. Бұл мекемелерде мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның 77 пайызын нәзік жандар құрайды. Солардың бірі – Любовь Байжанова. Айыртау психоневрологиялық интернатында санитар болып қызмет ететін ол – “Алтын алқа” төсбелгісінің иегері. Оның әріптесі Рахима Батырханова – 5 баланың анасы. Саумалкөл ауылының тұрғыны интернатта 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді.
Шараны ұйымдастырушылар көпбалалы аналарға сый-сияпат жасады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
* * *
Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйел затының рөлі, гендерлік саясат және отбасы, ана мен бала мәселелері сияқты ауқымды тақырыптар “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанаты өкілдерінің Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің мәжіліс залында өткізген мерекелік шараның арқауына айналды. Петропавл қаласының білім беру және денсаулық сақтау салаларында табысты еңбек етіп, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген нәзік жандардың басын қосқан жиында айтылған сөздер де, шырқалған әндер де, мың бұралған билер де әйелдерге арналды.
Ананың ыстық жүрегінен ғаламға мейірім мен ізгілік тарайтыны облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының өнерпаз өрендерінің концерттік бағдарламасының әр нөмірінде паш етілді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.