«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАЛАРҒА – ТАҒЗЫМ, АРУЛАРҒА – ҚҰРМЕТ

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Онда өңір басшысы Самат Ескендіров солтүстікқазақстандық әйелдер қауымын күншуақты мерекемен құттықтап, бір топ ардақты анаға “Алтын алқа” мен “Күміс алқа”, еңбек озаттарына облыс әкімінің Құмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

– “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген халық даналығы тегіннен-тегін айтылмаған. “Әйел – отбасының, демек, мемлекеттің тірегі”, – деді Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында. Оны өз өңіріміздің өмірінен де көріп отырмыз. Білім беру саласы қызметкерлерінің 80 пайызы, денсаулық сақтау қызметкерлерінің 70 пайызы – әйелдер”, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық саласында жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандардың атын атап, нақты мысалдар келтірді, дәстүрлі мерекеге орай бүкіл әйелдер қауымына мықты денсаулық, амандық-саулық, жақсылық пен сүйіспеншілік тіледі.

Салтанатты жиында облыс әкімі ҚР Президентінің Жарлығы бойынша жеті бала туып, тәрбиелегені үшін Алла Назароваға “Алтын алқа”, Наталья Гербертке, Гүлден Байболоваға, Мәдина Қалмұратоваға, Мәдина Ыдырысоваға, Шолпан Үсеноваға “Күміс алқа”, бір топ еңбек озаттарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алғыс хатын табыс етті.  

Жиналғандарды Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Мәмбетов, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесі, татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Наиль Салимов, қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Минкаил Дадаев құттықтады.

Салтанатты жиын Мәскеу академиялық драма театтрының танымал әншілері мен облыс өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp